Алматы әуежайында қатты жел мен нөсер жаңбырға қарамастан, Душанбеден ұшып келген жолаушылар ұшағы апатты жағдайда жерге сәтті қонды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.
kris_p_almata Instagram парақшасында жарияланған бейнежазбада ұшақтың қону сәті түсірілген. Жолаушылар желіге жүктеген кадрларда үрейлі сәттерді бастан өткергенін байқауға болады. Қатты желмен шайқалған ұшаққа қарамастан, ұшқыш әуе кемесін басқарып, жолаушылардың аман-есен жерге түсуін қамтамасыз етті.
Желі қолданушылары ұшқыштың кәсібилігі мен батыл әрекетін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіруде. «Нағыз ерлік», «Ұшқышқа алғыс», «Құдай сақтаған» деген пікірлер жиі жазылуда.
Айта кетейік, бұған дейін де осындай оқиғалар орын алған болатын. Өткен жылдың соңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Баку–Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Көз жұмғандардың қатарында қазақстандықтар да болды.