«Бізде жұлдыз жоқ». Қазақстан - Норвегия ойыны қалай өтті?

1226
Adyrna.kz Telegram
фото: коллаж adyrna.kz
фото: коллаж adyrna.kz

Футболдан Ұлттар лигасындағы Қазақстан мен Норвегия арасындағы кездесуі тең аяқталды. Қос құраманың жанкүйерлері тартысты ойынның куәсі болды.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойынның билеттері бір күнде сатылып кеткені хабарланған еді. Алайда бұл ойында да 2 мың мен 10 мың теңге арасында тұратын билеттерді «пысықайлар» алып, матч күні бағасын аспандатқан еді. Дегенмен, 19:00-де басталған матчты қызықтауға келген билеті бар жанкүйер 20:00-ге дейін қақпа алдында тұрған. Бұл туралы «Адырна» тілшісі хабарлады.

«Ойын нәтижесі Норвегияның жеңісімен аяқталады» деп болжаған спорт сарапшыларының ойы орындалмады. Алаңға жиналған көрермен де Норвегия құрамасында ойнап жатқан "Манчестер Ситидің" топ шабуылшысы Эрлинг Холландтың көп гол соққан ойыншы атанады деп сенген еді. Бірақ Қазақстан құрамасының спортшылары қарсыластың добын қақпаға кіргізбеді.

ОЙЫН ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?

Ойынның алғашқы бөлігінде шеттен келген қонақтар гол салуға бірнеше рет оқталды. Норвегиялық Феликс Мюрет қақпа маңдайшасынан қайтты. Кейіннен көрермен көзайымына айналған Эрлинг Холландтың бағыттаған добы штангаға тиіп, екінші матчта да есеп ашылмады.

Қазақстан құрамасы атынан алғашқы минуттан бастап шетелдік клубтарда ойнап жүрген спортшыларымыз: Нұралы Әліп, Бактиер Зайнутдинов, Рамазан Оразов, Абат Айымбетов сынды алаңға шықты. Құрама үздіктері болған Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен, Абзал Бейсебеков және жарақатына байланысты Максим Самородов қосалқы құрамда қалды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовойын барысында спортшыларды алмастырғанымен қарсыласқа ешкім гол салмады. Ойын нәтижесі тең болды.

БАС БАПКЕР НЕ ДЕЙДІ?

Ойын аяқталған соң Ұлттық құраманың бас бапкері Черчесов БАҚ өкілдеріне пікірін білдірді.

- Біз жаңа жолды – Ұлттар Лигасы ойынын бастадық. Бұл басқа деңгей, бізге әр ойын маңызды. Біздің міндетіміз - әр ойынға дайындалу, қарсыластарымызға қарсы шығу және олардың кемшіліктерін іздеу. Жігіттерді бастамасымен құттықтап, бес деген баға бере аламыз. Шабуылдаушылықпен әлі де жұмыс істеуіміз керек, - деді Черчесов.

Ал команда капитаны Асхат Тағыберген қарсыластардың соққысын тоқтату қиын болғанын айтты.

- Бізде жұлдыз жоқ, біз ұжымбыз. Әрине, тең нәтиже жақсы нәтиже, бірақ біз өз алаңымызда одан да жақсы нәтиже көрсете аламыз. Одегаард пен басқа ойыншыларға қарсы тұру қиын болды, бірақ бір ойыншы бәрін шешпейді дейді. Иә, деңгей жоғары, бірақ біз бірлескен күш-жігердің арқасында қарсыласты тоқтаттық. Бүгінгі қолдау жоғары деңгейде болды, жанкүйерлерге рахмет, – дейді Тағыберген.

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов Норвегиямен өткен Ұлттар лигасының ойынынан (0:0) кейін өзінің Instagram парақшасында жанкүйерлеріне арнап, үндеу жасады.

«Жанкүйерлеріміздің керемет қолдауына рақмет!» - деп жазды Зайнутдинов.

ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР

Танымал блогер Ерқанат Бөкей ойын нәтижесінен соң Ұлттық құрамаға алғыс айтып, желідегі парақшасына видео жариялаған. Оқырмандар түрлі пікір жазып, ойынды қызу талқылап жатыр. Дамир есімді желі қолданушысы:

«Ал, жарайсыңдар бауырларым, аяқтарың ауырмасын», - деп жазған.

«Англиямен ойнаған сияқты, тең есепке қуанатын сорлымыз ба?» - деп Малика есімді азамат пікір қалдырған.

Белгісіз есімді оқырман: «Тек Зайнутдинов, Вороговский, Нұрәлі мен ойын соңына қарай Сомородов қана ойнады», - деп жазған.

«Жарадыңдар балалар, өте жақсы ойын болды», «Алтын спортшылар», «Жарайсыңдар, үздіксіңдер» деп пікір қалдырған оқырманның саны көп.

Енді 9 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Люблянада Словения құрамасымен кездесетін болады.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер