БОЛАТ ЖЕТЕКБАЙ: Одақ басшыларының есебін тыңдайтын кез келді

812
Adyrna.kz Telegram
Жазушылар одағы ғимараты бір кезде Қазақ ССР сыртқы істер министрлігі үшін салынған делінеді
Жазушылар одағы ғимараты бір кезде Қазақ ССР сыртқы істер министрлігі үшін салынған делінеді

Ақ сандықты ашсаң,  көк сандық, көгін ашсаң,  сары сандық, оның ішінен де түсі бөлек кішігірім сандықшалар шыға беретін қазақтың ертегісі бар емес пе еді? Сосын әлгі  орыстың матрешкі қуыршағына қараңызшы...

Назарбаев диктатурасы мемлекетті басқарудың сондай пирамидасын  түзді. Ең биіктегі ел президенті мен әлдебір елеусіз мекемедегі басшыны салыстырып қарасаң, көлемі сәйкес келмесе де бейне-бедері ұқсас, тіпті тоғышарлық түр-сипаты, тонаушылық іс-әрекеті бір-бірінен айнымайтын.

Ең ақыры Жазушылар одағының төрағасы да өзін  ергежейлі- назарбаевша  ұстайтын, қазіргілер Тоқаевтың бір түрімін деп ойлайтын болған-ау!..

Қоғамдық ұйым деген аты ғана ғой, шындығында ЖО-ның заты - президентті қолдап-қуаттайтын  биліктің бір тармағы. Қолдамай көрсін, шөміштен қағып, шөлге тентіретіп жібереді!

Соңғы кезде  одағымыз ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір бөліміне айналып кеткендей де әсер бар. Жыбыр-жыбыр бір тірліктер жасалып жатқандай, тегі, оның астарын басшылар ғана біледі, басқалардың (мүшелердің) қатысы жоқтай. Енді не мақсатта екені түсініксіз кадрлар сапырылысы басталған секілді. Дәулеткерей дауы бүгін шығып жатыр ғой, оның мән-жайынан бейхабармыз, сондықтан төрелік айтудан да аулақпыз. Гәп - басқада, әріде.

Қалың қауым үлкен үміт күтіп, сьезде хатшылар құрамына мәжбүрлегендей қылып енгізген Нұржан Қуантайдың бұдан біраз бұрын үн-түнсіз кетіп қалғанын (кетірілгенін?) естіп, таң қалдым. Оу, біз нәғып білмей қалдық?! "Қазақ әдебиеті" газеті мен "Жұлдыз" журналының редакторлары  ауыстырылып, кресло алмасқанда қандай қисын бар?

Жалпы, одақ басшыларының есебін тыңдайтын кез келді.

Р.S. "Тик-токта" бір орыс айтып отыр: "Біз Отан дегенді билік деп түсінеміз. Биліктегілер де солай ойлайды. Жоқ, олай емес. Билік ертең кетеді, басшылар орнынан түседі, өледі, Отан қалады..." - деп.

Жә, біз Одақ дегенді қалай түсінеміз?

Болат Жетекбай

 

 

 

 

 

Пікірлер