Қазақстан Премьер-министрі атом энергетикасы және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылау үшін «Росатом» корпорациясының бас директорымен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.
Олжас Бектенов пен Алексей Лихачев кездесіп, атом энергетикасы мәселелерін талқылады.
«Олжас Бектенов Атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорация «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді», – делінген үкімет таратқан хабарламада.
Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Алексей Лихачев атом энергетикасы, кванттық технологиялар және цифрландыру сияқты салалардағы серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.
Ерекше назар құзыреттермен алмасуға, кадрлық әлеуетті дамытуға және озық технологияларды зерттеуге аударылды.
Сондай-ақ, ресми мәліметте кездесуде халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларын және жоғары технологиялық салаларды дамыту мақсатында әртүрлі елдердің сарапшыларының өзара іс-қимылын талқылау сөз болғаны айтылған.
Қазақстанда 6 қазанда АЭС құрылысына байланысты референдум өткен. Онда көпшіліктің АЭС құрылысын салуды қолдағаны хабарланған. Әлі ресми айтылмағанымен, АЭС құрылысына қатысатындардың бірі ретінде Ресей аталып жүр.