24 қараша күні Алматы қаласында XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кинофестиваль қатысушыларына президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Хатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысының хатында елде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғаны атап өтілген.
«Еуразия» кинофестивалі Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның маңызды мәдени брендіне айналды. Бұл ретте әлемге әйгілі шетелдік киногерлер мен сарапшыларден құралған қазылар алқасына ерекше тоқтала кеткім келеді.
Фестиваль бағдарламасында екі негізгі байқау болды. Халықаралық байқауға Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» иеленген әлемдік киноның аңызы Нури Білге Жейлан жетекшілік етті. Қазылар алқасының құрамында Рано Шодиева (Өзбекстан), Нада Ажари Гиллон (Франция), Артықпай Сүйіндіков (Қырғызстан) және Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) бар.
Ал Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің байқауына қытайлық режиссер Ли Баохуа төрағалық етті. Фильмдерді Абделила Эль Джаухари (Марокко), Алексей Тельнов (Ресей) және қазақстандық продюсер Жанна Қуанышова бағалайды.
Сонымен қатар, қазылар алқасының қатарында Нина Кочеляева (Ресей), Гүлбара Төлөмүшова (Қырғызстан) және Андре Рафаэль Иванов (Франция) бар.
Салтанатты ашылу рәсімі алдында біз қазылар алқасының мүшелерімен бірге ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық. Барлық қатысушылар бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бұл ынтымақтастық қазақ киносының дамуына жаңа идеялар мен перспективалар әкелетініне сенімдімін»,—деді Аида Балаева.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.