Қазақстандықтарға Бангладеш Халық Республикасына бармауға кеңес беріледі, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
«Бангладеш Халық Республикасында қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін бұл елге барудан уақытша бас тартуды ұсынады», - делінген хабарламада.
Үндістандағы Қазақстан елшілігі қазіргі уақытта Бангладеште жүрген Қазақстан азаматтарын аса қажет болмаса тұрғылықты жерінен шықпауды, күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауды, қырағылық пен сақтық танытуды, жаңалықтарды қадағалап, биліктің ұсыныстарын орындауды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланыста болуды сұрайды.
Қосымша және уақтылы ақпарат алу үшін Бангладеште орналасқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың Қазақстандағы туыстары үшін шұғыл байланыс желілері ашылғаны хабарланды.
Еске сала кетейік, Бангладеште студенттер наразылығы көтеріліске ұласып, қазіргі таңда 135 адам қаза тапты.