Алматыдағы атыс оқиғасының мән-жайы белгілі болды

198
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

20 желтоқсанда Алматы қаласының Наурызбай ауданында болған атыс оқиғасының мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы almaty_press сайтына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, оқиға Nef Uptown тұрғын үй кешенінде орын алған. Қылмыскер тұрғын үй аумағына электрик ретінде кіріп, пәтерлердің біріне басып кірген. Ішінде болған отбасылық жұпқа оқ атқан. Зардап шеккен ерлі-зайыптылардың жасы шамамен 40-та. Оқиға кезінде балалар үйде болмаған.

Ерлі-зайыптылар ауыр жарақат алған. Әйел адамның кеуде тұсы жарақаттанып, қолы сынған. Ер адам ауыр жағдайда бес сағаттық операциядан кейін ғана есін жиған. Қазіргі уақытта екеуі де ауруханада жатыр.

Тергеу нұсқасы бойынша қылмыстың мақсаты – ұрлық. Қылмыскер полиция келгенше оқиға орнынан қашып үлгерген. Бұл ретте элиталық тұрғын үй кешенінің аумағында бейнебақылау камералары жоқ екені анықталды. Бұған дейін тұрғындар бұл мәселеге байланысты бірнеше рет шағымданған.

Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.

"Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.

Бұған дейін, белгісіз ер адамның Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешеніне баса-көктеп кіріп, екі адамға оқ атқаны туралы жазған едік.

 

Пікірлер