Париж Олимпиадасынан дзюдошылар оралды

1650
Adyrna.kz Telegram
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Бүгін Алматы қаласының әуежайында мыңдаған жанкүйер Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевты қарсы алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Франциядан Алматыға табан тіреген дзюдошыларды әуежайдан жанкүйерлері, туыстары, достары және БАҚ өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Париж төрінде көк байрағымызды көкте желбіретіп, ел абыройын асқақтатып, дзюдо спортынан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған Елдос Сметов, қола медаль иеленген Ғұсман Қырғызбаев сынды саңлақтармен қатар, дзюдодан өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы мен бапкерлер жанкүйерлер алдынан жүріп өтті.

Еске салайық, Елдос Сметов соңғы үш Олимпиада ойындарына қатысып, бәрінен олжалы оралды. 2016 жылы Риода күміс жүлде жеңіп алса, Токио Олимпиадасын қола жүлдемен аяқтады. Осы жолы алтынын мойнына тақты.

Париж Олимпиада ойындарында қола медаль иегері атанған татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қазақстандықтарға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

«Алматы әуежайындағы атмосфера тамаша. Қазақ еліне рахмет. Алтын алам деп барғанмын. Бұйырғаны қола болды. Бар күш -жігерімді салдым. Бірақ қола алдым. Бәрі кереметі болды»,- деді Ғұсман Қырғызбаев.

Айта кетсек, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.

Пікірлер