Қазақстан мен Өзбекстан дезинформация мен жалған жаңалықтарға қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтеді

131
Adyrna.kz Telegram

18 желтоқсан, бейсенбі күні Ташкентте Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің өкілдері кездесу өткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылға арналған ақпараттық саладағы өзара іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Құжатқа Өзбекстан Президентінің 8 тамызда Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар аясында қол қойылды. Сол сапарда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық коммуникациялар саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме мен шешім қабылдаған болатын.

Жоспарда медиаконтент алмасуды ұйымдастыру, БАҚ үшін тренингтер мен семинарлар өткізу, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру, жас журналистерді қолдау және дезинформацияға қарсы бірлескен күрес қарастырылған.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлескен медиажобаларды интеграциялаудың маңыздылығын және дезинформация мен жалған жаңалықтарға қарсы күрес механизмдерін әзірлеу қажеттілігін атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасу мақсатында БАҚ өкілдері үшін баспасөз турларын ұйымдастыруға келісті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Президенті Телерадио кешенінің басқарушы директоры Роберт Мурадян Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық пен контент алмасуды нығайтуға бағытталған қазақстандық Silk Way телеарнасының жоспарлары мен перспективалары туралы айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар контент алмасуға дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, 17-19 желтоқсан аралығында Қазақстан делегациясы Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің ақпарат және БАҚ-қа жауапты министрлер мен жоғары лауазымды тұлғаларының VI кеңесіне қатысып жатыр.

Пікірлер