Түркі туы астында. Ортақ әліпбиге көшуге не кедергі?

1356
Adyrna.kz Telegram

Түркі елдерінің ортақ әліпбиі Түркі мемлекеттері ұйымының 9 қарашада Бішкекте өткен  басқосуында тағы да назарға ілікті. Түркия өзінің барынша осыған мүдделі екенін білдіргенімен, Орталық Азияның түркі елдерінде салтанат құрған саяси ахуал оған  жуық арада пұрсат бермейтін сияқты. 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 11 саммитінде сөйлеген сөзінде латын графикасына негізделген бірыңғай әліпби қабылдаудың маңыздылығын тағы да атап өтті. Саясаткердің айтуынша, оның елі мен Әзірбайжан мұндай қадамға дайын және бұл бастаманы Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және ТМҰ-ға бақылаушы мәртебесінде кіретін Түрікменстан қолдаса, орынды болар еді. 

Посткеңестік республикалар ғаламдық тілдік реформа қабылдайды ма, оның салдары қандай болуы мүмкін деген сұрақтарға «Фергана» материалында тоқталып өткен.

КОМИССИЯНЫҢ МИССИЯСЫ

Түркі тілдес мемлекеттердің барлығында бірыңғай әліпби енгізу идеясы 1991 жылы, КСРО ыдырағаннан кейін пайда болған. Әрине, реформаның бастамашысы – Түркия. Айта кету керек, бұл идея Түркі кеңесі деген атпен 2009 жылы құрылған ТМҰ пайда болғанға дейін айтылған еді.

1990 жылдары Түркия аймақта маңызды рөл атқарды. Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінде бірлескен лицейлер мен басқа да білім беру мекемелері ашылып, онда түрік тілін тереңдете оқытуға көңіл бөлінді. Шетелдік кәсіпкерлер Ташкентте бұрын-соңды болмаған супермаркеттер мен ірі сауда орталықтарын ашты. Тіпті, Босфор жағалауында түсірілген сериалдар танымалдыққа ие болды.

Бірыңғай әліппе жасау процесі бірнеше жыл бұрын жанданып, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында арнайы комиссия құрылды. Оған аймақтық құрылымға мүше бес елдің әрқайсысынан екі өкіл кірді.

Осы жылдың қыркүйек айында Бакуде Түркі әлемінің бірыңғай әліпбиі жөніндегі комиссиясының үшінші отырысы өтті, онда сарапшылар жоба барлық мүдделі тараптардың келісімімен қабылданғанын мәлімдеді.

«Бұл қажырлы еңбектің нәтижесінде 34 әріптен тұратын бірыңғай түркі әліпбиі бойынша ұсыныс мақұлданды. Ұсынылған әліпбидегі әр әріп түркі тілдерінде кездесетін әртүрлі фонемаларды бейнелейді», - делінген сол кезде ресми баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, бірыңғай әліпби жасау барысында әр халықтың тілдік мұрасын сақтауға баса назар аударылған. Әліпби 34 әріптен тұрады. Әдеттегі латын әріптерінен бөлек, Ň немесе Ŭ сияқты диакритикалық белгілері бар түпнұсқа әріптер де қосылған.

Қазіргі түрік тілінің әліпбиінде 29 әріп бар. Яғни бірігу кезінде оған тағы бес әріп қосылады. Ауқымды реформаны жүзеге асыру үшін Анкара білім беру бағдарламаларын, құжаттамаларды, көрсеткіш белгілерді және тағы басқа элементтерді өзгертуге кететін шығындарды өз мойнына алуға дайын. 1991 жылдан бері латын қарпіне көшкен Әзірбайжан да бұған оңай бейімделе алады. Себебі бұл елдің әліпбиінде қазір 32 әріп бар. Ал Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға келетін болсақ, бұл елдер әлі күнге дейін кириллицаны пайдаланып келеді.

ӘРІ ЕЛДІҢ ӘРПІ БАСҚА

Бір жыл бұрын Ердоған бірыңғай әліпбидің маңыздылығы туралы айта отырып, бұл жоба Түркі мемлекеттері ұйымының қатысушыларына бірлесіп әрекет етіп, сын-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін қажет екенін айтты. Енді Бішкектегі саммитте ол бірыңғай әліпбиді «болашақты бірге құрып жатқанымыздың белгісі» деп атап өтті.

Ең күрделі жағдай Қырғызстанда болуы мүмкін. Біріншіден, елде латын әліпбиіне көшу туралы ой болмаған. Қазіргі уақытта 36 әріптен тұратын орыс әліпбиінің нұсқасын қырғыз тіліне тән дыбыстарды бейнелейтін үш қосымша таңбамен толықтырған әліпби кеңінен қолданылады. 

Екіншіден, мұнда мемлекеттік тілден басқа ресми тіл – орыс тілі де бар. Бұл мәртебе заң жүзінде бекітілген. Әрине, бұл Ресейдің ықпалының айғағы және Кремль мұндай ықпалынан айырылғысы келмейтіні анық. 

Үшіншіден, ел басшылығы жақында ұлттық туды жаңартып, күн сәулелерін «түзеп» және басқа да ұсақ-түйек өзгерістер енгізген еді. Билік символды ауыстыру шығындарының басым бөлігін демеушілер жабатынын мәлімдесе де, мемлекеттік қазынадан шығындалуға тура келді. Ал әліпбиді түбегейлі реформалау мәселесіне бюджет жеткіліксіз болуы мүмкін.

Қазақстан қазір 42 әріптен тұратын кириллица жазуын қолданады. Бұл жүйе 1940 жылдан бері бар. Алайда XXI ғасырда елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге тәуелділікті азайту үшін латын қарпіне көшу туралы шешім қабылдады. 2017 жылы мемлекет басшысы 31 әріптен тұратын жаңа әліпбиді бекітті. Дегенмен, ауқымды реформаның уақыт алатыны бірден айтылып, кезең-кезеңмен көшу 2025 жылға дейін жоспарланды.

Назарбаевтан кейінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде аса сақтық танытып, шенеуніктерді қателіктерге жол бермеу үшін асықпауға шақырды. Осылайша, процесс тағы алты жылға – 2031 жылға дейін шегерілді. Ал енді түрік бастамасы пайда болды. Қазақстан бұл мәселеде асыға қояр ма? Екіталай.

Техникалық тұрғыдан алғанда, бірыңғай түркі әліпбиін қабылдау Өзбекстанға басқаларға қарағанда жеңілірек. Себебі ел латын графикасын әлдеқашан енгізген және қазіргі уақытта жазудың екі нұсқасын қатар қолданады. Республиканың тұңғыш басшысы Ислам Каримов бұл туралы тиісті жарлыққа 1993 жылы қол қойды. Түрік әліпбиі негізге алынған. Бірақ уақыт өте келе билік түріктермен түрлі келіспеушілікке ұрынды. Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар жергілікті күштік құрылымдар мен жоғары биліктен қолдау тапқан өзге тұлғалардың «рейдерлік тартып алуларына» шағымданды.

Бұл жағдай әліпбиге де әсер етіп, олар ағылшын әліпбиіне қарай ығыса бастады. Сөйтіп «ч» және «ш» әріптерін бейнелейтін «ch» және «sh» сияқты әріп тіркестері енгізілді. Жалпы, өзбектің латынша әліпбиі 29 таңбадан тұрады.

Латын қаріпін жиі қолдану туралы жарлықтарға қарамастан, эксперименттер әлі де жалғасып жатқандықтан республикада толық орныққан жоқ. Мәселен, жаңа мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев тұсында ағылшын әріптерінің орнына түрік әліпбиіне тән әріптерді қайтару шешімі қабылданды. Мысалы, «ч» және «ш» дыбыстарын графикалық түрде белгілеу үшін «ç» және «ş» нұсқаларын қайтару ұсынылды.  

Бұл реформа бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 35 жасқа дейінгі жастар латын қаріпін артық көрсе, ал аға буын үйреншікті кириллицадан бас тартқысы келмейді және көбісі жаңа форматта өз ана тіліндегі жазуларды оқи алмайды.  

Қорыта айтқанда, Өзбекстан латын қаріпін бірыңғай түркі әліпбиіне ауыстыруды ең жеңіл түрде жүзеге асыра алатын ел болуы мүмкін. Әсіресе қазіргі кездегідей қос жазу сақталса.  

