Ақтауда ер адам әйелді ұрып, мұрнын сындырғаны туралы ақпарат тарады

2127
Adyrna.kz Telegram
Фото: Lada.kz
Фото: Lada.kz

Ақтаудағы жағажайлардың бірінде ер адам әйелді ұрып, мұрнын сындырғаны туралы БАҚ беттерінде ақпарат тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Lada-ға сілтеп.

Жеке жағажайлардың бірінде құрбысы, әпкесі және баласымен демалып жатқан тұрғынға белгісіз ер адам шабуыл жасаған көрінеді. Жәбірленушінің сөзінше ол ауыр жарақат алған.

"Олар бізді видеоға түсіріп, күлді. Әпкем оларға ұрысып, жанжал шықты. Ол кезде мен баламен отырғанмын. Сосын жағдайға араласып, оларды тыныштандыру үшін жандарына келдім. Сосын алдымнан мас ер адам шығып, бетімнен ұрды. Жерге құлап, мұрным сынып, бетім қанға боялды. Ол сонда да тоқтамай ұра берді", - дейді әйел.

Оқиға болған сәтте шапа шектім деген әйелдің әпкесі жұдырық ала жүгірген ер адамды бейнеге түсіріп алғанын айтады.

"Ол оның телефонын тартып алып, теңізге лақтырып жіберді. Ал қасында тұрған жігітке көліктен мылтық әкелуді бұйырды. Осыдан кейін полиция шақырдық. Сосын ол кетіп қалды", – дейді жәбірлендім деген әйел.

Қыз ауыр жарақат алып, ауруханада бір апта бойы жатқанын айтты.

"Денсаулығыма айтарлықтай зақым келді. Мұрын сынған, ұзындығы 4,5 сантиметр кесілген. Меніңше оның қолында өткір зат болған сияқты. Алайда полицейлер оған жеңіл айып тағып отыр. Менің ойымша, тергеу дұрыс жүргізілмеді. Осы уақыт ішінде ол кешірім сұрамады және істеген ісіне өкінбейтін көрінеді", - дейді ол.

Қазір қызға қол көтерген күдікті анықталғанын айтады.

"Адырна" ұлттық порталының тілшісіне "ұлыма жала жапты" деген ақпаратпен Ақтау қаласының тұрғыны хабарласты. Әйел ұлының қызды ұрмағанын айтып, БАҚ-қа жалған ақпаратты таратпауды сұрайды. Әйелдің сөзінше,"жәбірлендім" деп айып таққан адамға ұлы қол көтермеген. Одан бөлек, екінші тарап "жәбірленуші"  әйелдің мас күйде болғанын айтады.

"Болмағанды болды қылып, ақ дегеніңе қара жоқ қылып халыққа айтып отыр. Бұл оқиға 06.08.24 жылы “Достар” теңіз жағалауында орын алды. Жігіттің анасы, әпкесі және балалары демалуға келеді. Олар демалыс аймағында жалға берілетін әткеншекті жалдайды да, кезегі келгенше күтіп отырады. Уақыты келіп әткеншекке барса, үш мас күйдегі әйел кісілер кезекті сақтамай жанжалмен отырып алады. Жігіттің анасы мен апасы ерегіс туындатпау үшін олардың түскенін күтеді. Уақыты біткесін екі әйел кісі орынды босатады. Бірақ, мына видеодағы әйел орынды босатпай тағы да жалдаймын деп ұрыс шығарады.
Өз орнын сұраған тарапқа балағат сөздер айтып, былапыт сөздерін жаудырады. Жігіттің анасы видеоға түсіріп, әткеншекті босатуын сұрайды. Видеодағы әйел адам өзінің әпкесіне болған жайтты айтады. Ол кісі бізге келіп видеоны “неге түсірдіңдер?-деп ұрыс шығарып, жігіттің әпкесін шашынан тартып суға тұншықтырады. Араша түскен жігіттің анасын итеріп құлатып төбелес бастайды. Оны көрген жігіт жағалаудан жүгіріп келіп айырмақшы болады. Сол сәтте видеодағы әйел ол жігіттің бетінен екі рет ұрып боқауыз сөздерімен жігіттің ашуына тиеді. Ашуға берілген жігіт әйелге қол көтеруге мәжбүр болады. Сосын екі әйел жігіттің анасына тағы қол көтеріп денесіне зиян келтіреді. Сол сәтте балалар жылап мазасызданған соң тезірек кетуді ойлайды. Сонда да ұрысты тоқтатпай видеоға түсіріп “кетпейсіңдер”-деп артынан қалмайды", - деп жазылған жігіттің анасы таратқан хабарламада.

Әйел адам "балам бізді қорғамақ болды, ол жұдырықпен ұрып тастамасын деп бөліп алып кеттім" дейді.

Істің қалай өрбіп жатқаны әзірге белгісіз.

Пікірлер