Қазақстан Норвегия құрамасынан жеңілді. Черчесов пікір білдірді

994
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ҚФФ
Сурет: ҚФФ

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының соңғы ойынында Норвегия құрамасынан 5:0 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Топтық кезең нәтижесінде Норвегия құрамасы 13 ұпай жинап, 1-орынға шықты. Қазақстан болса, алты ойынның барлығында бірде-бір гол соға алмай, жалғыз ұпайды өз алаңында Норвегиямен өткен матчта тең ойнау арқылы алды. Осылайша отандастарымыз С дивизионына түсіп қалды.

Қазақстан Ұлттар лигасының биылғы маусымында В деңгейінде ойнады. Жеребе тартқанда Қазақстан құрамасы Австрия, Норвегия және Словениямен бір топқа түскен болатын.

17 қарашада Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов Норвегиямен өткен матч туралы пікірін айтты.

«Осы маусымда қателік жібермей өткізген жалғыз ойынымыз Алматыдағы Норвегияға қарсы шығар. Соның арқасында ұпай еншіледік. Барлық ойында қателіктерімізден гол жібердік. Бүгін де болмайтын жерден қателік жіберіп, гол өткіздік. Иә, қарсыласымыз мықты, қысым көрсетті, бірақ қысым ештеңені білдірмейді. Жігіттер тырысты, сол үшін оларға алғысымды айттым, бірақ бұндай қателіктерден келесі маусымда құтылуымыз керек.

Биыл өзі осындай сәтсіздікке толы жыл болды, келесі жылы басынан бастауымыз қажет. Жеребені күтіп, келесі жылға дайындаламыз», – деді бапкер.

Пікірлер