Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

117
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды. Тиісті заңға ел президенті Садыр Жапаров қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тыйым 2025 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Осы күннен бастап Қырғызстанға құрамында никотин сұйықтығы бар электронды темекіні әкелуге, сондай-ақ оларды ел аумағында сатуға немесе пайдалануға тыйым салынады.

"Бастама азаматтардың денсаулығын жаңа буындағы темекі өнімдерінің теріс әсерінен қорғауға бағытталған", – делінген ресми хабарламада.

Заңға сәйкес, тыйымды бұзғандарға ауыр айыппұлдар салынады. Жеке тұлғаларға электрондық темекіні пайдаланғаны үшін 100 есептік көрсеткіш, оларды сатқаны үшін – 200 есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл таңайындалады. Ал заңды тұлғалар үшін айыппұл 600 және 650 есептік көрсеткіш мөлшерінде.

Электронды темекілерді заңсыз әкелу де қылмыстық жауапкершілікке жатады. Елеулі көлемде әкелген жағдайда, бір жылға дейін түзету жұмыстарына немесе 1000–1200 ЕК көлемінде айыппұлға тартылады. Көп мөлшерде әкелу жағдайында айыппұл 2000 ЕК дейін өсіп, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Қазақстанда вейптерге тыйым 2024 жылдың 20 маусымынан бастап тыйым салынған. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойған еді.

Пікірлер