Соңғы кездері елімізде қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру оқиғалары жиілеп кетті. Мамандардың бірі мұны мәдениетсіздікпен байланыстырса, енді бірі наразылықтың бір түрі дейді.
Бірлі-жарым адамдар Қазақстанмен ғана шектелмей, шетелде де бұзақылық жасап, жұрт назарын өзіне аудартып жүр.
«ТАС ДӘУІРІНДЕГІ САНА»
Таяуда атыраулық әйелдің Батуми ботаникалық бағындағы әрекеті «вандализм» ретінде аталды. Қазақстандық турист сирек кездесетін бамбук ағашына ғашығы мен өз есімін, қаласының атауын ойып жазып кеткен. Оның бұл әрекетіне бақ әкімшілігі реніш білдіріп, ескерту жасады.
28 маусым күні АҚШ-та вандализм жасаған қазақстандықтар қызу талқыға түсті. Шәкәрім Абдоллаев есімді желі қолданушысы белгісіз біреулердің Атырау және Шымкент қалаларының атауларын Чикаго орталығындағы мүсінге қашап жазғанын хабарлады.
«Біздің санамыз тас дәуірінде қалып қойған. Тасқа қашап ат жазу деген не ақымақтық? Білемін, тарихта қалғың келеді. Бірақ оның басқа да амалдары көп қой. Өзіміздің қазақ деген атқа кір келтірмей, тыныш жүрейік, бауырларым!»— деді ол.
Ал 22 маусымда Италияға барған Қазақстан азаматы сәулет ескерткішіне залал келтіргені үшін ұсталды. Ер адам Помпей археологиялық саябағындағы Цей үйінің қабырғасына «Әли» деп есімін ойып жазып кеткен. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ақпаратты растап, оқиғаға қатысты сот ісі одан әрі әкімшілік тәртіппен жүргізілетінін мәлімдеді. Жерлесіміз келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.
МИЛЛИОНЕР МЕН ШЕНЕУНІККЕ НЕ ЖОРЫҚ?!
21 маусымда Грекияның ақпарат құралдары Қазақстаннан барған туристер Гидра аралында яхтадан отшашу атып, орманның отқа орануына себепкер болғанын жазған еді. Өртке қазақстандық мультимиллионерлер – Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мен Forbes тізіміндегі қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің қатысы бар екені айтылды.Алайда 24 маусым күні Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Кейіннен оқиғаға қатысты жауапкершілікті қазақстандық миллионерлер жалдаған кеменің капитаны өз мойнына алғаны анықталды.
Маңғыстауда Қазақ зағиптар қоғамы қалалық мәдениет үйінің директоры Манас Көшербаев 2023 жылдың тамыз айында Ыбықты-Сай шатқалында жасаған вандалдық әрекетімен танымал болған еді. Ол балға мен бұрағыш көмегімен шатқалға қашап жазу жазып, кейіннен қызметінен айырылып қалған.
Өткен жылы қазақстандықтар Тайландты да шулатты. Сәуір айында жағажайда өзін дөрекі ұстаған турист қамауға алынды. Ол адамдарға шабуыл жасап, қонақ үйлер мен мейрамханаларға басып кірген. Сондай-ақ қолына түскен затты қиратып, көпшіліктің мазасын алған. Кейіннен ер адамның барлық шығынды өтегені белгілі болды.
«ЕЛ АБЫРОЙЫНА НҰҚСАН КЕЛІП ЖАТЫР»
Мәдениеттанушы, режиссер Роза Аманханова шетелде жасалған осындай бұзақылық әрекеттердің ел абыройына нұқсан келтіретінін атап өтті.
- Қазіргі таңда вандализм қоғам дертіне айналды. Мәдени-тарихи ескерткіштерді, қоғамдық орындардағы мүліктерді қасақана жойып, қиратып жүре беретін адамдар жыл өткен сайын көбейіп барады. Бұл фактор ішкі мәдениетіміздің әлі де болсын төмен деңгейде екенін, рухани құндылықтарымыздың әлсірегенін көрсетеді. Соңғы уақытта өз мемлекетіне жасап жүрген мәдениетсіздігін шет елдерге шығып та көрсетіп жүргендер туралы жиі еститін болдық. Сондай сәттерде кірерге тесік таппай қаласың. Себебі ел абыройына нұқсан келіп жатыр. Жалпы әр адамда мәдениет болуы керек. Мәдениет, сана, білім бар жерде барлығы жақсы болады. Еліміздің әр азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы тиіс. Сонда ғана дамыған, өркениетті ел бола аламыз, - деді ол.
«БАСҚАЛАРМЕН КЕЛІСПЕУ» БАСҚАША БОЛМАЙ МА?
Психолог Асылзат Тұрарқызының айтуынша, вандализм адамның девиантты мінез-құлқынан туындайды.
- Вандализмнің әртүрлі себептері бар. Ол кейде жоғары агрессияның нәтижесінде туындаса, кейде адамның өз-өзіне деген наразылығынан болады. Адам айналадағы заттарға зиян келтіру арқылы ішкі күйін, басқалармен келіспей тұрғанын жеткізуі мүмкін. Бұл жағдайға мәдениет пен тәрбиенің төмендігі де себеп болып жатады. Бір өкініштісі, бұзақылық әрекетіне баратындардың көпшілігі өздерін кінәлі санағысы келмейді. Бұл олқылықты қоғам болып жоюымыз тиіс. Вандализмнің алдын алу үшін балаға кішкентай кезінен қоғамдық мүліктің маңызды екенін, оны құрметтеу қажеттігін түсіндіру керек,- деп пікір білдірді маман.
Айта кетейік, жыл басынан бері қоғамдық орында өзгенің мүлкін бүлдірген 5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Тәртіп бұзушылықтың жиілеуіне байланысты шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді вандализмге жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу.
Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы