Бүгін ән әлемінің Ақбаяны, қазақтың күміс көмей әншісі - Мәдина Ералиеваның туған күні.
Талай бойжеткеннің ән әлеміне еніп, әнші болсам деген аяулы армандар ұялата білген ұстаз тірі болса, 70 жасқа толар еді.
Мәдина Есмалайқызы Ералиева 1954 жылы тамыз айының екінші жұлдызында Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Әнші 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген. 1978 — 84 жылы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді.
1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған.
Өкінішке қарай, әнші 2000 жылдың күзінде, яғни 46-дан асқан шағында жол апатынан қаза тапты.