Қарағандыда есірткі саудасымен айналысқан екі жүкті әйел ұсталды

973
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда екі жүкті әйел есірткі саудасымен айналысқан. Олар синтетикалық есірткіні көлікпен тасымалдаған, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің мәліметінше, есірткі тасымалдаушылардың бірі Қарағандыдан шамамен 20 шақырым жерде ұсталды. Оның көлігінің жүксалғышынан екі келіден астам синтетикалық есірткі табылған. Тергеу барысында әйел тыйым салынған заттарды еліміздің оңтүстік облыстарынан әкелгенін мойындады. Полиция екінші курьерді дәл қаланың ортасынан ұстады. Оны тінту барысында синтетиканың үлкен партиясы табылды.

"Екеуі де ауқатты отбасынан шыққан, табысы бар. Біреуінің балалары көп. Жағдайларына қарамастан, олар "жеңіл" ақшаға желігіп, ақыры бас бостандығынан айырылды. Олар сотталып, 10 жылға дейін қамауға алынды” делінген ПД мәлімдемесінде.

Биыл жыл басынан бері есірткі таратумен айналысқан 53 адам ұсталғаны айтылды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері облыста ақпараттық ресурстар арқылы есірткі сату бойынша 71 қылмыстық іс қозғалса, оның 40-ы граффити арқылы жарнамалауға қатысты болғаны аталды. Полиция қабырғадағы мұндай жарнамамен белсенді күресіп жатыр: жыл басынан бері 10 мыңға жуық есірткі граффитиі жойылды.

«13 қыркүйекте біз есірткінің таралуына қарсы күрес және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шара өткіздік, оған мыңнан астам адам қатысты, төрт мыңнан астам есірткі граффитиі боялды, үш мыңнан астам ескертпелер және буклеттер таратылды, граффити арқылы есірткіні жарнамалаудың қандай түрі болмасын 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз», - деп толықтырды полицияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін, Қазақстанда Ішкі істер министрлігі жанынан Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылғаны хабарланған болатын. Есірткі қылмысымен күрес жөніндегі қазіргі бөлім жаңа басқарма болып өзгертілді.

Пікірлер