Референдумнан соң. “Росатом” басшысының Тоқаевпен кездесуді сұраған құжаты желіге тарады

1186
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумның қорытындысы жарияланғаннан кейін “Росатомның” бас директоры Алексей Лихачев Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаевпен кездесуді сұраған. Бұл туралы Ресей елшілігінің хаты делінген құжаттың көшірмесі желіге тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша референдум өткен болатын. Оның даулы нәтижесі елде атом электр станциясы салынады деген шешіммен аяқталды.

Референдум қорытындысы 8 қазан жарияланғаннан кейін “Росатомның” бас директоры Алексей Лихачев Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев және Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесуді сұраған. Тиісті сауал 11 қазанда дипломатиялық арналар арқылы жіберілген.

Аталған құжат желіде тарады.

Айта кетейік, әдетте мұндай кездесулердің құпиялылығы сақталатын.

Сонымен қатар, 15 қазан Ресей президенті Владимир Путин «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті. Бұл туралы Кремльдің ресми сайтында жарияланды.

Кездесу барысында мемлекеттік корпорацияның ағымдағы қызметі талқыланды. Атап айтқанда, «Росатом» басшысы Путинге компанияның экономикалық көрсеткіштері, шетелдік жобалар мен ғылыми әзірлемелер, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау және елдің көлік егемендігін қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Алексей Лихачевтің айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, корпорация дамудың маңызды параметрлерін сақтай алды – ағымдағы жобаларды нығайтып қана қоймай, сонымен бірге, ең алдымен, ғылыми-техникалық даму тұрғысынан болашаққа елеулі негіз жасай алды.

Пікірлер