Димаш феномені

8998
Adyrna.kz Telegram
фото: Алдияр Шонаев
фото: Алдияр Шонаев
Димаш - ұлт мақтанышы, жаһандық, ғаламдық тұлға. Құбылыс (Феномен). Қалай әспеттесек те, қалай мақтансақ та, қалай мақтасақ та жарасады. Димаш оған әбден лайық. Оның бойындағы сан түрлі асыл қасиеттерге қарап, тіпті бөгде ғаламшарлық деп ойлап қаласыз. Біз әдетте кемшілігі көп пендені көреміз. Ал Димаш бойындағы асыл қасиеттерімен аталмыш пенденің жаңа һәм кемшіліксіз пенде бейнесін ашқандай. Күллі әлемге рухани әсер беріп, әнімен ғаламды біріктіріп отырған жұдырықтай баланың қазақ топырағынан шыққанына қалайша қуанбасқа?! Терең түсініп, түйсінген әр қазаққа оның өзі зор бақыт, үлкен қуаныш!
Димаш күні кеше Астанадағы ең үлкен “Астана аренада” екі күн қатарынан “Stranger tour” атты концерт берді. 35 мың адамнан екі күнде 70 мың көрерменді оңай жинады. Оған қоса 80-нен астам елден 10 мыңға жуық шетел жанкүйерлері келді. Димаш он күн қатарынан концерт берсе де, халық та соншалықты жиналатын тәрізді. Халықтың жалықпай, қайта-қайта келеріне еш шүбә жоқ. 7 тілде ән шырқалған концертте жанкүйерлер де қалыспай сол тілдерде қосыла ән айтты.
Ғаламат дауысы
Әр концерті 3 сағаттан артық болды. Алайда халыққа ол да аздық етті. Себебі Димаштың әрбір туындысы мінсіз, мағыналы. Иә, оның әндерін “ән” деп айтуға келмейді. Бірінен-бірі асатын ғаламат шығарма. Сағаттап үздіксіз ән салса да, дауысының кем кеткен тұсы болған жоқ. Ауыр шығармаларды еркін орындауында оның тылсымға толы ерекше қабілеті мен көмейінің сырлары жатыр. Оның дауысындағы шексіз мүмкіндіктер тыңдарманды терең эмоцияға бөлейді.
Жан-дүниені тербейтін қасиеті
Димаштың мінсіз дауысы жан дүниеңіздің ең қатпарлы терең түкпірін баурайды. Әсіресе, көптеген шетелдік жанкүйерлердің терең тебіреніспен отырғанын байқадым. Алыстан жеткен әнсүйер қауым өкілдері көп-ақ. Қоларбада әрең демалып, тіпті, демігіп, жылап отырған жанды да көзім шалып қалды. “Кейбір қатерлі аурулар Димаштың концертіне барып жазылып кетіпті” деген әңгіменің негізі бар екен.
“Шын жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді” демекші, Димаштың жүрекпен тебіреніп ән шырқайтыны әрбір сахнаға шыққанда оңай аңғарылады. Атүсті ән айту деген атымен жоқ. Әр әнді айтқан сайын жанын жеп, ішкі тұңғиық түкпіріндегі сезімдерін тыңдарманға шебер жеткізеді. Әннің әрбір нотасын махаббатпен, сезіммен өрнектейді.
Кішіпейілдігі
“Өнер адамы қанша биікке көтерілсе де халықтан биік емес.” Димаш мемлекет қайраткері Қонаевтың осы сөзін жиі айтады. Айтып қана қоймайды, ұстанады. Әкесінің де “Балам, мен сені қадірлесін десең халықтың алдында кішіпейіл бол. Себебі сен халықтан ешқашан биік тұрмайсың” деген сөзін әр сахнаға шыққан сайын есіне алады. Басы жерге жеткенше халыққа иіліп тағзым етіп, өнерін құрметтеп келгені үшін алғыс айтады.
Сымбатты кескін-келбеті
Димаш - өте көрікті жігіт. Сахналық киімінде, шаш үлгісінде үлкен талғампаздықтың ізі байқалады. Димаштың қою қара қасы, қыр мұрыны, жазық маңдайы, ат жақты келбеті, сұңғақ бойы саханада ән салғанда одан сайын әрлене түседі. Жарасымды қимыл-қозғалыстары да мінсіз мүсінін нұрландырып, дүйім елдің алдында жарқыратып тұрады.
Сахнадағы еркіндігі
Димаш сахна үшін жаралғаны анық. Құдды киелі сахнаның төл перзенті дерсіз. Фонограмма қолдану Димаштың табиғатына жат дүние. Сондықтан да болар ән салғаннан кейінгі ентіге сөйлегені өзіне жарасып-ақ тұрады. Сахнада өзін еркін әрі шынайы ұстағаны сонша би билеп жүріп аяқ киімі ұшып кетті. “Келесі жылы да киемін деп бір өлшемге үлкендеу алғанмын” деп, әзілдеп елдің ішек-сілесін қатырды. Биік сахнада ұшпа-ұш тұрған операторға Димаш “былай тұрсаңшы” деп құлаудан сақтап қалғаны ел аузында тарап жүр.
Халықпен де кері байланыс жасай біледі. Тыңдармандарға хормен ән айтқызып, шетелдіктерге минуттар бойы “Қазақстан, жасасын!” деп ұрандатқызу оның - керемет әдісі. Тыңдармандарды оң және сол қанатқа, ортаға бөліп өзара жарыстыратыны тағы бар. Бір байқағанымыз, өз қаракөз қазақтарымызға қарағанда Димаштың шығармаларын шетелдіктер жатқа біледі екен. Димаш қай тілде айтса да қосылып, әндете береді. Бұл әлемнің қазақ тілді үйренуіне үлкен үлес қосып жатқанын атап өту керек.
Би өнері
Шапшаң қозғалып би билегені кейде аңыз тұлға Майкл Жексонды еске салады. Бірақ Димаштың биінде өзіндік мәнер, ерекшелік бар. Пластикалық қимыл-қозғалыспен өте көп тер төгіп, еңбектенгені көрініп тұр. Бишілер тобы да әбден дайындықтан өткен. Әр композицияға өзінше бөлек би, бөлек киім үлгісі әзірленген. Димаш билеп жүріп, бірнеше мәрте көкке көтеріліп, қалықтап жүріп те, жүріп бара жатқан көліктің түр-түріне мініп, каскадерлық қойылымдар кезінде де өз дауысымен ән шырқады. Қимыл-қозғалыстар вокальдық қабілетіне әсер етпей, жоғарғы нотаны еркін алды.
“Әлемді махаббат құтқарады”
Димаш Құдайберген ресми түрде БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі. Өнер майталманы концертінде соғысты айыптап, әлемді тек бейбітшілік әлдилегенін қалайтынын баса айтты. “Қаншама елде болдым. Небір керемет, жақсы адамдарды көрдім. Жаман ұлт деген болмайды екен” дейді Димашжан. Сол ойын “The story of one sky” (Бір аспан тағдыры) композициясы арқылы жеткізе білді. Бұл шығарма бейбітшілік, бірлік және адамзаттың өзара байланысы туралы маңызды ойды жеткізеді. Шекаралардағы мәдениет пен айырмашылықты еңсеріп, біртұтас әлем болуды көздейді. Әннің мәтіні махаббат, қақтығыс, жоғалту және үміт тақырыптарын қозғайды. Ол соғыс пен адамдар арасындағы бөлінуді тоқтатуға шақырады. Әлемдік ынтымақтастық пен түсіністікке шақырып, ұлт, нәсіл, сенім айырмашылықтарына қарамастан, барлығымыз бір аспан астында өмір сүріп жатқан үлкен отбасы екенімізді еске салады. Осыдан кейін Димашты қалай ғана адамзаттың ортақ тұлғасы деп ұлықтамайсыз?!
Шабыт сыйлап, жігер береді
Димаштың концертіне барғандар міндетті түрде шабыттанып қайтады. Жәй ғана кездесулердегі сөйлеген сөзін талайлар тамсанып айтып жүреді. Оның әрбір сөзі философияға толы. Студенттермен де, мектеп оқушыларымен де кездесіп, кеңесін, ақылын айтып жатады. Талай жастың Димаштан шабыт алғанын көрдік. Ал енді кешегі өткен концертінде жарты сағатқа шыдамайтын кісілер үш сағат бойына аяғынан тік тұрып, рухтанып билегендерін де аңғармады. Шығармашылықта, кәсіпте, өмірде Димаштың әндерімен күш-қуат алып, қанаттанып жетістікке жеткендер жетерлік.
