Арман Сқабылұлы - Қазақ тілді баспасөзге салалық журналистер керек

851
Adyrna.kz Telegram

Тоқсаныншы жылдар – тәуелсіздікке енді қол жеткізген еліміз үшін ерекше кезең. Сол жылдарда қазақ телевизиясы да жаңа бетбұрыстар мен өзгерістердің жолына түсті. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, халықты ортақ идея төңірегінде ұйыстыру ісінде көгілдір экран басты рөл атқарды. 

Міне, осы бір қиын да жауапты кезеңде қазақ телевизиясының көшбасында тұрып, оның дамуына сүбелі үлес қосқан тарланбоздардың бірі Арман Сқабылұлы – бүгінде алпыстың асқарына шыққан белгілі журналист, тележүргізуші, продюсер және шығармашылық тұлға.

- Сіз журналистика саласында жарты ғасырға жуық уақыт еңбек етіп келесіз. Осы жылдар ішінде халыққа ең маңызды деп санаған қандай мәселелерді жеткіздіңіз?

- Журналистік ғұмырда әртүрлі тақырыптарды көтердік қой. Соның ішінде ең елеулісі деп Тәуелсіздік ала салған тұста мұнай саласына, мәселелеріне арналған тұңғыш бағдарламаны Хабар арнасында жасағанмын. "Жеті күн" бағдарламасы болды. Сол жерде аста-төкте жер астынан шығып жатқан мұнайдың мәселелері, оған келген шетелдіктер, болашақ ұрпаққа оның қандай пайдасы болуы мүмкін, өзімізге қаншалықты салық түсетінін зерттегенбіз. Жаңадан бәрі басталып жатқан кезең ғой. Сол кезде мұнайға қатысты мәселелер көтерілген. Мысалы, сол кезде Қазақстанның өзінде ұлттық мұнай компаниясы болуы керек деген мәселе көтерілді. Одан кейін қазір дүркіреп тұрған Qazaq Oil компаниясы бар. Мен өз бағдарламамда "сондай ұлттық компанияға Kazakh Oil деген ат қою керек шығар" деп мәселе көтергенмін. Оның бәрі архивте тұр. Кейін 1-2 жылдан соң ұлттық компания құрылды. Атауы да солай болды. Оның бәрі аспаннан алынған нәрсе емес. Сол елге қажетті мәселе болды деп ойлаймын.

Екінші мәселені ешкімге айта бермеймін негізі. Бұл туған жерге деген патриоттық парызым болуы керек. Өздеріңізге белгілі, 1990 жылдардың басында үкіметтің солақай бұйрықтарымен көп аудан, ауылдар жабылып қалды. Соның ішінде менің туған жерім Нарынқол ауданы жабылып, Кеген ауданына қосылды. Шекараның тұсы бос қалған. Халқымыз Алматыға көшуге асықты. Жарық жоқ, кемпір-шалдар ғана қалып қалды. "Жеті күн" бағдарламасын жүргізіп жүргенде түсірілім тобын сол ауылға алып бардық. Ауыл ақсақалдарын сөйлетіп, бір сюжет жасағанымыз бар. Осы тақырыпты мәселе етіп көтергенбіз. Артынша сөгіс алдым, таяқ жедім. "Бұл қалай шықты?" деп ойлады. Бірақ, еңбегіміз далаға кетпеді. Осындай мәселелерді көтергенбіз.

- Арман аға, 60 жылдық ғұмыр белесінде "осы бір еңбегім өмірімнің басты туындысы" деп ерекше атауға тұрарлық дүниеңіз қайсы?

- "Жаным менің" деген сериалды түсіргенмін. Өмірімнің туындысы деп қазір соны айта аламын. Негізінен "Жаным менің" фэйсбукте жазған посттан басталған. Одан кейін ол бөлек шығарма болды. Одан телеарнадан ұсыныс түсті. Ол кезде "Қазақстан" телеарнасын Ерлан Қарин басқарып тұрған кез болатын. Ерекеңе мүмкіндік бергені үшін рақмет. Енді сериалды бірінші курстағы махаббат жайында ғой. Сериал шынымен де 80-жылдары студент болған кісілердің сезімін тебіреткен сияқты. Ол сериалды бәрі жақсы қарсы алды. Одан соң қазіргі жастар әлі күнге дейін сериал туралы сұрақтарын қояды. "Ол қыз қазір қайда екен?" "Қызды таба алдыңыз ба?" деп сұрап жатады. Жалпы журналистика факультетінде жыл сайын абитуриент болып түскен студенттерге де ҚазҰУ-да журфак туралы туынды, 5 жатақхана туралы туынды бар деп айтып жатады екен.

Жүрген жердің бәрінде "Жеті күнді жүргізген соң", "Өкпелемеші" атты кітабыммен танымалмын деп ойлайтынмын. Бірақ, кейінгі кезде байқағанымдай, Арман деген – "Жаным менің" деген сияқты болып кеткен екен. 60 жасқа келіп жатырмыз. ҚазҰУ тағы кездесуге шақырып жатыр. Ол кезде де сериал туралы сұрақтар қойылатын шығар деп ойлаймын.

- Журналистикада кездескен ең күрделі кәсіби қиындық қандай болды? Оны қалай еңсердіңіз?

