Бүгін – Республика күні

1085
Adyrna.kz Telegram
Фото: qazaq.today
Фото: qazaq.today

Бүгін – Республика күні. Бұл дата 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдаған күнмен тікелей байланысты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Совет одағы құрамындағы Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Онда «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы - егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады» деп атап көрсетілді.

Құжатта «Қазақ ССР-інің Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалатыны» айтылған. Декларация бойынша, Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi «Республика iшiнде, сондай-ақ Одақтық шартта белгiленген шеңберде» дербес, толық болуға тиіс еді. Дегенмен онда кейбір өкілеттіктің Мәскеудегі орталықпен ақылдасып шешілетіні де атап көрсетілген. «Қазақ ССР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi ССРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады және Қазақ ССР Жоғарғы Советi бекiтедi» делінген құжатта.

Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған күн, 25 қазан кейін 1995 жылы 18 қазанда «Республика күні» ретінде аталды.  2001 жылы қабылданған заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні атаусыз қалды.

2022 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайтадан аталып өте бастады, ал 16 желтоқсан әдеттегідей Тәуелсіздік күні болып қалды.

Пікірлер