Алакөл ауданының әл-ауқаты қалай?

1230
Adyrna.kz Telegram

Жаз басталса жан-жақтан ағылып келетін туристер Алакөл ауданына бас сұғып, шипалы көліне түспей кетпей қоймайды. Туристерге бар жағдайды жасауға тырысатын Алакөлдің қазіргі әл-ауқаты қалай? Жақында бір топ журналист Алакөл ауданына барып, елдің тұрмыс-тіршілігін көріп қайтты. Атқарылып жатқан шаруа, қуантатын жаңалық көп.

ПРЕЗИДЕНТ ШЕТ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНА СЫЙЛАҒАН БАЛ

Алакөл ауданының әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан пресс-турда тілшілер қауымы бірнеше нысандармен танысты. БАҚ өкілдері бас бұрған ең алғашқы нысан —  Лепсі ауылындағы бал өндіретін «Лепсіөнімдері» ЖШС. Экологиялық таза бал өндіретін кәсіпорын қазіргі уақытта жылына 300 тоннаға дейін бал өнімін шығарады. Сапасы жоғары өнім республика бойынша бірнеше мәрте «Алтын сапа» тауар белгісін алған бірден бір кәсіпорын.

Жылдар бойы қол жеткізген жетістіктерінің саны аз емес, алайда бал өңдейтін зауыттың басты мақтанышы – Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының шет мемлекет басшыларына беретін сый қорапшасына дәл осы Лепсі балын салып, сыйлыққа тартқаны дейді ұжым қызметкерлері.

«Лепсі өнімдері» бал зауытының маманы Фарида Абузярованың айтуынша, бал зауытының басты жаңалығы - жаңа өнім кремді бал түрін өндіру. Ерекшелігі – таза балды екі тәулік бойы миксермен араластарып, ауамен қанықтыруында. Крем балдың дәмі ерекше балғын. Қазіргі уақытта бал зауытының өнімдері Жапония, Біріккен Араб Әмірлігі, ҚХР, Ресей мемлекеттеріне экспорттайды. 

«Лепсі табиғи балы – экологиялық таза өнім адам денсаулығына пайда әкелетін және иммунитетті нығайтуға көмектесетін таулы шөпті бал. Бұдан бөлек бізде табиғи таза «Лепсі Бьюти» бағытында косметикалық өнім сабын жасалады. Оның сапасы да жоғары. Бет күтіміне өте жақсы таза өнім құрамында бал, саумал, ауылымызда өсетін шөп қосылған. Және одан бөлек өндірісімізде фитошайлар да шығарылады», - дейді Фарида Абузярова.

«АУДАН БОЙЫНША БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ 1633 АДАМ ТҰР»

Алакөл ауданы Екпінді ауылының тұрғындары ағымдағы жылы таза ауыз суға қол жеткізбек. Қазірдің өзінде  ауылда ауыз су тарту жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Аудандық түрғын үй шаруашылығы, жолаушылар бөлімі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Алмас Жұмағұловтың мәлімдеуінше, ауданда бүгінгі күні ауыз сумен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрайды. Одан бөлек жоспарда Тоқжайлау, Лепсі ауылдық округінің ауылдарын ауыз сумен қамту жұмыстары бар. Биылғы жылы Сапақ ауылдық округіне қарасты Бибақан ауылына ауыз су жүйесі тартылып, ел игілігіне берілген. Бұл жүйелі жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын тауып, аудан бойынша сумен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткізілмек.

Сонымен қатар, Қабанбай ауылында жалға берілетін 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үй ауданның әлеуметтік аз қамтылған санаттындағы азаматтарына кезекпен беріледі деп жоспарланған. Баспана кезегінде аудан бойынша 1633 адам тұр. Мердігер компания «Элиф Строй» баспаналар ағымдағы жылдың қазан айында қолданысқа беріледі дейді. 

