Араб тілінде түркі сөздері де көп. Бірақ 70 пайыз емес, әрине. Адам баласының әлмисақтан бері араласып-құраласуы тілдердің өзара ықпалдасуына, туысуына әсер еткен. Бұл - анық жайт.
Ұлы даладан үнді, араб аймағына, кәрі құрлыққа қарай басталған миграция тегі, түбі түркі боп шығатын қауымның ассимиляцияға ұшырауына ықпал етіп отырған. Сөйтіп адамның санасы, салт-дәстүрі, дүниетанымы, түр-келбеті өзгеріске ұшыраған. Тек өзгермейтін құбылыс - жад. Яғни, код. Мен кейде атағы алыстан естілген ғұлама ғалымдардың негізі түркі ме деп те ойлаймын. Менің бұл ойым бар жақсыны меншіктеп алу емес, қисын, "осылай да болуы мүмкін-ау" деген болжамды пайым.
Мұндағы айтпағым: ана бір “уағызшының "қазақ тілінің 70 пайызы арабтікі” дегеніне келіп тіреледі.
Болды енді, жетеді! "Кино аяқталды", жігіттер! Қазақтың жүйкесін жүндей түтіп, қажай берудің қажеті жоқ. Бұдан ары қарай қажала берсе, қазақ ұлтының жүйкесі шыдас бермей, тұтас халық ұсақталып, тобырға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан дәстүрлі БАҚ-тан бастап барлық әлеуметтік платформалардан сандырақ сөз бен сұхбаттарға заңды түрде тиым салынуы керек. Дін жайында сөйлесе, дін білгірлері, теологтар ғана сөйлесін. Ютуб пен Тиктоктан шығып алып, лағып отыратындардың ауздарын жапқан абзал. ҚМДБ ұсыныс жасасын, тиісті орындар тиісті шараларды қолға алсын. Әйтпесе, мұның ақыры, жаман айтпай жақсы жоқ, сұмдық болады.