Спорттағы былық. Дирекция басшысы мен өзге қызметкерлердің бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды

1210
Adyrna.kz Telegram

Олимпиада түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының басшысы мен қызметкері бюджет қаражатын жымқырғандары үшін сотталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Астана қаласының прокуратурасына сілтеп. 

Прокуратураның мәліметінше, дирекция басшысы 60 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Одан бөлек, қарамағындағы қызметкерден 4 миллион теңге көлемінде пара алған.

"Спортшыларға арналған спорт залдарын тегін алу мүмкіндігі бола тұра, оларды жалға алу туралы еншілес тұлғалармен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалып, оқу-жаттығу жиындарына бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған.

Сонымен қатар, басшымен бірге бюджет қаражатын ұрлауға көмектескені үшін дирекция қызметкері де сотталды. Мемлекеттік айыптаушы сотқа барлық дәлелдемелерді ұсына отырып, сотталушылардың кінәсіздігі туралы уәждерін жоққа шығарды", - делінген прокуратура таратқан хабарламада.

Олимпиада түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының басшысы 5 жылға, оның қарамағындағылар 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Пікірлер