Балаларға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды

1544
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі» деген. Бүгінде балалар үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асуда. Оларға қолайлы орта қалыптастыру, сапалы білім беру, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Оның ішінде балалардың жазғы демалыс лагерін ұйымдастырудың маңызы зор.

Ауданымызда оқушылардың жазғы демалысын және бос уақытын ұйымдастыру, сауықтыру мақсатында ағымдағы жылдың 3-28 маусым  аралығында 4 кезеңді қамтыған мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылды. Мектеп жанындағы лагерьлерге жалпы 4222 оқушы қатысты. Оның ішінде мектеп жанындағы интернаты бар 12 мектеп және А.Оразбаева, К.Мендалиев, Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектептерінде 1442 балаға ыстық тамақпен қамтылған мектеп жанындағы лагерь қызмет атқарса, 20 білім ордасында ыстық тамақпен қамтылмаған 2780 оқушыға лагерь ұйымдастырылды.

Мектеп жанындағы лагерьлер жоғарыда атап өткеніміздей балалардың бос уақытын тиімді өткізу, спортқа, шығармашылыққа баулып, рухани және физикалық дамуын қалыптастыру бағытында ұйымдастырылды. Балалардың әр күнін қызықты өткізу мақсатында түрлі тақырыптық челлендждер, танымдық сағаттар, спорттық жарыстар, психологиялық тренингтер, интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, жетекші ұстаздарымыз өздерінің біліктіліктері мен кәсібилігін таныта білді.

Балалардың денсаулығы басты назарымызда. Мектеп жанындағы лагерлер медицина саласының мамандарымен қамтамасыз етілді. Аталған аралықта балалардың денсаулығына қауіп төндіретін оқыс оқиға тіркелмегендігін атап өткеніміз жөн. Әйтсе де, балалардың физикалық дамуын арттыру мақсатында таңғы жаттығулар, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында тақырыптық іс-шаралар оздырылды. Орта буынды медицина қызметкерлері оқушыларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырды.

Оқушылардың танымын кеңейту де біздің назарымыздан тыс қалмады. Бұл бағытта балаларға «Ақпәтер» тарихи-өлкетану музейі, «Көктерек» тарихи-өлкетану музейі, Бөкей Ордасы ауданындағы «Хан Ордасы» музей-қорығына экскурсиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ балалар облыс орталығындағы Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына барып, рухани азық алды. Осы тұста лагерьлерде балалардың кітап оқуға қызығушылығы қалыптасып, оқыған кітаптарын бір-бірімен талқылағандығын да атап өткен жөн.

Балалар еліміздің ертеңі десек, олардың бүгініне назар аударуымыз қажет. Оларға сапалы білім беріп, демалысын тиімді ұйымдастыру басты міндетіміз.

Суйешова Жазира Жангелдіқызы

Казталов аудандық білім беру бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері

Пікірлер