Лукашенконың лепіруінен соң. Қазақстан министрі Беларусь елшісін шақыртты

1754
Adyrna.kz Telegram
фото: ҚР СІМ
фото: ҚР СІМ

Беларусь президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Беларусь Елшісі Павел Утюпинді шақыртып, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси бағытының тиімділігін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Министр Қазақстанның БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбіт сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге еліміздің мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушілікті саяси және дипломатиялық жолдармен шешуді дұрыс санайтынын жеткізген.

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Беларусь Республикасының Елшісі Павел Утюпинмен кездесуі барысында Қазақстан-Беларусь екіжақты деңгейдегі, сондай-ақ көпжақты ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Министр Қазақстан БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті. Еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді. Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті" делінген министрлік мәлімдемесінде.

Айта кетсек, бірнеше күн бұрын Беларусь президенті Александр Лукашенко «Россия» телеарнасына берген сұхбатында посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерді Ресейге «тұтынушылық көзқарас ұстанады» деп айыптады.

Ол Ресей мене Беларусьтің бір қайықта отырғанын айтқан.

«Егер қайық аударылып кетсе, Ресей де, Беларусь те суға батып кетеді. Біз кейбір посткеңестік мемлекеттеріміз сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз. Олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ орнына ештеңе бермейді», – деп сынады Лукашенко.

Пікірлер