Қазақстан - Норвегия. Матч алдындағы мәселелер

1231
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - футболсүйер қауым үшін маңызды күн. Себебі Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан мен Норвегия құрамасы кездеседі. 

6 қыркүйек күні 19:00-де басталатын ойын үшін қала ішінде үлкен кептеліс түсте басталды. Одан бөлек, Алматы әкімдігі жасыл алаңда өтетін ойын көрермендеріне үндеу жасады. Әкімдік пен спорт басқармасы көрерменннің билетте көрсетілген уақыттан ерте жиналуын сұрап, хабарлама жолдаған.

«УЕФА Ұлттар Лигасының матчы 6 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді. Стадионға кіре берісте кезек пен халық көп жиналмас үшін, жанкүйерлерді стадионға ойын басталуына екі сағат қалғанда келулерін сұраймыз», - делінген хабарламада.

Билеттер бір күнде сатылды

Қазақстан - Норвегия Ұлттар лигасы матчы тікелей трансляция арқылы Qazsport арнасында да көрсетілмек. Алайда құраманың жанкүйерлері мен алып сатарлар билеттерді жаппай сатып алған. Билеттерге ашық сатылым басталғаннан-ақ онлайн сату сайты 20 сағаттан соң істен шыққан. Билеттер кассаға жеткізілмегені туралы да ақпарат тараған. Ал 5-6 қыркүйек күндері кассаға билет сұрай келген адамды алып сатарлар күтіп алып жүр. Онлайн жүйелерде де билет бағасы 3 есеге шарықтаған.

 «Билет сатамын, бағасы 30 мың теңге», «Норвегия – Қазақстан ойынына билеттер 20 мың» деген жылтыр жарнама барлық желіде жүр. 

Ал ресми сайтта билеттің бағасы 2 мың мен 10 мың теңге арасы деп көрсетілген. 

«Норвегия үшін қиын болмақ»

Sport.kz сайтына сұхбат берген қазақстандық футбол маманы Алмас Құлшынбаев матч Норвегия құрамасының еншісіне шешілуі мүмкін деп болжады.

«Мен командалардың жеңіске жету мүмкіндігін Норвегия құрамасының пайдасына 60-40 пайызға дейін бағалаймын. Бірақ матчтың нәтижесіне климат, ауа-райы және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Оның үстіне бұл Қазақстан үшін Черчесовтың жетекшілігімен эмоционалды фон қосатын алғашқы ойын. Бұл Норвегия үшін өте қиын матч болмақ. Біздің команданың кем дегенде жеңіліп қалмауға толық мүмкіндігі бар. Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары Қазақстанда ойнау барлығына қиын екенін көрсетті», - деді маман.

«Ұлттық құраманы қолдауға келесіңдер ме, әлде Холландты көруге ме?»

Бас бапкер Черчесов Станислав пен Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген кеше БАҚ өкілдерінің басын қосып, ойын алдындағы есебімен бөліскен еді. 

«Астана болсын, Алматы болсын, бұл Қазақстан ғой, біздің еліміз. Мұнда табиғи шөп бар, Алматыда өз артықшылықтары бар, Астанада өзінікі. Қай жерде болмасын біз жеңіске ұмтыламыз. Бұл ойынға барынша дайындалып жатырмыз және ертең бар күшімізді саламыз», – деді Тағыберген.

Сондай-ақ,  қазақстандықтар қарсы команданың ойыншылары елге келгенде күтіп алып, Холландқа ерекше ықылас танытқан еді. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ұлттық құраманың капитаны жанкүйерлерге де ескерту айтты.

 «Норвегиялық ойыншылардың тәжірибесі ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Біз өз ойын мәнерімізді көрсетеміз. Маған көптен бері хабарласпай кеткен адамдар хабарласып менен ойынға билет сұрап жатыр, мен оларға: Сендер ұлттық құраманы қолдауға келесіңдер ме, әлде Холландты көруге ме? деймін. Сондықтан, біз үшін жанкүйерлердің қолдауы маңызды » – деді Қазақстан құрамасының капитаны. 

Қазақстан мен Норвегия арасындағы матч бүгін, 6 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер