Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер

3366
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Бүгін, 15 тамыз – қазақ даласын әнмен тербеткен вальс патшасы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Белгілі сазгер 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген.  Оның музыка өнерінде орны ерекше 300-ге жуық әні бар.

«Ана туралы жыр»-дың 25 нұсқасын жазған

«Ана туралы жыр» әнінің дүниеге келуіне анасының мезгілсіз дүние салуы себеп болды. Бұл туралы Шәмші «Анам баласының қызығын көре алмай, өмірден өтті. Осы менің жаныма қатты батты. Сондықтан ол кісіге арнап бір әннің 25 вариантын жаздым. Ең соңында қазір өзім орнындағалы тұрған нұсқасына тоқтадым»,-дейді.

«Ақ бантик» - тойға тарту еткен ән

Бірде сазгердің Қаражан Әбіләзимов есімді досы шаңырақ көтереді. Оның жұбайы жаңадан мектеп бітірген балауса қыз екен. Осыны арқау етіп, сазгер «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, жастардың тойында тарту етеді.

«Қайықта»

«Қайықта» әнінің шығу тарихы да қызық. «1957 жылы жас композиторлардың әндерінен республикалық байқау өтетін болды. Бірде ақын Н. Әлімқұлов екеуміз Алматыдағы Горький паркіне көл жағасына демалуға бардық. Көл бетінде екеу – екеу жарасқан жастар қайықпен тербеле жүзіп жүр. Осы бір әсем көрініс көңілге ән ұялатып, өмірге «Қайықта» әні келді»,- дейді сазгердің өзі.

«Осы әнім болашақта гимн болады»

Ал еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін жазғанда Шәмші 26 жаста еді. Алғашқы орындаушысы - Жамал Омарова. Бұл ән көпшіліктің көңілінен бірден шығады. Шәмші де бір сөзінде «Осы әнім болашақта гимн болады» деген екен. 1986 жылы желтоқсаншыларға ерекше рух берген, олардың ұраны болған ән 50 жылдан кейін Қазақстанның әнұранына айналды.

Айта кетейік, композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

Пікірлер