Таэквандо пайғамбары – мюнхендік Мұстафа. Тірі болғанда жетпіске толар еді...

785
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақтың мақтанышы, әлемдік деңгейдегі таэквандо шебері Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толып отыр. Спорт тарихында өшпес із қалдырған тұлға туралы кейбір естеліктерге шолу жасадық.

1980 жылдары Кореядағы Чонжу университетінде білім алып, таэквандодан қара белбеудің 6-дәрежесіне қол жеткізген Мұстафа Өзтүрік спорттық мансабын Түркияда бастады. Ол бірнеше рет әлемдік жарыстарда жеңіске жетіп, Еуропа мен Азияның үздік спортшылары қатарынан табылды.

НЕГЕ «ӨЗТҮРІК»?

1990 жылы Мұстафа Өзтүрік алғаш рет тарихи отаны Қазақстанға келді. Бұл тек спорттық оқиға ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен руханиятына жаңа серпіліс әкелген айтулы сәт болды. Өзтүрік елге тек спортшы емес, ұлттық рухтың символы ретінде оралды. Ол Қазақстанда таэквандо федерациясын құрып, мыңдаған жас спортшыға жол көрсеткен. Несіп Жүнісбаевтың спортшының көзі тірісінде ол туралы «Мұстафа Өзтүрік» кітабын жазды. 1992 жылы шыққанан кітабында ол былай дейді:

«Мен Мұстафа жайлы алғаш Батыс Германияның Кельн қаласынан келген қазақ жігіті Ғанидан естідім. Алыстағы ағайындарыныц арасына келгенде ақ көңілденіп, аузын ашса көмейі керінетін жандай, Ғани да бар білгенін, бар көргенін лапылдап айтып жатыр. «О, біз де қара белбеу буынған каратэшіміз, — деді ол менің спортқа бір табан жақындығым барын білген кезде, каратэге қызығатын жігіттер болса жинап беріңізші, жекпе- жекке түсейін, тәжірибе алмасайық. Рас, мұндай өнердің пайғамбары мюнхендік Мұстафа ғой. Оның Германия мен Түркияда өз мектебі бар. Айтпақшы, таяуда Мұстафа елге келеді деп жатқан...» - деп жазады Несіп Жүнісбаев.

Ол спортшымен алғаш танысқан кездегі сәтті де сипаттап өткен.

«Менің атым – Мұстафа, әке жағынан – Өзтүрікпін. Түркия қазақтары бір-біріне лақап ат қояды. Өзтүрік деген – солар берген есім. Түркиядан Қытайға, Жапонияға, Кореяға, Тайваньға оқу іздеп қаңғырдық... Таэквондоны сол Тайваньда жүргенде үйрендім. Қазір Мюнхенде тұрамын. Келіндеріңіз – қазақтың қара көз қызы, үш баламыз бар. Мұстафа осылай қысқа қайырды,» - делінген кітапта.

2007 жылы 18 қаңтар күні «Алматы ақшамы» газетінде журналист Думан Анаш Мұстафа Өзтүріктің отбасы мен өмірі туралы жазды.

«...Ел басына күн туған алмағайып заманда ауа көшкен бұл елдің біраз бөлігі Қытай елінің Шыңжан өлкесіндегі Шағантоғай ауданында тұрады. Ал Мұстафаның әкесі Кәбен қария елден айрылған бір ру қазақтың жолбасшысы болып, Түркия асқан екен. Жас шағында түрік палуандарын бет қаратпай жеңе бергесін, түрік бауырлар өз іштеріне тартып, «Өзтүрік» атап кетіпті деседі. Меккеге барып Қажы Кәбен атанған Мұстафаның әкесімен белгілі ғалым Халифа Алтайдың өзі үзеңгі дос болған екен. Яғни, Мұстафаның біздің ауданның кішігірім ауылдарының өзін қалдырмай дәм татып, үлкендерге сәлем беріп келе жатқаны ата басқан топырақты кие тұтқаны екен. Бірақ дәл сол уақытта бізге мұндай ой тіпті келмеген...» - делінген мақалада.

