Президент Тоқаев Теміртаудағы Қармет зауытына жыл сайын келіп тұратынын айтты

1340
Adyrna.kz Telegram
фото: Ақорда баспасөз қызметі
фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды ​​облысына жұмыс сапары Теміртаудағы «Qarmet» металлургиялық зауытын аралаудан басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп. 

"Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Qarmet» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.

"Қабылданған стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді" делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі.

Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер