АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ: Құдайдан да күшті болып уақытты сырғыта салдық

1476
Adyrna.kz Telegram
Сурет: aikyn.kz
Сурет: aikyn.kz

Құдайдан да күшті болып уақытты артқа бір сағат сырғыта салдық.

Енді қыс түсті. Кей өңірде күн төрттен аса батады. Бестен аса қараңғы түседі.

Екінші ауысымда оқитын балалар мектептен жетіден аса шығады. Бұл кез тым қараңғы. Оқушының амандығына, қауіпсіздігіне қиын боп тұр.

Енді не істейміз?

Бізде бәрін шеше салатын бір жаман үрдіс бар.

- Мектепке бала сыймай жатыр не істейміз?

- Сабақ уақытын қысқартып үш ауысымды жасаңдар!

- 45 минутты 40 минутқа түсірдік. Мәселе «шешілді».

- Бүгін мереке ғой. Не істейміз?

- Бір екі сабақты қысқарта салыңдар.

- Балалардың сабағы біткенше түн болып кетіп жатыр, не істейміз?

- Сабақ уақытын қысқарта салыңдар!

- 40 минутты 30 минутқа түсірдік. Мәселе шешілді.

- Міне, мәселенің шешу жолын тауып үйреніңдер. Жоқ жерден проблема туындатпай.

Көп жерде мәселенің шешу жолы осылай қалыптасты. Қазір кей мектептің бір академиялық сағаты 45 минут, кей мектепте 40 минут. Енді мына сағаттың жылжығанымен 30 минуттық ете салайық деген ұсынысты көріп кәдімгідей шошып отырмын. Бұл педагогикалық ұстаным, педагогикалық заңдылық қайда?

Өткенде неге 40 минут деген сұрағыма біреу 5 минуттың не ары берісі бар, оқитын бала 15 минутта да оқиды депті. Ех, сөйтіп оқу жылын да кесіп тастап едік.

Айналайындар, оқу бағдарламасы жоспарланғанда әр сабақ 45 минутқа лайықталады. Әр сабақтың салмағы, жүгі 45 минутқа арналады. Мұғалім үшін 5 минут түгілі 5 секунд та қадірлі һәм қымбат. Мұғалім 5 минутта өте үлкен мәселелерді шешіп үлгереді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» дейді. Әлде Ұлт ұстазының ұстанымы да ойыншық па?

Уақытты шегерген қателікті оқушының білім алу уақытын қысқартумен шешпеңдерші, өтініш!

Балалар, толық, лайықты, сапалы білім алу керек!

Аятжан Ахметжанұлы

 

 

 

Пікірлер