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАПАЙЫМ БАЛАСЫМЫН»

2014 жылы 27 қараша, бейсенбі күні «Түркістан» газетінде Мұстафа Өзтүрік туралы көлемді дүние жарық көрген.

«Алты дүркін әлем чемпионы атанған Мұстафа: «Мен Ұлы қазақтың қарапайым ғана қара баласымын», - деген сөзінен жарыс төрінде де, қарпайым өмірде де танған емес. Міне, Мұстафадан қалған осы ғибратты сөзін көзін көрген, тәлімін алған жандардың бәрі де аңыз қылып айтып жүр. Айтыла бермек», - деп жазды журналист Жәнібек Ғалым.

Журналист Қайнар Олжайдың «Мұстафа Өзтүрік туралы тұңғыш мақаласы» да көлемді болып, «Жетісу» газетінің №72 санында басылып шыққан.

Газеттің 2016 жылдың 28 маусым күнгі шығарылымда:

«Бұл күн дәл сенбіге түсіп калды. Сенбіде тілшілердін бәрі демалыста. Сондықтан баспасөз отырысына өзім бардым. Кездесу орталык комитеттің мәжіліс залында өтті. Иманғали Тасмағанбетовты танимыз, ал онымен бірге кірген қара торы жігіт - бейтаныс бізге. Сөйтсек, ол Мұстафа Өзтүрік екен. Таэквондо деген спорт түрінің бар екенін біз сол кезде алғаш рет естідік. Содан мынандай қызық жағдай орын алды. Мұстафа өзінің басынан кешкендерін, қайда оқығанын, қандай деңгейге көтерілгендігін айтып отырып, Тайванда, Түркияда, Германияда таэквондо киімімен түскен, жүлде алып тұрған бірнеше суреттерін журналистерге көрсетті. Қолдан-қолға өткен суреттер менің алдыма да келді. Көріп болған соң түрлі түсті бір суретін алып қалдым да, қалғанын өзгеге жылжытып жібердім. Өйткені мақаланы газетке суретпен берсем деген оймен отырдым. Баспасөз мәслихаты сонында қажетті сауалдарымызды қойдык. Мұстафа тек казакша жауап берді, тілді өте жатық біледі екен. Шетелде ондай қазақ жігітінің барына, жеткен жетістігіне таңғалдық...» - деп жазған Қайнар Олжай.

КІСІЛІК КЕЛБЕТІ

«Әдебиет айдыны» газетінде 2006 жылы 14 желтоқсанында Мұстафа Өзтүріктің адамгершілігі туралы мақала берілген. Нақтырақ, 6-7 беттерде спортшыға қатысты:

«Мұстафаның адамгершілік қасиеттері де жан- жақты ашылады. Әңгіме барысында 13 жасар қыз бала ауыр науқасқа шалдыққан ата-ана Мұстафадан көмек сұрай келеді. Қыздарын Еуропаға емдеткілері келетінін айтады. "Баланың ата-анасы Мұстафамен қездесуден жылап шықты. Бірақ бұл қуаныш жасы, ризалық жасы еді". Мұстафаның бойындағы кісілігі Аллаға ғана бас иген, пенденің бәрін тең көрген нағыз мұсылманның көрсетер мінезі. Кеудесін көкке көтермей, орнын білетін ердің ісі», - делінген.

Айта кететін жәйт, спортшы туралы жақсы сөздің бәрі оның көзі тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да жалғасын тапқан. Спортшы тірі болса, бүгін де 70-ке толар еді.

Оның өмірінің соңғы күндері жайлы айтылған деректерге қарағанда Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 11 наурыз күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксингтен жарысты тамашалауға барады. Жарыс аяқталғаннан кейін Мұстафа өзін жайсыз сезінеді де, дәрігер шақырады. Дәрігерлер Мұстафаны Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасына жатқызады. Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 15 наурыз күні осы ауруханада қайтыс болады.

Туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Стамбулдағы Гүнешлі ауданындағы зиратқа өзінің әкесінің жанына жерленген.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер