"Балаңның жанынан көріңді қаза бер". Марқұм Шерзат Болаттың әкесін қорқытып жатқаны айтылды

2024
Adyrna.kz Telegram

Талғардағы қайғылы оқиғаға байланысты марқұмның әкесін белгісіз біреулердің қорқытып жүргені айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұлысмедиа мәліметінше, Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова ұлы Қаржаубай Нұрымовқа біреулер хабарласып, қоқан-лоққы жасап жатқанын хабарлады.

"Балама қоңырау соғып, «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп қорқытып жатыр. Бізге көмекке адам керек. Келген әкімдерге де, журналистерге де айтып жатырмын. Көршілер үйіңізге адамдар кірген деп айтып жатыр. Есікті ашып, кірген, аралап жүрген, бірақ ештеңе алмаған дегенді айтты. Көршілер қарауылда отыр. Балалар қорқып, «үйге барайық» деді. Мен «жоқ, баламның қырқы өтсін, мәселені біржақты етіп алайық, қатарласып жатсақ та осы үйде болыңдар» дедім. Рұқсат бермедім. Соның арқасында олар аман қалды.

Бір көршім «тәте, кеше сағат 5-те жұмысқа кетіп бара жатқанда нөмірсіз екі «Мерседес» көлігі көшені айналып жүрген, сосын кетіп бара жатқан соң сіздерді шошытпайын деп айтпадым. Таңертең қайтып келе жатсам, сол көліктер тағы тұр екен. Жоғары органдарға айтпадыңыздар ма адам берсін деп» деді. Міне, үй өртенді, балам өлді. Содан кейін ғана күзетуге есігіміздің алдына патруль көлігін берді. Оған дейін үкіметіміз қимылдауға болатын еді. Менің таңғалатыным, олардың (қылмыс жасаған адамдардың – ред.) үйіне, көшесіне патруль көлігін беріп қойыпты. Бізді шабуылдайды деп. Үкімет солардың сөзін сөйлеп тұрған сияқты", - дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

Айта кетейік, Талғарда кісі қолынан құрбан болған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.

Пікірлер