«Тұңғыш рет құрбандар сүйегіне археологиялық зерттеу жасалды». Жаңалықтағы мұражайда не жаңалық?

2922
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 1997 жыл Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланып, 31 мамыр саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Ал, осындай қасіретті жылдары жазықсыз айып тағылғандарды ақтау жұмыстары 1993 жылдан бері жүргізіліп келеді.  

Cаяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 31 мамырда ғана еске алып қоймау керек деген пікір жиі айтылып жүр. Соған орай Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ашылған мұрайжайдың тыныс-тіршілігінен хабар беретін, музей меңгерушісі Мейіржан Мұсабаевпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Мейіржан мырза, мұражайдың дәл осы жерден ашылу себебін түсіндіріп беріңізші.

- 1937-1938 жылдары  Алматы қаласында атылған құрбандарды жасырын түрде Жаңалық ауылынаәкелген. Олардың ішінде Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, үш бәйтерегіміз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты тұлғалар да болған. Оның барлығы 1989 жылы саяжайлар салыну барысында табылған сүйек қалдықтарынан белгілі болды. Барлық бас сүйектердің шүйдесінде оқтың ізі болғандықтан,бұл жер репрессия құрбандарының көмілген қорымы деп мойындалып, 2002 жылы үлкен ескерткіш тұрғызылды. 2018 жылы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен осы 3 экспозициялық залдан тұратын мұражай ашылды. Бірінші залға 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы аралығындағы тарихи жәдігерлер қойылса, екінші еске алу бөлмесінде Алматы облысы бойынша қуғынға ұшыраған 4125 адамның есімі қашалып жазылған қара тас орнатылған. Ал, үшінші зал «Әділет» тарихи-ағарту ұйымының қызметіне арналған. «Әділет»ұйымы 1989 жылы құрылып, бүгінгі күнге дейін саяси қуғын құрбандарын зерттеумен, алаш қайраткерлерінің шығармаларын насихаттаумен айналысып келеді.

Тағзым үйінің аталған залдарында тұтқындардың қолданған заттары, жеке құжаттары, сонымен қатар, ату жазасына кесілгендердің желкесінен атқан оқтар қойылған. Сондай-ақ, бұл жерден лагерьлерде азаптауға қолданылған құралдардың үлгілерін де көруге болады. Атап айтатын болсақ, кешкі-таңғы тексеру кезінде соғылатын дабыл және жалғыз адамды жазалауға арналған тар бөлме карцер орнатылған.

- Мұражайға келушілер туралы айтып берсеңіз. Жалпы, музейді көпшілікке таныту мақсатында қандай іс-шаралар атқарып жатырсыздар?

Ашылған алғашқы жылдарында мұндай мұражайдың бар екенін көпшілік білмейтін. Жылдан-жылға әр түрлі іс-шаралар және баспасөз беттерінде жариялану арқылы біліп жатыр. Соның арқасында ашылған уақытта 2-3 мың адам келген болса, қазір 10 мыңға жуық келушілерді қабылдаймыз.

Оның ішінде көпшілігі оқушылар мен студенттер. Себебі, мектеп бағдарламасының 9-10 сыныптарындағы Қазақстан тарихындағы оқиғалар туралы ақпраттарды біздің музейден таба алады. Сондықтан, мұғалімдер кітаптан оқығандарын көздерімен көрсін деп, алып келеді.

Одан бөлек тарихқа қызығатын келуші жастардың да қатары артқан.

Сонымен қатар, тек Қазақстаннан емес, шет елден де саяси қуғын-сүргін ұрпақтары келеді. Олар келген кезде зардап шеккен туыстарының құжаттарын, қолданған заттарын әкеліп өткізеді.

Сол арқылы музейдің қоры да толығып, кеңейіп отырады.

Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде әр түрлі тақырыпта халықаралық конференция өткізіледі. Биылғы жылдың тақырыбы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы жарлығына сәйкес құрылған комиссияның құрбандарды толық ақтау бойынша 3 жыл бойы атқарған жұмыстары мен жаңадан табылған деректерге арналады. 2023 жылы алғаш рет саяси қуғын-сүргінқұрбандарының сүйек қаңқаларына арналған археологиялық зерттеу жүргізілді. Бұған дейін арнайы түрде мұндай ерекше қазба жұмыстары жасалмаған болатын.

Бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен, Есік мемлекеттік музей-қорығы арқылы іске асты,  ал жоба авторы тарихғылымдарының докторы Досбол Сүлейменұлы. Бұл жоба археология саласына жаңа сот-медициналық археология деген бағыт енгізді. Бірінші рет жасалынып жатқандықтан біраз қиын болды.

Себебі, археологияда сақ-үйсін заманының қорымдарын іздесе, олардың орындары төмпешік болып білініп тұрады. Сол сияқты ескі қалаларды карталардан қарастырып таба алады. Ал бұл жердеқұрбандардың қайда жерленгені белгісіз, ешқандай құжат жоқ.

Ауылдың түгел аймағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жатқан жері. Сол себептен мамандар алдымен 1 айға жуық барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында өзен жағасындағы 2 жерден сүйек қалдықтары табылып, генетикалық сараптама жасалды. Табылған сүйектер репрессия құрбандарына арналған ескерткіш жанына қайта жерленді.

Бұған дейін 2018 жылы ауыл тұрғынының ауласынан небәрі 2,3 метр тереңдіктен 163 адамның сүйегі табылған болатын. Олардың бесеуі әйел адамға, қалған жартысы славяндық, қалғаны моңғолоидтық нәсілге тиесілі екені анықталды. Бұл дегеніміз ауыл маңына 20-дан астам ұлт өкілдерінің жерленгендігін көрсетеді.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер