Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа әскери шен беріледі

1276
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Париж Олимпиадасында қола медальға ие болған дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа капитан әскери шені беріледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Отан алдындағы ерен еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістігі және кәсібилігі үшін Ғұсманға және оның егіз сыңары, Орталық спорт клубы дзюдодан команданың бөлімше басшысы, аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа Қорғаныс министрінің бұйрығымен капитан әскери шені мерзімінен бұрын беріледі”,  - деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.

Оның айтуынша, егіздерге әскери шенді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсырады.

Айта кетсек, бүгін таңертең дзюдодан Қазақстан құрамасы Парижден оралды. Спортшыларды Алматы гарнизонының әскери қызметшілері қарсы алды. Олардың арасында Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі, аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев та болды.

Еске салайық, Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиадада Ғұсман Қырғызбаев сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичті жеңіп, қола медальға ие болған еді.

Пікірлер