Зияны тиюі мүмкін. Вице-министр "жаңбыр адамның" әрекетіне қатысты пікір білдірді

1535
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Вице-министр Азат Сұлтанов ел ішінде «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің Аралды жаңбыр суымен суға толтыру жобасы жайлы пікір білдірді.

«Біз заңды бірнеше рет зерттедік. Бізге субсидия сұрақтарымен шетелден де мамандар келген. Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінде 2-3 жыл бұрын сумен проблема болғанын білетін шығарсыз. Сол кезде бұлт шақырып, жаңбыр жауғызайық деген ұсыныс берілді. Бірақ бұл мәселенің бірнеше қыры бар. Бір жағынан экологияның мәселелері де бар. Бұл табиғат қой. Бір жерде жаңбыр жауғанымен, келесі бір жерге зияны тиюі мүмкін. Мына жерде жаңбыр жауғанымен, басқа жерден ылғалы ауып кетуі мүмкін. Оның бәрін зерттеу қажет», - деді ол.

Вице-министр бұл тәсіл әлі жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп отыр.

«Экология министрлігімен бірге жұмыс істедік. Бірақ қазіргі таңда ешқандай ғылыми қорытынды да, нақты тәжірибе де жоқ. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын. Ондай жобаға субсидия беру деген бізде ешқандай заңға жатпайды», - деді Азат Сұлтанов.

Пікірлер