Кеше, 29 маусым күні Алматыда Германияда қайтыс болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваны жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпарат-қа сілтеп.
Естеріңізде болса, Германияда экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті зорлық-зомбылық іздерімен табылған болатын.
Бұған дейін 40 жастағы Сайлыбаева Астананың Сарыарқа ауданында судья болып қызмет атқарып, кейін Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.
Ағасы Жанат Сайлыбаевтың айтуынша, марқұм 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарған. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Кейін оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды.
Немістің BILD басылымының хабарлауынша, мәйіт полиэтиленді пакетте болған, ал әйел өлім алдында зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Тергеуге Гессен федералды штатынан 35 тергеуші қатысуда.
Отандасымыздың шетелде жоғалып кеткені туралы ағасы Қанат Сайлыбаев хабарлаған еді. Ол қарындасының бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымданғанын жеткізді.