Польшадағы АҚШ базасы жоғары дайындық қалпына келтірілді

1050
Adyrna.kz Telegram
Фото MATEUSZ SLODKOWSKI / AFP
Фото MATEUSZ SLODKOWSKI / AFP

Ресей СІМ Батысты шиеленісті күшейтті деп айыптады, ал Польша СІМ бұл жағдайдың себебі Мәскеудің қауіп-қатері екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы golosameriki.com-ға сілтеп.

Бейсенбі күні Ресей Польшадағы АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс базасында әскери дайындық деңгейі артты деп мәлімдеді. Ресей бұл әрекет ядролық қауіптің жалпы деңгейін жоғарылатуы мүмкін екенін ескертті.

Варшава болса, Мәскеуден келетін тұрақты «қорқыту әрекеттері» НАТО-ның қорғаныс қабілетін арттыру қажеттілігін дәлелдейтінін айтты.

Балтық теңізінің жағалауына жақын Редзиково қаласында орналасқан Польшадағы база 13 қарашада ашылды.

«Бұл – Америкалықтардың және Солтүстік Атлантикалық альянс серіктестерінің стратегиялық саладағы тұрақсыздықты тереңдететін кезекті арандатушылық әрекеті», – деді Ресей СІМ өкілі Мария Захарова. «Бұл стратегиялық тұрақтылықты бұзып, ядролық қауіп деңгейінің артуына әкеледі», - делінген мәлімдемеде.

Польша СІМ өкілі Павел Вронский базада ядролық зымырандар жоқ екенін және оның тек қорғаныс мақсатында қолданылатынын атап өтті.

«Бұл база қорғанысқа қызмет етеді, шабуыл жасауға емес», – деп жауап берді Вронский. «Мәскеудің қауіп-қатері Польша мен НАТО-ның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейту қажеттілігін көрсетеді және бұл мәселе АҚШ тарапынан мұқият қарастырылуы тиіс».

Редзиководағы америкалық база НАТО-ның Aegis Ashore деп аталатын кең ауқымды зымыранға қарсы қалқанының бөлігі болып табылады. НАТО мәліметінше, базадағы жүйелер қысқа және орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды ұстап қалуға қабілетті.

«Батыстық әскери нысандардың сипаты мен деңгейін ескере отырып, Польшадағы бұл база жойылуы мүмкін нысандар тізімінде ұзақ уақыттан бері тұр. Бұл міндет заманауи қарудың кең ауқымын қолдану арқылы қажет болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін», – деді Ресей өкілі Захарова.

НАТО-ның зымыранға қарсы қалқаны Польша мен Румыниядағы нысандарды, сондай-ақ Испаниядағы АҚШ ӘТК эсминецтерін және Түркиядағы ерте ескерту радарын қамтиды.

Сол күні Ресей Украинаға құрлықаралық баллистикалық ракетаны (ҚБР) алғаш рет қолданғаны хабарланды.

21 қарашаға қараған түні Украинаға жасалған шабуыл ядролық қаруды қолданбай жүзеге асырылған.

Еуроодақтың сыртқы саясат қызметі бұл факт расталса, Ресейдің құрлықаралық ракетаны қолдануы қақтығыстың шиеленісуіне әкелетінін мәлімдеді.

Пікірлер