Орталық Азия бірнеше рет басқа әліпбиге көшкен. 1917 жылғы революцияға дейін, одан кейін большевиктер Кеңес Одағын құрғанға дейін бұл өңірде араб жазуы қолданылған. 1920 жылдардың ортасында барлық түркі тілдері үшін латын қаріпін қолдану туралы шешім қабылданған. Жаңа тәртіпті енгізу 1930 жылдан басталды. Бірақ он жылдан кейін, бірыңғай мемлекетке арналған графиканы біріздендіру мақсатында Орталық Азия елдеріне кириллица жазуы енгізілді.  

Бұл ауысулар салыстырмалы түрде қиын болмаған. Өйткені ол кезде халықтың көпшілігі сауатсыз болғандықтан, олар жаңа әліпбиді нөлден бастап үйренді. Қазіргі жағдай мүлде басқа. Өзбекстанның 30 жылдан астам уақыт бойы латын қаріпіне көшуі, бірақ әлі де кириллицадан бас тарта алмауы реформаның қиындығын көрсетеді.  

ӨМІРДЕ ҚАЛАЙ?

Өмірден алынған мысал ретінде бір танысымның оқиғасын келтірейін. Ол 2007 жылы жұмысы бойынша бүкіл Өзбекстанды екі рет аралаған. Бұл уақытта барлық жер латын қарпіне көшіп үлгерген еді. Себебі, Ислам Каримов шенеуніктерге 2020 жылға дейін елді толық латындандыру міндетін қойған болатын. Ұлты орыс, бірақ ағылшын тілін меңгерген досым бір қызық жайтқа тап болған. Оның жоғары білімі жоқ 33 жастағы ташкенттік жүргізушісі, жол белгілеріндегі жазуларды оқи алмаған, жаңа әріптерді тіпті білмеген. Ол өзбек тілін ана тілі ретінде жетік меңгергенімен, жаңа қаріпті түсінбеген.  

Егер ортақ түркі әліпбиін ендіру ұсынысы республикаларға міндетті болатын болса, бұл аймақтағы көптеген елдер үшін бұл одан әрі абсурдқа айналады. Сонымен қатар, жаңа әліпбиді енгізудің шығындары да арта түседі. Себебі оқулықтарды, мектеп бағдарламаларын, жол белгілерін, паспорттарды және басқа құжаттарды қайта жазу қажет болады.

Тағы бір мәселе – жаңа латын әліпбиінің еңбек мигранттарына әсері. Өйткені мигранттардың негізгі бағыты Ресей екені белгілі. Орталық Азиядан келгендер, әсіресе жастар, орыс тілін білмегендіктен қиындықтарға тап болуда. Ал Мәскеу болса тілдік талаптарды қатаңдатуда. Сондықтан, ұзақ мерзімді перспективада латын әліпбиін енгізу, кириллицада оқып, жаза алмайтын ұрпақтардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Ал олар Ресейде қалай жұмыс істейді? Ресейде бір миллионнан астам Өзбекстан азаматы бар. Бұл ел Орталық Азия өңірінің азаматтарын үлкен көлемде жұмыспен қамтуға қабілетті жалғыз мемлекет болып отыр. 

Бұрын да Орталық Азия аумағында біртұтас әліпби немесе тіл мәселесі талқыланған болатын. 2007 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Гога Хидоятов «Фергана» сайтына берген сұхбатында ортақ түркі тілін құру ұсынысын «пантюркистердің ақымақ идеялары» деп атаған еді.

«Ортақ түркі тілінің болуы мүмкін емес! Мен мұны утопия деп есептеймін. Әзірбайжандықтардың өз Низамиі бар, бізде - Науаи, Шыңжаңның өз авторлары, өз дәстүрлері бар. Оларды қалай біріктіруге болады? Бұл  жалпы славян тілін құрамыз дегенмен бірдей», - деген Хидоятов.

Қарашаның басында Бішкекте өткен ТМҰ саммитінде қол қойылған құжаттар арасында Түркі мемлекеттер ұйымының ортақ түркі тілінің үлгісін әзірлеу туралы өзара түсіністік меморандумы бар. Бірақ ниеттен нақты реформаларға дейін кейде ұзақ уақыт қажет. Әсіресе, егер бұл тіл сияқты аспектілерге қатысты болса. Түркия президенті Ердоғанға өз бастамасын жүзеге асыру үшін әлі де көп ерік-жігер қажет болады.

Мерей Алайдарова 

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер