Тәуелсіз толқын. «Жаяуman» жиһанкездің жаһанды шарлау қадамы

1591
Adyrna.kz Telegram
фото: коллаж adyrna.kz
фото: коллаж adyrna.kz

Ел арасында «Жаяуman» есімімен танылған қарағандылық марафоншы түрлі жерлерді жаяу кезіп, бірнеше елді шарлап өтті. Қазақстан ішінде екі трипте мыңнан аса шақырымды жүріп өтіп, Түркия мен Грузия елін 1111 шақырыммен жалғаған отандасымыз саяхат барысында кезіктірген қиындықтары мен қызықты оқиғаларын бөлісті. Толығырақ «Адырна» материалында.

Асхат Қажытай – Қарағанды облысы, кешегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары дүниеге келген Ақтоғай өңірінің тумасы. Балалық шағы Қызыларай тауының баурайында өткен тау тұлғалы азамат, табиғатты сүйіп, бала күнінен жаяу жүруді сүйіп, әдет қылғанын атап өтті.

«...БӘРІ ОСЫЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ»

- Асхат мырза, әлемді жаяу аралау туралы идея қайдан туды? Жаяу саяхат құру әуелден қалыптасқан әдет па еді?

- 2000-жылдары әкемнің жұмысына байланыста басқа ауылға көштік. Сол кезде Ақсораңмен қимай қоштастым. Жасым 11-12 шамасында болатын. Сол сәтте “Ақсораңым, мен саған жаяу болсын қайта келемін” деп бала көңілмен уәде бергенім есімде. Сол уәдемді 2021 жылы орындадым. Алғаш рет Қарағандыдан Ақсораңға дейін 7 күн ішінде 333 км жаяу жүріп өттім. Марафон соңында теңіз деңгейінен 1565 метр биіктіктегі Ақсораң шыңына шығып, ту тіктім. Бәрі осылай басталған еді. Идея сол бота тірсек балалық шақтан бастау алған. ‎

 - Жаяу саяхаттау кезінде болған ең ұмытылмас немесе ерекше оқиғаңыз қандай болды?

- Осы уақытқа дейін үш үлкен жаяу ультрамарафонын бағындырдым. Әр марафон өзінің ерекше оқиғаларымен есте қалды. Ұлытау сапарында Жаратушы иеміз жер шарын перделермен бөліп тастағанына көзім жетті. Бұл өзі бір тылсым оқиға. Осы күзде шығатын “Жаяудың жазбасы” атты жолсапар кітабымда бұл туралы кеңінен баяндайтын боламын. Алла Тағала маған тылсым дүниелерді көруге, білуге мүмкіндік берді деп ойлаймын. Түркия мен Грузия елдеріндегі сапарым таулар мен туннельдерімен есте қалды. 20-дан астам туннельден өттім. Туннельдердің кейбірі 2 шақырымға дейін созылып жатыр.

«СЕН ЖОЛҒА ШЫҚ, ЖОЛ ӨЗІ АПАРАДЫ»

- Қандай елдер мен жерлер сізге ең үлкен әсер қалдырды және неге? Қанша елді араладыңыз?

- Негізі биылғы сапарым алдымен футболдан Еуропа чемпионаты өтіп жатқан Мьюхеннен Олимпиада өтетін Парижге жаяу бару еді. Жалпы - 1111 км. Бұл сапарға 1 жыл физикалық-психологиялық тұрғыда дайындалдым. Испанияға виза алдым. 7 шілде күні Астанадан Франкфурт арқылы ұшып, Мадридке келдім. Испания астанасында Еуропа ауа райына бейімделіп, аэропорттан әйгілі «Реал» командасының стадионы Сантьяго Бернабеуге дейін 33 км жаяу жүріп барып қайттым.

Бір сөзбен айтқанда соңғы дайындығымды пысықтадым.

Сосын Мадрид-Измир-Мюнхенге ұштым. Форс-мажор осы жерден басталды. Маған ұшаққа билет алған қыз визаның толық жағдайын түсінбей, қателескен екен. Мұны біз Измирге қонып, келесі ұшаққа беттеп бара жатқанда бірақ түсіндік. Аэропорт қызметкерлері «сіз Мюнхенге ұша алмайсыз» дегенде төбемнен жай түскендей болды. Болмайтын жерден арманымның күл-талқаны шыққанын түсіну қиынға соқты. Сөйтсек, мен шенген виза аймағынан шығып кетіппін. Бұл рейс Мюнхенге бағыталғанымен, аяғым Түркия топырағын басып қойғандықтан келесі ұшағыма міне алмадым. Тіпті Германиядағы қазақтар Мюнхенде өтетін Франция-Испания арасындағы футбол матчына да билет алып қойған еді. Осылайша Еуропаға сапар 1-2 айға шегерілді.

