АҚШ пен Израиль Йемен астанасына әуеден соққы жасады

186
Adyrna.kz Telegram
Фото: life.ru
Фото: life.ru

АҚШ пен Израиль авиациясы Йеменнің солтүстігіндегі билеуші «Ансар Алла» (хуситтер) шиіт қозғалысының Сана қаласындағы әскери нысандарына соққы жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Жергілікті билік өкілінің мәліметінше екі соққы қозғалыстың зымыран бригадалары штабы орналасқан Аттан тауына бағытталса, тағы бір соққы Сананың шығыс жағынан көрінетін Нукум тауындағы Эль-Хафа әскери лагеріне жасалған.

Пентагонның Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) әуе соққыларының мақсаты хуситтердің зымыран қоймасы мен операциялық орталығын жою болғанын хабарлады.

CENTCOM мәлімдемесінде операция хуситтердің АҚШ ӘТК әскери және сауда кемелеріне Қызыл теңіз, Баб-эль-Мандеб бұғазы және Аден шығанағында шабуыл жасау әрекеттерін әлсірету үшін жүзеге асырылғаны айтылған. Сонымен қатар, Қызыл теңіз үстінде хуситтердің бірнеше ұшқышсыз ұшақтары жойылып, кемеаралық зымыранға соққы берілді.

Бұл соққылар хуситтердің Тель-Авивке түнгі зымыран шабуылын жасағанын мойындағаннан кейін жасалды. Шабуылдан 14 адам жеңіл жарақат алған.

Израиль мен Йемен арасындағы соққылар Израильдің Газа секторындағы операциясын бастағаннан кейін үдей түсті. Хуситтер ХАМАС тобын қолдайтынын мәлімдеді.

Хуситтер бірнеше рет АҚШ және Ұлыбританиямен байланысы бар кемелерге шабуыл жасады деп айыпталды. Соңғы апталарда екі американдық эсминец шабуылға ұшырағаны расталды.

Пікірлер