Сафураны жазықсыз айыптау тоқтатылуы керек

2201
Adyrna.kz Telegram

Біздің елде өз ісіне берілген, адал адамдар “ақ қарға” сияқты, жылдар бойы қалыптасқан дағдыға сай келмей, жеп үйренгендерге кедергі келтіріп, “дұрыс жұмыс істетпей” қоятын сияқты. Солай екеніне күн сайын  көзіміз жетіп келеді. Осының салдарынан Жаңа Қазақстанда жақсы жағына өзгереміз бе деген үміт те бірте-бірте сөніп бара жатқандай. Соның бір айғағы ұстаз деген аттың синонимі  іспеттес, мықты, креативті менеджер, өз саласына жан-тәнімен берілген Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегінің басына түскен жағдай.  

Ұзын сөздің қысқасы, Сафура ханым басқаратын ұжымға қатысты антикор “мемлекет қаражатын жымқырыпты-мыс” деген желеумен іс қозғап жатыр екен дегенді естігенде, бүкіл ел сенер-сенбесімізді білмей, мүмкін емес деп едік.      Ол іс бойынша көктемде Сафура Сейдуалиқызы өзі хабарласып, құқықтық кеңес сұраған болатын. “Сіздің тарапыңыздан заңсыздық жоқ қой,  сыйақылар  үнемделген қаржыдан берілсе” деген едім. Адалдығына шүбәм болмағандықтан, тексеру біткесін, істің тоқтатылатынына күмәнім болмап еді. Біздің атышулы антикорға ақ адамды қара ету түк емесін қанша  көрсем де, дәл осы кісіге қиянат жасалады деп ойламаған екенмін.

 Ал енді бұл іс не іс? Неден басталды? Сафура Сейдуалиқызына не айып тағылып отыр? Бір себеп — басқарманың үнемделген қаражатынан басқармада істеген аздаған маманға сыйақы берілген екен.  Сол заңсыз әрекет ретінде  танылыпты. Шын мәнінде бұл мектептің, балабақшаның, колледждің немесе аудандық, қалалық білім бөлімдерінің қаражаты емес, басқарманың қызметіне, басқармадағы қызметкерлердің еңбекақысына берілген қаражаттың үнемделген бөлігі. Басқарма ашылған бетте ол жақта кадр толық жиналмаған, алғашқы айларда екі адам, алты адам жұмыс істесе, сегіз-тоғыз айға дейін мамандардың тек елу пайызы қабылданған. Бұл жаңа облыстардың барлық басқармаларында болған жағдай екен. Олай болса, антикордан бастап жаңадан құрылған барлық департамент, басқармалардың сыйақыларын да заңсыз деп бағалау керек еді ғой. 

Жақында Сафура ханымның қоғамдық қорғаушысы болып жүрген әпкесі де маған құқықтық кеңес  алу үшін хабарласты. Бюджет саласында тәжірибесі мол болғандықтан, ол кісі көп құжаттарды өзі де талдаған. Сол әпкесінен іске қатысты жалпылама ақпаратты естіп, таңданбасқа шара қалмады. Түсінгенім, Сафура ханымның турашылдығы, талапшылдығы, адалдығы біреулерге  жақпай қалған сияқты. Олай деуіме негіз де  жоқ емес. Ол басқарма басшылығына бара сала жұмысын алдымен жалған дипломдармен жұмыс істеп жатқан “мұғалімдерді” анықтап, тазалаудан бастайды. Оннан астам адамның үстінен жалған құжат үшін тиісті органда іс қозғалып,олар  жұмыстан шығарылады. 

Одан әрі  Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сафура Төлектегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментіне, (қысқаша антикорға) өзі хат жазып, білім басқармасына қарасты барлық мекемелерге тексеру жүргізуге бастама көтереді.Адал басшы осылай жұмыс істеуге тиіс еді. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдағыдар бұлай  ойламайды екен. Осының салдарынан Сафураның осы қадамы  ақырында өзіне таяқ боп тиген сияқты.

Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегіне қатысты іс туралы тағы бірер сөз.  2022 жылдың күзінде облыстық антикордың жауапты қызметкері Сафура Сейдуалиқызына бір ұсыныс айтады. Жаңа облыстың құрылуына байланысты антикордың орталық аппаратынан облыстық департаментке бұрын қолданылған автокөліктер беріледі. Облыстық антикордың жауапты қызметкері Сафура ханымға сол  автокөліктерді колледждердің балансына алу туралы өтініш айтады. Сондағы оның уәжі қолданылған көліктерді облыстық антикор өз балансына алса, кейіннен орталық аппарат көлік саны жеткілікті деп жаңа көлік сатып алуға ақша бөлмейтіндігі. Әрине,    Сафура ханым «көліктер білім ұйымының балансына берілсе, сәйкесінше ол колледжге жүргізуші штаты қосылады, жанар-жағар майға, сайманына, автомойкаға қаржы бөлінеді. Сондықтан, қай колледж балансқа алса, сол колледж қолданады» деген. Бірақ, антикор көліктерді колледж балансына қағаз жүзінде қойып, іс жүзінде өздері қолданғысы келіпті. Осы әңгіме екі рет қозғалса да, Сафура ханым келіспейді. Бірақ бұл  басқа басшы тарапынан қолдау тапқан сияқты. Өздеріне жайлы жағдай жасау үшін, бекітілген лимиттен артық көлік алу үшін облыстық антикордың өзі  бар көлікті «жоқ» деп көрсеткісі келеді. Бұл жемқорлық емес пе? Заңсыз әрекет жасау туралы ұсынысты батыл түрде айта алатын антикордан бұдан соң  қандай әділдік күтеміз?

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі лимитке сай Ұлытау облысының антикорындағы көліктерді тексеріп, орталықтан берілген көлік пен жаңадан сатып алынңан көліктеріне бір ревизия жасап шықса дұрыс болар еді. Қай уақытта қай мекеменің балансында болғанына дейін назар аудару керек.

Өкінішке орай, жоғарыда айтылған проблемалар тексерушілердің назарынан мүлдем тыс қалған.    Өзінің өскен жеріне адал ниетпен барған адам қазір бірнеше айдан бері үйқамақта отыр. Істі тергеу барысында Сафура ханымның бұрынғы орынбасары (ол да күдікті деп танылған) өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты.

Сафура ханыммен әріптес болған, ол кісіні танитын адамдар, халық оның адалдығына шек келтірмейді. Сафура Сейдуалиқызының әлеуметтік желідегі  парақшасын бір шолып шығудың өзі ол кісінің өмірлік ұстанымын айқын көрсетеді.Бірақ  Сафура Сейдуалиқызының әпкесінің айтуына қарағанда, антикор қызметкерлерінің тарапынан болып жатқан түрлі процестік бұзушылықтардың кесірінен сотқа дейінгі тергеу  созылып, Сафура ханымның алты айға жуық заңсыз қамауда отыр.   Сауатты, адал, батыл болғандықтан, үйқамақта отырса да, қорғаушыларымен бірге антикордың негізсіз шешімдерімен табанды түрде күресуде. Әділдік салтанат құрып, өз ісінің шынайы жанашыры, адал жан  ақталуы керек. Бұл тек Сафураның ғана емес, елдегі заңдылықтың жеңісі болады.

Лаззат Ахатова,

қоғам белсендісі, адвокат

Пікірлер