- Шерхан Мұртаза ағамыздың айтқаны бар ғой, "Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ" дейді. Негізі үлкен ауыртпалық мойнымызда. Оның нәтижесі журналист қалағандай емес. Ол айлық мәселесі, тұрмыстық жағдай, үй болсын. Қалай болса да "журналистер керемет тұрады" деп салыстырып жатады. Олай айтуға болмайды. Біздің еліміздегі шындық осындай. Ал енді менің журналистикадағы оқуды бітіріп, жаңадан жұмысқа кіріскенім. 90-жылдардың басына дөп келді. Ол кезде газет-журналдың бәрі жабылып, телеарнада тоқырау, айлық деген 5-6 айда бір берілетін. Сондай аумалы-төкпелі кезең болды. Көптеген жастар журналистикаға шыдамады, тастап кетті. Қазір де журналистер "үй кезегіне қоймайды" деп ренжіп жатады.

Бүгінгінің қиындығы баяғымен салыстырғанда түк емес. Менің жеке көзқарасым, журналистикада өлермен адамдар ғана қалады. Өз айтқанынан қайтпайтын, мақсатын соңына дейін жеткізетін, аш болсын, жалаңаш болсын, қалай болғанда да журналистиканы тастамаған адамдар қазір жаман өмір сүріп жатқан жоқ.

Бұл мамандықтың қиындығы жетеді, бірақ шыдау керек. Мен өз балам мен немерелерімнің журналистикаға түскенін қаламап едім. Бірақ бір немерем журналистикаға түсті.

- Бүгінде журналистика «тоқырау заманын» бастан өткеріп жатыр деп айта аламыз ба? Тәжірибелі журналист ретінде қандай пікір білдіресіз?

 - Бұл қазір туындап отырған мәселе емес. Осыдан он шақты жыл бұрын көтерілген мәселе. Телеарнада кәсіби журналистер жұмыс істеуі керек деп айтқанбыз. Басшылықтың беретін жауаптары "Рейтинг керек" болды. Бір әнші, биші беті жылтырап шықса, халық соны көреді деп ойлады. Ал халық бүгін беті жылтырағаннан да жалыққан. Бүгін әншінің әйелі, екінші әйелдері де телеарнаға шығып жатыр. Телеарнадан қасиет кетті.

Өткенде бір сұмдық болды. Бауыржан Момышұлының суретінен басын кесіп тастап, орнына әзілкеш Қабатовтың әйелі тұр. Оны 4 жыл журналистикада оқыған, ұстаздан тәлім алған адам болса, бағдарламаны олай ұйымдастырмаушы еді. Өзіміз журналистика этикасы деп айтамыз. Қазір журналист, блогер кім, соны анықтау керек. Себебі бәрі журналист сияқты.

Баспасөз туралы заң қабылданатын кезде мен де айтқанмын. "Масс медиаға бәрін кіргізіңдер де, бәріне талап қойыңдар" деп айттым. Блогер де тіркелсін, сауалына арнайы жауап алып қана жазатын нәрсесін жазсын. Қазір көпшілік "бір деректен, біздің дереккөздің мәліметінше" деп береді. Байғұс журналистерге "аккредитация, сауал жолда, соның жауабымен жаз" деп жатады. Ол дұрыс емес.

Журналистиканың тоқырау заманы өтті деп ойлаймын. Ол негізінен 2010 жылдары басталды. Әсіресе журналистика, телевидениеде түсірілгенді таңертең түсіріп, тек кешке береді. Ал әлеуметтік желіде бірден салады. Сол заманда қиын болды. "Газет те, ТВ да керек емес" деген пікір айтылды. Мен тоқырау деп соны айтар едім. Жабылатын редакция жабылды, газеттер сайтқа айналды. Қазір менің ойымша, бәрі бағытын анықтады. Қазақ тілді контенттің беделі де өте жоғары.

- Қазақ журналистикасының дамуы үшін әлі де қандай тың тақырыптар мен жаңашыл идеяларды қолға алу керек деп ойлайсыз?

- Қазақ тілді баспасөзге салалық журналистер керек. Жаңадан сайттар ашылып жатыр, жасанды интеллект шығып жатыр. Қазір журналистердің бәрі жалпы журналистикада тұрақтап тұр. Салалық журналистиканың алғашқы қарлығаштары Айбар Олжай, Әсия Бақдаулет сынды журналистер бар. Банк саласын, кино саласын шемішкеше шағады. Газет пен сайтта да салалық журналистер істеуі керек. Егер сен өз салаңды өзгеден артық білсең, жазғаның да қысқа, басқадан ерекшеленіп тұрады. Осы мәселені жақсылап көтеру керек, қолға алу қажет.

- Жастар сізді кәсіби журналист қана емес, рухани тұлға ретінде де құрметтейді. Бүгінгі жас журналистерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Журналистикадағы жолымызда бір ғана нәрсені түсіндім: жақсы журналист болу үшін көп оқу керек. Мен салалық журналистика дедім ғой. Сол салада кітапты көп оқу керек. Журналистеріміздің тілдік байлығы онша емес. Біздің кезімізде радио, ТВ саласында істеу үшін газетте жұмыс істеп көрген дұрыс болатын. Себебі газет журналистикаға төсейді. Қазір газет те қалмады деп айтуға болады. Қазақтың тілі өте бай.

Одан кейін аз ғана стильде жазылған материалдан қателіктерді көргенде қарнымыз ашады. Көбірек оқу керек деп айтар едім. Ең бастысы, сөз басында да айттым, журналистика – өте қиын мамандық. Көп оқып, еңбектену керек. Біздің кезімізде Тауман Амандосов ұстазымыз болды. Ол кісі журналистикаға қыздардың түскенін қаламайтын. Қазір бәрі керісінше деп айта аламыз.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет! Төл мерекеңіз құтты болсын!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер