Ұрып-соғып, алып қашқан. Қазақстандық азамат бұрынғы әйелін ұрлап әкеткені үшін айыпталды

779
Adyrna.kz Telegram

Абай облысының Жарма аудандық соты бұрынғы әйелін ұрлап кетті деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сот отырысы барысында сотталушының бұрынғы әйелінің үйіне барғаны және сонда екеуара жанжал туғаны анықталды. Ер адам бұрынғы әйелінің бетінен жұдырықпен ұрып, ұялы телефонын сындырған, содан кейін әйелді соның көлігінің жүксалғышына итеріп салып, ұрлап кеткен.

Прокурор соттан жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданбағандықтан, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1-бөлігі «Адам ұрлау» бойынша жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші сотталушыны кешіретінін айтып, қатаң жаза қолданбауын сұрады.

Сотталушының өзі істеген ісіне өкініп, болған оқиғаға қаймығатынын айтып, соттан бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.

Сот іс материалдарын зерделей келе, ер адамды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеуге үкім етті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер