Киберқылмысқа қарсы «Cyberpol» тобы құрылды

4420
Adyrna.kz Telegram

БҚО полиция департаментінде  интернет-алаяқтықпен күрес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №938 бұйрығымен бекітілген «2023-2025 жылдарға арналған кибер қылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Өткен жылы 19 мамырда азаматтардың интернет-алаяқтық фактілері бойынша арыз-шағымдарына жедел түрде ден қою үшін Орал қалалық ПБ жанында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жасайтын «Cyberpol» тобы құрылды. Топ құрамына 4 тергеуші, 3 жедел уәкіл және 1 криминалист енгізілді. Аталмыш топтың атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы БҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Артур Мұсағалиевтен білген едік. 

Артур Ғайсаұлының айтуынша, аталған бөліністің қызметкерлері қаржылық және техникалық жағынан сауаттылықтарын арттыру мақсатында ІІМ жоғарғы оқу орындарынан даярлық курстарынан өткен. «Cyberpol» тобына қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін заманауи ақпараттық-бағдарламалық кешендер алынған. 

–  Интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың банк жүйесіне тікелей қатысы бар екенін ескере отырып, облыс аумағындағы екінші деңгейлі банк басшылығымен кездесу өткізіліп, меморандумға қол қойылды, сондай-ақ байланыс операторлары арасында және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің БҚО бойынша басқармасымен өзара іс-қимыл жасалуда. Азаматтардың уақытын үнемдеу мақсатында «Cyberpol» тобында сенім телефондары іске қосылды (92-19-06, 8-771-249-57-59). Ағымдағы жылдың бес айында 159 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 фактіге немесе 10,2 пайызға төмен. Тіркелген қылмыстардың 43-і, яғни 27,0 пайызы ашылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алаяқтық фактілер кезінде пайдаланылған допперлердің 59 банктік есепшоттары (33 714 166 теңге бұғатталды) және алаяқтар қоңырау шалған 392 ұялы телефон нөмірлері бұғатталды, – дейді Артур Мұсағалиев.

«Cyberpol» тобы құрылғаннан бері бірнеше қылмыстық істер ашылған. Олардың ішінде эпизодтық бірнеше істер бар. Атап айтқанда 2023 жылы қыркүйек айында жұмысқа орналасу сылтауымен алаяқтық жасаған Қызылорда облысының тұрғыны «Т» есімді азаматша ұсталып, оған қатысты 8 эпизодтық қылмыстық іс  өткен жылы сотқа жолданған.  Өткен жылы қазан айында өздерін «банк қызметкеріміз» деп таныстырып алаяқтық жасайтын қылмыскерлердің сыбайласы «Р» есімді Ресей азаматы ұсталып, оған қатысты 8 эпизодтық қылмыстық іс ағымдағы жылы сотқа жолданған (келтірілген шыгын 23 133 500тг.). Сол жылы желтоқсан айында осыған ұқсас қылмыс жасаған Орал қаласының тұрғыны «Т» есімді азамат ұсталып, оған қатысты 5 эпизодтық қылмыстық істі сотқа жолдау жоспарлануда (келтірілген шыгын 8 210 000тг.). 

Ағымдағы жылы пәтерді жалға беру сылтауымен «krisha.kz» қосымшасында жалған жарнама беріп, алаяқтық жасаған Орал қаласы тұрғыны «М» есімді азамат (келтірілген шыгын 170 000тг.) және жұмысқа орналасу сылтауымен алаяқтық жасаған «О» есімді Маңғыстау облысының тумасы (келтірілген шыгын 1 200 000тг.) ұсталған. Оларға қатысты 5 және 3 эпизодты қылмыстық істер таяу уақытта сотқа жолдау жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыс тұрғындарына интернет-алаяқтар тарапынан 211 097 052 тг шығын келтіріліп, оның 28 262 212 теңгесі жәбірленушілерге қайтарылған.

Сонымен қатар  топ қызметкерлері жәбірленушілердің шығындарын Қазақстан Республикасы азаматтық кодексінің 953-бабының (негiзсiз байлықты қайтару мiндетi) негізінде дропперлерден қайтару жұмысын ұйымдастыруда. Есептік кезеңде дропперлерден 15 389 535 теңге сот шешімі арқылы өндірілді.

Жалпы тіркелген 159 интернет-алаяқтық фактілерінің 27-сі зейнеткерлер, 13-і мұғалімдерге, 13-і дәрігерлерге, 14-і басқа мемлекеттік қызметкерлерге, 25 -і жұмыссыздарға және 67-сі жеке кәсіпте жүрген тұлғаларға қатысты жасалған.

 Қазіргі уақытта алаяқтықтың ең көп таралған түрлері бұл банк қызметкері болып таныстыру. Сала маманының айтуынша, бұл бағытта 119 факті тіркелген, танымал қосымшалардан тауарлар сатып алу - 15 факті, инвестиция – 3 факті және тағыда басқа 22 факті тіркеліпті.

Ағымдағы жылы 2 мәрте «AntiFraud» республикалық  және «Stop-интернет алаяқтық» облыстық ЖПІШ өткізіліп, іс-шара барысында 29 қылмыс ашылған.

Интернет-алаяқтық қылмыспен күресудің ең тиімді шараның бірі –  профилактика. Бұл бағытта полиция қызметкерлері тұрақты негізде телеарналар және интернет платформалар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, 20 мыңнан астам интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатындағы парақшалар таратылды және профилактикалық жұмысты нығайту мақсатында «Ciberpolice_zko» парақшасы ашылып, 220-ға жуық ақпарат жарияланды. 

Бес айдың қорытындысы бойынша 61 мыңнан астам тұрғынға профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді, «ЕGOV» сайты арқылы ерікті түрде 21 мыңнан астам тұлғаның шоттары бұғатталды. Сонымен қатар облысымызда мұғалім және дәрігерлерге қатысты алаяқтық фактілердің жиілеп тіркелуіне байланысты барлық 8 мыңнан астам дәрігерге  және 16 мыңнан астам мұғалімге интернет-алаяқтыққа қатысты алдын алу жұмыстары толығымен жүргізілді. 

Ағымдағы жылы интернет-алаяқтық фактілеріне жол бермеу мақсатында аталған сұрақ әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссияда және басқада кеңестерде талқылануда.

Бұған қосымша, Полиция департаментінің жеке құрамы күн сайын интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халық арасында профилактикалық және түсіндіру, атап айтқанда профилактикалық жарнамалар мен аудио-бейнероликтерді сауда үйлерінде, супермаркеттерде және басқа да коғамдық орындарда ілініп, сондай-ақ профилактикалық ақпаратты мессенджерлердегі «үй чаттарында» тарату жұмыстарын жүргізуде. Интернет-алаяқтық жасаудың кең таралған, сондай-ақ жаңа тәсілдерін жария ете отырып, профилактикалық сипаттағы тақырыптық бейнероликтер дайындалуда, аудиторияны қамтуды кеңейту және ақпараттық-профилактикалық жұмысты кеңейту мақсатында бұл жұмысқа облысымыздың танымал блогерлер, актерлер, спортшылар және басқа да танымал тұлғалар, еріктілер тартылуда. 

Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай өз жалғасын табуда. 

 

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА












Пікірлер