 «Жалға берілетін үйлердің жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайды, 2 жатын бөлме, бір қонақ бөлме, асхана, жуынатын бөлмелері болады. «Алакөл асыл құрылыс» ЖШС  инженерлік коммуникациялық желілеріне жауапты, яғни баспаналардың аббаттандырылуы, қоршауы, қатты отын сақтайтын қоймаларын жасау сынды жұмыстарын жүргізуде. Әр баспанаға 10 сотка жер телімі тиесілі. Жалпы аудан бойынша осындай 50 баспана салынуда. Олар кезекте азаматтары көп тұрған ауылдар санына қарай бөлінеді, мысалы 10 баспана Бескөл ауылына берілсе, 5-уі Қазақстан ауылында салынбақ», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мақсат Жұлқайнаров.

 Баспаналардың бой көтеріп, халықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруы тұрғындарға қуаныш сыйлауда.

«Мұнда көшіп келгенімізге 20 жылға жуықтап қалды. Баспанаға зар болып жүрген ауылдастарыма арнап бірінші жыл осындай үйлер салынып жатыр. Осындай баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жерлестерімізге үлкен көмек болғалы тұр», – дейді Қабанбай ауылының тұрғыны Мұратбек Нұрғалиұлы.

72 ЖАСТАҒЫ ЗЕЙНЕТКЕР ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРГЕ ҚЫЗЫЛША ЕГІП ЖАЙҚАЛТЫП ОТЫР 

Кезекті нысан – Жанама ауылындағы  «BOLАT GROUP LTD» шаруа қожалығының қант қызылша алқабы. Бүгінде қызылша алқабын суаруда инновациялық әдіс тамшылатып суару технологиясы қолданылуда. Қазіргі уақытта егіс алқабында 40 адам жұмыс істейді.  Биылғы жылы аумағы 275 гектарға тәтті түбір егіп, өнімін күтіп отырған шаруа қожалығы келесі жылға қант қызылшасының алқабын 1000 га дейін ұлғайтуда жоспарлаған. Әр гектардан 100 тонна өнім алуды көздейді.

«Біз биыл қызылшаны уақытымен себе алмай қалдық. Егер уақытымен сепкенде, біз өнімді әр гектардан 100 тонна алар едік. Бірақ біз бір ай 10 күндей кешіккеннің салдарынан әр гектардан 60-70 тоннадай өнім алып қалуымыз тиіс. Сонда 15-17 мың тонна қызылша өткізу жоспарда бар. 

Былтыр тамыздан бастап құжатын реттеп, содан кірісіп, келісім-шарт жасадық. Көп кедергілер болды. Қағаз жүзінде де, кеденде де кедергілер көп болды. Біз үкімет тарапынан бүгінге дейін бір тиын да аламадық. Субсидияға құжаттар өткізіп қойды, енді беретін болар»,- деді қожалық басшысы Болат Сиырбаев.

Алқаптың басы-қасында жүріп, жайылымдық жерге қызылша егуді қолға алған қожалық басшысы - 72 жастағы зейнеткер Болат Сиырбаев. Ол 44 жыл ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, қызылша өсіруді әбден зерттеген. Сонымен қатар, шаруашылыққа 150 миллиондай ақша жұмсаған.

«Мен 44 жыл ауыл шаруашылығы айналыстым. Қазір зейнетке шықтым,  жасым 72-де. Қытайдың технологиясын көріп, көршімізден үйреніп, елімізге кіргізуіміз керек дедім. Алғашында міндетті түрде шығынға кетесің, биыл міне шығындамыз. Дегенмен, алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетеді. 340 гектар жерге суармалы техникамызды орнаттық.  34 шақырым жерге бір жарым метр тереңдік қазып, құбыр салынды. Оның бетін жыртып, дақыл сеуіп, шлангасын салдық. Астындағы труба 25-30 жылдай шірімейді. Сонымен қатар, жұмыс күші үнем. 275 гектар жерді қазір төрт адам қарап жүр. Суды кезегімен жіберіп отырады. Қытайдан келген мамандар.

Мен бұл туралы бұрыннан білемін. Бірақ мүмкіншілік болмады. Биылдың өзінде мүмкіншілік болмас еді. Мен Қытайдың азаматтарына түсіндіріп, сендіріп, жерді көрсетіп, топырағын тексеріп, анализін алдырып, қорықпай кірісіңдер дедім. Бұл мал жайылатын жер болатын. Қазір жайылатын мал да жоқ. 