Еңбекқорлығы
Бірде Астанадағы өнер ордасында Димашпен бірге оқыған Хәкім есімді замандасы “Димаш өте еңбекқор студент болды. Оқу орнына ерте барып, кеш қайтатын. Тынымсыз, үздіксіз дайындалатын” дейді. Димаш көптеген музыкалық аспаптарды меңгерген, билейді, шет тілдерін де жақсы біледі. Әр жанрда ән шырқайды. Мұның бәрі қажырлы еңбектің нәтижесі. Үздіксіз дамуға ұмтылатын тұлғаның жарқын мысалы деп айтуға болады. Сол толассыз еңбектің жемісі көз алдарыңызда!!!
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауы
Димаш туған тілінен, салт-санасынан, тарихы мен мәдениетінен жеріген қазақ жастарын өз тамырына қайта оралтуға зор қызмет етуде. Қазақ қана емес, қаншама шетелдіктерді қазақша сөйлетіп жүр. Өзі “Қазақ тілі” қоғамының құрылтайшысы.
Кешегі концертінде домбыра мен қобыз тарихын ағылшын тіліне аударылған бейнероликтерді халық назарына ұсынды.
Оның қазақ тіліне, мәдениетіне, төл тарихына деген құрметі әрбір сөзінен айқын білініп тұрады. Ол өзінің концерттерінде 7 тілде ән орындайды. Бірақ қазақ тіліндегі әндерін шетелде де қалдырмай, өзге ұлттарға айтқызады. Шетелде берген бір концертінде “Ат айналып қазығын табады. Қанша жерден өзге тілде сөйлеп жатсам да, сіздерге өз тілімде сөйлеп, қазағымның атынан бір тағзым етемін” деген сөзі әлеуметтік желіде тараған еді. Бұл тілге деген құрметі.
Димаш жақында халықаралық деңгейдегі танымал Euronews телеарнасына сұхбат берді. “Менің мақсатым - ақша тауып баю немесе коммерциялық мақсат емес, қазақ тарихы мен мәдениетін бүкіл әлемге таныту. Қазақ болғаныма мақтанамын. Әрбір қазақ домбыра тарта білуі керек. Домбыра - біздің ұлттық аспабымыз” депті. Димаштың өзі домбыраның құлағында ойнайды. Құрманғазының әйгілі “Адай” күйін дауылпаз күйшілердей күмбірлетеді.
Димаштың “V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының” салтанатты ашылуында ән шырқап, соңында екі күн қатарынан төрт сағаттап концерт беруі - ұлт, мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінуі. Елімізде болған халықаралық деңгейдегі шараға қосқан орасан зор үлесі. Димаштың концертіне 80 мемлекеттен 10-15 мың шетелдік қонақ келген екен. Олар құр қайтпай, қазақтың, жалпы көшпелілердің бай болмысын, табиғатын, тарихын, мәдениетін, ұлттық спортын көзбен көріп, көңілмен түйіп қайтты. Осылайша, Астананың төрінде бұрын-соңды болмаған ауқымды шара өтті.
Осындай жауапкершілікті сезіне білетін ұлттың ұлын, әлемдік өнерпазды тәрбиелеп өсірген ата-әже мен әке-шешеге де қалай риза болмайсыз?!
Әжесінің баласы
Димаш концертте өз әжесі мен нағашы әжесін орнынан тұрғызып ел алдында алғыс айтты. “Ешкім өздігінен мықты болмайды. Мамамның (Әжесін “мама” дейді) аяғы ауыратын. Ол аяғының ауырғанына қарамастан мені күн сайын музыкалық мектепке тасыды. Мен сол үшін осы күні шексіз алғыс айтамын” деп дүйім жұрттың алдында рахмет айтты. Бақытты әженің толқып, үмітінің артығымен ақталғаны үшін айрықша қуанып тұрғаны сезілді. Ата-әжелер тәрбиелеген перзенттің қандай боларын бүкіл әлемге әйгілеп, дәлелдеп бергендей.
Айтпақшы, Димаш осы бір әжесіне деген ризашылығын Euronews арнасындағы сұхбатында да айтыпты.
Түйін:
Текті ұл өз тамырын ұмытпайды. Қазақтың жас қыраны қанатын қомдап, әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл - Димаш құбылысы, Димаш феномені. Ғаламдық руханиятқа қосқан қазақ баласының өзіндік айшықты қолтаңбасы. Димаштың болашағы одан әрі жарқырап, даңқы көтеріле берсін дейміз! Асқар биігі ешқашан аласармасын! Ол – қазақтан шыққан ұлы тұлға, адамзаттың ғажайып өкілі!
Арман Серікұлы,
“Адырна” ұлттық порталының жетекшісі
Пікірлер