Өзбекстан шетелдегі отандастарына арнап Vatandosh картасын енгізді

113
Adyrna.kz Telegram
Фото: uzlidep.uz
Фото: uzlidep.uz

Өзбекстан шетелде тұратын отандастарын қолдау үшін арнайы Vatandosh (Отандас) картасын енгізді. Бұл бастама президент Шавкат Мирзиеевтің 2023 жылдың 20 қарашасындағы қаулысы негізінде қабылданған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы fergana.agency-ға сілтеме жасап.

Өзбекстаннан шыққан, бірақ шетелде тұратын азаматтар Vatandosh  картасын ала алады. Ол визасыз Өзбекстанға кіру сияқты бірқатар жеңілдіктер береді.

Бұл карта шетелде тұратын, бірақ Өзбекстанның әлеуметтік және экономикалық өміріне белсенді қатысып жүрген отандастарды ынталандырудың бір түрі. Ол елдің басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан және қайырымдылықпен айналысатын тұлғаларға беріледі.

Карта бес жылға жарамды, бірақ оның жарамдылық мерзімі ұлттық төлқұжаттың мерзімінен аспайды. Картаны беру туралы шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Үміткерлер Өзбекстан министрліктері мен ведомстволарының ұсынымдары негізінде қаралады.

Картаны пайдаланушылар визасыз Өзбекстанға кіруге, тұруға рұқсатсыз жылжымайтын мүлік сатып алуға, қосымша рұқсаттарсыз жұмысқа орналасуға, Өзбекстан азаматтарына арналған медициналық, білім беру және басқа мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік алады.

Бұл артықшылықтар отандастарға арналған жеңілдетілген карта иелерінің отбасы мүшелеріне де қатысты. Олардың ата-аналары, жұбайы және балалары елден шықпай-ақ визаны бірнеше рет ұзарту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, ішкі істер органдары олар үшін республика аумағында уақытша тіркеуді және оның мерзімін ұзартуды тегін рәсімдейді.

Президент жарлығында атап өтілгендей, Vatandosh картасын енгізу бастамасы шетелде тұратын отандастарды қолдауға және ынталандыруға, оларды тарихи отанымен біріктіруге, елге деген мақтаныш сезімін нығайтуға, ұлттық сана-сезімді сақтауға және олармен тұрақты диалогты кеңейтуге бағытталған.

Пікірлер