Жаяу саяхаттаймын деген мақсат құрған соң өзімді елге «Жаяуman» деп таныттым. Қазақша «жаяу адам» деген мағынаны береді. Жоғарыда айтқанымдай бастапқы жоспарым Мюньхеннен Парижге бару еді. Алайда билеттің қате алынғанына байланысты визам күйіп кетті. Кейіннен Түркиядан өзіміздің Түркістанға дейін құрған маршрутым бар еді. Жобам «Анадолыдан-Атажұртқа» деп аталады. Қазір сол жобамды бастап кеттім. Қазіргі таңда Анкарадан Батумиге 1111 шақырым жүріп өттім. Биылға өзім Түркия мен Еуропаға саяхатты жоспарлаған едім. Шүкір енді, біреуінен өттім. Визаны қайта қарастырып, реттеген соң, алдағы уақытта Еуропаға оралатын боламын.

- Жаяу саяхаттау кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз және оларды қалай еңсердіңіз?

 - Саяхаттағанда көлікпен жүрсең көп нәрсе білінбейді. Жердің бедері, биіктігі, ойлы-қырлылығын сезіне бермейсің. Ал жаяу жүргенде кейбір биік жерлерде тауға шыққандай боласың. Ең бірінші Қарағандыдан Ақсораңға дейін жүргенімде Шет ауданының маңында арқа тауларын еңсергендей болдым. Сол кезде жолдың қиындығы және ауа-райына байланысты кедергілер сезілді.

Ал шетелде бірінші рет жүргендіктен өзің ойлағандай бола бермейді. Түркияда Қара теңіздің жанынан өткенімде өте биік жерлермен жүрдім. Теңіз деңгейінен аса биік жерлерде қысым да, шілденің шіліңгір ыстығы да, шаршау да сезілді. Десе де, арнайы дайындық пен тәжірибенің арқасында қиындықтарға дес бермей жүріп өттім. «Сен жолға шық, жол өзі апарады» демекші, сол сөзден үлкен медет алып, алған бетімнен қайтпауға тырыстым. Ең бастысы мінез керек. Психологиялық дайындығың мықты болу керек. Күтпеген форс-мажорларға, ойламаған кедергілерге тап боласың. Соның бәріне сабырлықпен шыдай біліп, сағыңды сындырмай өту де оңай іс емес. Сапарымда желіде ұдайы бөлісіп отырамын ғой. «Мені елім қарап отыр» деген сенімнің өзі одан сайын жігерлендіреді. Бұл жердегі ең бастысы «өзіме өзімді дәлелдеуім». Мақсатым – өзімнің бағымды сынап көру еді.

ЖАЯУ ЖҮРУДІҢ ПАЙДАСЫ

- Саяхат кезінде жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасыңыз қандай болды? Олардың мәдениеті мен дәстүрлері туралы не білдіңіз?

- Түрік ағайындармен етене араласып кеттім. Олардың құрмет-қошеметіне бөлендім. Менің жаяу жүргендегі мақсатыма, ниетіме қуанып, сәттілік тіледі. Жолда тегін тамақтандырған түрік ағайындар да болды. Тарихы мен мәдениеті тұрғысынан Самсун қаласы тәнті етті.

Сондай-ақ, ол жақтың жолдарының сапасы мықты екен. Ғаламтор желісі де тамаша жұмыс істейді. Ауылында жүрсең де, қаласында жүрсең де бірдей ұстайды. Сонысына риза болдым. «Жақсыны көрмекке» дейді қазақ. Түрік елінің инфрақұрылымына қарап, біздің елде де осы сала дамыса екен деген ниетте болдым.

Мәдениеті де таңғалдарды. Кей кісілердің тойларына да қатысып үлгердім. Жалпы Түркияның туристік сервисі жақсы дамыған. Асханалары туристерді жақсы күтеді, сыйлайды. Одан кейін гүржі халқының (Грузия) қонақжайлылығына риза болдым.

- Жаяу саяхаттау кезінде қандай жабдықтар мен құралдар қажет болады? Жаяу жүрудің пайдасы неде? Сіз сияқты әлемді жаяу аралауды армандайтын адамдарға қандай кеңестер берер едіңіз?

- Саяхат барысында серігім – сөмкем болды. Онда жолға қажетті киімдер, жабдықтар, заттарым болды. Одан бөлек қосымша заттарды жолда алып отырдым. Шама келгенше күндіз ғана жол жүруге тырыстым.

Жаяу жүрудің пайдасы өте көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын адамдар үшін жаяу жүру үлкен мәселеге айналады деп ешкім ойлаған емес. Ол кезде техника аз еді. Қазірдің өзінде жаяу жүруді әдет ретінде қалыптастырғандар аз. Техниканың түрлі түрін тізгіндеп алғандар көп. Келешекте бұдан да үлкен мәселеге айналатыны анық. Сондықтан көпшілікке жаяу жүруді насихаттағым келеді. Жаяу саяхаттап көріңіздер. Әуелі еліміздің әсем жерлерін аралап қайтыңыздар. Кем дегенде күніне 10 мың қадам жүріп отырсаңыздар, жаяу жүру әдет ретінде қалыптасатыны анық. Денсаулықтарыңыз да жақсаратыны сөзсіз.

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер