Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 100 жылдық мерейтойы

136
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің болашағы жас ұрпақ дейтін болсақ, сол ұрпақты тәрбиелеп, білім беруде білім мекемелерінің алатын орыны зор. Сондай білім ордасының бірі әрі бірегейі биыл 100 жыл толып отырған Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия.

1924 жылғы 22 қазандағы Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің қаулысы бойынша Қазақтың өлкелік  үлгілі тәжірибе мектебі болып құрылды.

1936 жылы осы мектеп арқылы республикада  толық орта білім берудің негізі қаланды.

Мектептің жұлдызды шағы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның есімімен байланысты. Р.Нұртазинаның бастамасымен бұл мектепте Одақ бойынша орыс тілін оқытудың, үйретудің ғылыми-әдістемелік жүйесі жасалды. 1972 жылы №12 мектеп республика бойынша  алғаш рет ағылшын тілін тереңдетіп оқыта бастады. Соның нәтижесінде республикамызда үш тілді терең білетін кадрлардың өсіп шығуына ықпал етті.

70-ден аса академик, 300-ден аса ғылым докторы, 500-ден астам ғылым кандидаттары және көптеген мәдениет қайраткерлері мектептен түлеп шықты.  Мектеп түлектері Қазақстанның білім, ғылым, өнер саласына зор үлестерін қосып келеді. №12 гимназияның құнарлы құндағынан  алғашқы КСРО халық артисі Күләш Байсейітова, қазақтың алғашқы кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеев, алғашқы кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Кәкімжан Наурызбаев,  КСРО халық артисі, күйші-композиторлар: Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Мансұр Сағатов,  Қазақстанның халық артистері: Қамал Қармысов, Әнуарбек Үмбетбаев, Нариман Қаражігітов, Торғын Тасыбекова, ақын-жазушылар: Уалихан Қалижан,  Смағұл Елубай, Шәрбану Құмарова,  режиссерлер: Сатыбалды Нарымбетов, Рүстем Әбдіраш, Нұрқанат Жақыпбай, мемлекеттік лауазымды тұлғалар Жанар Айтжанова, Қайрат Сарыбай  т.б көптеген еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғалар түлеп шықты.

Қазақстанның алғашқы елшілерінің бірі Әуесхан Қырбасов, мектеп директорлығынан Оқу-ағарту министріне дейін көтерілген тұлғалар Кенжалы Айманов, Балжан Бөлтірікова, Шамша Беркімбаева, Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай, ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан және т.б. қайраткерлер, Қазақстанның ел егемендігін алуына, тәуелсіз мемлекет болуына зор үлес қосты.

2007-2024 оқу жылында №12 мамандандырылған гимназия Алматының үздік он мектебінің қатарынан орын алып келеді. 2015, 2017 және 2020 жылдары гимназия “Үздік мектеп”, “Ең үздік ұйым”, “Ең үздік педагогикалық ұжым” марапаттарына ие болды. 2022-2023 оқу жылдарында “Үздік мамандандырылған гимназия” номинациясын жеңіп алды. Бүгінгі таңда мектепте дарынды балаларды қолдау, дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып, педагогикалық ұжым бала бойындағы қабілеттерді дамытуға ерекше көңіл бөлуде.

№12 мамандандырылған гимназияның жүз жылдық мерейтойы  «Кеше.Бүгін.Ертең» үштағаны арқылы  ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді. Мектептің ғасырлық белестері  еліміздегі орта білім беру саласының қалыптасу жолдарын көрсетіп, педагогика тарихының дамуына үлес қосып келеді. Мерекелік іс-шаралар аясында «Ғасыр мектебі» мектеп тарихы туралы көрме, мәдени-концерттік  бағдарлама өткізіледі.

Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 100 жылдық мерейтойы

2024 жылдың 23 қарашасында Алматы қаласындағы Республика сарайында Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 100 жылдық мерейтойына арналған «Білім айдынындағы Ақ кеме» атты салтанатты кеш өтті. Шара қала әкімі Ерболат Досаев пен Оқу-Ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқыған ресми құттықтаулармен ашылып, білім мен ғылым жолындағы ағартушылардың еңбегі мен гимназияның түлектерінің жетістіктерін паш етті. Кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, мектеп түлегі Толқын Забирова, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі және «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетті. Аталмыш оркестрге дирижерлік еткен Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева. Сахналанған қойылымдарға Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен Жасөспірімдер театрының және Алатау дәстүрлі өнер театрының актерлері атсалысты. Мерейтой ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мектептің түлегі Біржан Хасанғалиевтің орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Концерт режиссері Жұлдызбек Жұманбай болды. Талай тұлғалар мен театр саңлақтары, өнер алпауыттары түлеп ұшқан орданың ғасырлық мерейтойында ұлағатты ұстаздар дән риза болып, ізгі ниеттерімен, ілипаттарын жаудырды. Сондай-ақ жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова да кеш соңында пікірімен бөлісіп, тарих қойнауына үңіліп, өткен ғасырдан сыр шерткен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Пікірлер