Германияда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық әйел өлі күйінде табылды

1288
Adyrna.kz Telegram

Германияда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық әйел өлі күйінде табылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 16 маусымда Германияның Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылғанын хабарлады. Сот сарапшылары сараптама жүргізеді. Полицейлердің ауызша алдын ала мәліметі мен мәйіттің сыртқы белгілері бойынша табылған дене Айгүл Сайлыбаеваға тиесілі.

«Қазіргі уақытта марқұмның туыстары Германияда және оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Германияның құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Бұл іске қатысты басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», - делінген СІМ хабарламасында.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева – бұрын Астана қаласы Сарыарқа ауданының судьясы болып қызмет еткен, сондай-ақ ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

1984 жылы туған Қазақстан азаматы 2019 жылдан бері күйеуі Александрмен бірге Франкфурттен 40 шақырым жердегі Бенсхайм қаласында тұрып жатқан. Туыстары Айгүлдің отбасынан жәбір көріп жүргені жайлы тіс жармағанын, тек достарына ғана баяндағанын айтады. Олар 5 маусымда Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулдығына 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кеткенін айтып арыз түсірген.

Пікірлер