Енді өнген өнімді Ақсу қант зауытына апармақпыз. Дегенмен, алдағы жылы ауданға бір қант зауыты керек. Біз бұл жерді әлі де дамыта түсеміз. Алдағы апта интернет орнатып, барлығын компьютермен басқарып отырамыз »,- дейді Болат Сиырбаев.

ДОСТЫҚ АУЫЛЫ - ЛОГИСТИКАНЫҢ ОТАНЫ 

Пресс турдың екінші күні Достық бекетіндегі жүк тиеу, сақтау терминалдарының жұмысымен танысудан басталды. «ДостықТрансТерминал» ЖШС көпфункционалды жүк тиеу терминалы тәулігіне 250 контейнер қабылдайды. Мұнда 100 адам қызмет атқарады.

«ДостыкТрансТерминал» өз жұмысын 2021 жылдан бері бастаған. Жұмыстың екі кезеңі жасалды. 25 гектар аумақта контейнерлерді қабылдау, тиеу, қайта жүктеу алаңы жасалған», - дейді терминалдың бас инженері Асхат Сулеев.

Терминал басшылығының айтуынша, мұндай арнайы ауыр жүк көтеретін алаң жалпы Еуразия аумағында кемде кем. Ірі тоннажды контейнерлерді Ричстакер арнайы жүк тиегіш көлігі арқылы контейнерлерді темір жол вагондарына тиеп, аз уақыт аралығында экспорттауға мол мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта «Достық-Мойынты» теміржол желісі салынса, терминал жұмысының ауқымы екі есе артпақ.

Ал «ETT Dostyk» ЖШС көпфункционалды теміржол көлік-логистикалық терминалы – 18 гектар, қызмет аясы кең. Қазіргі уақытта бұл аумақтың 10 гектарға жуығы жүк тиеп алатын алаң мен сақтау орындарына берілген. Терминала 155 адам қызмет етеді. 

«Терминал жұмысының өткен жылдағы ауқымын салыстыра отырып, бізге қойма сыйымдылығын арттыру маңызды екенін түсіндік. Қазіргі уақытта 7,7 гектар аумақта ғана қойма орны қарастырылған. 6 теміржолдан тұратын 75 вагонға арналған терминал станциялық жолдарға шықпай-ақ ұзын базалық пойыздарды қабылдауға және қалыптастыруға мүмкіндік береді.Сонымен қатар терминалда уақытша сақтау орны да бар», - дейді терминал басшысы Сергей Гордиенко.

Терминал басшылығы алдағы уақытта 3500 контейнер қабылдауды жоспарлауда. Бұл жоспар жүзеге асса станса қызметінің өндірістік өрісі кеңеймек. Контейнерлерді тиеп алатын арнайы техника алынып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Тамылжыған табиғатымен тамсандырған Алакөлдің кемшіл тұстары да жоқ емес. Жағасына жан толтырған Алакөл көлінің жағалауында жарық жоқ. Дегенмен, бұл олқылықтың оңалар кезі алыс емес. Бұл туралы Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов айтып берді.  

«Энергия жетіспеу мәселесі бар. Осыдан 5 жыл бұрын 120 пансионат болса, қазір 310 пансионат бар. Барлығында кондиционер орнатылған. Мұның барлығы энергия алады. Сондықтан үлкен жоба дайын тұр. Ол 12 миллиард теңгені құрайды. Энергияны Ақтоғайдан алып келу көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл шешіледі деп үміттенеміз. Бұны облыс әкімі шешеді», дейді Мәулен Төлеужанов.

Сондай-ақ, ол көл жағасындағы қоқыс мәселесіне де тоқталып өтті. Әкім орынбасарының айтуынша, бұл жағаға келген туристердің мәдениетсіздігі. Өз қоқыстарын арнайы орындарға тастауға ерініп, жағаға шашып кетеді екен.

«Көл жағасында мәдениет жетіспейді. Біз тексеріс жасаймыз, бақылаймыз. Тіпті, айыппұл да саламыз. Бірақ арнайы орындарға қоқыстарын тастауға ерінетіндер көп»,- дейді Мәулен Төлеужанов. 

Дана Нұрмұханбет 

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер