Бишімбаев соты. "Этика сақтамай видео тарату хайпқа айналды"

2486
Adyrna.kz Telegram

«Әйелін ұрып өлтірді» деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасын табуда. Сот отырысы алқабилер қатысуымен ашық режимде өтіп жатыр. Онда көрсетілген видео-көріністер кең тарап, қоғамда резонанс туған. Алайда бұл қаншалықты дұрыс, мәселенің заңдық, этикалық, эмоциялық қыры ескерілген бе? Медиа-маман Ғалия Әженовадан осы туралы сұрадық.

Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан сот 27 наурызда басталған. Бұл соттан 1 сәуірден бастап тікелей трансляция жасалып отыр. Оны кейбіреулер реалити-шоуға теңеп, тағы бірі сондағы зорлық көріністеріне қарсы екенін білдіріп, әлеуметтік желіде талқы тудырып жатқандары да бар. Сот барысында Бишімбаевтың әйелін аяусыздықпен ұрып, тепкен кадрлары БАҚ арқылы да, желі арқылы да кең тарауда.

Медиа - маман Ғалия Әженова рейтинг қуалаған блогерлер мен журналистердің бұл тақырыпты хайпқа айналдырғанын жасырмады. Журналистік этиканы сақтау, зорлық көріністерін насихаттамау деген талаптар қалай орындалуда, немесе орындалмауда – осы туралы медиа-маманнан сұрадық.

- Бишімбаевтың соты БАҚ-та талқыланып жатқан ТОП тақырыпқа айналды. Соттан трансляция беріліп отыр. Мұның ар жағында не бар деп ойлайсыз?

- Бұл – бұрын-соңды болмаған, ашық сот. Мұнда бүкіл техникалық, технологиялық мүмкіндіктер пайдалануда. Сот арқылы біздің билік өзінің ашық қоғам, заң мен тәртіпті ұстанатын мемлекет ретінде өз халқының қолдауына қол жеткізу үшін, бүкіл әлемнің алдында өзін әділетті мемлекет етіп көрсетуге тырысады. Оның басты себебін 2022 жылы болған Қанды қаңтар оқиғасынан іздестіруге болады. Ол оқиға – бәріміз үшін үлкен трагедия, ешқашан ұмытылмайды. Ол туралы қоғам әлі де айта береді. Сол себепті бүгінгі сот қоғам алдындағы биліктің ақталуы сияқты көрінеді. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – нақты істеліп жатқан шараларды көрсету әрекеті. Қоғамның өзі, халық үшін сот процесі өте маңызды. Биліктің өзі халыққа осы соттың ашық болуы қажет екенін аңдатып, зорлық- зомбылыққа нүктесін қою үшін осы қадамға барып отыр. Халыққа бұл әрекет ұнап, әрине әділетті жазаны күтіп отыр деп ойлаймын.

 - Сотта көрсетілген кадрлардың БАҚ-та сол күйі тарағаны қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

- Заңдылық кім таратқанына, кімнің ол видеоға қол жеткізгені, туыстарының не басқаның, адвокаттың, прокурордың, әйтеуір қандай да бір тараптан видео сыртқа, далаға шығып кетті. Менің есімде, осындай адамдар қарасын, бірақ бұл таратылмасын деген судьяның тарапынан ескерту болған. Бұл бір ақпарат көзінен ресурспен шығып отыр. Оны кім істеп отырғанын білмейміз. Барлық БАҚ, әсіресе журналистикада жүргендер бұл ақпараттың мыңдап, миллиондап тарап кететінін алдын ала болжау арқылы мұндай қадамға бармауы керек еді.

- Желідегі видео эмоциялық тұрғыда оқырманға қалай әсер етуде?

- Әрбір нәрсені, психикалық, ауыр нәрсені қорыту үшін адам денсаулығы, жүйкесі шамадан тыс мықты болуы керек. Өзіне қатысы жоқ адамдар видеоны бір көріп, күрсініп өте беруі мүмкін. Ал марқұмның  туысқандары,ата-анасы, бауырлары үшін айыпталушыны көрудің өзі өте ауыр соққы. Біріншіден, қызының өлімі оларды есеңгіретіп тастаған. Екіншіден, сот жүйесінде айыпталушының айтқан сөздерін естіп, көріп, олар одан әрмен соққы алып отыр. Ал жарияланған видео материалдарды көру – олар үшін бәрінен қиын жағдай. Олар қатты күйзеліп отыр.

- Журналистердің сол видео кадрларды ашып көрсетуі дұрыс па?

- Бізде қазір журнализм жоқ. Журналистиканың қайда бара жатқанын білмеймін. Қазір қолына телефонды ұстап алып, ешқандай заңға, тәртіпке, ішкі мәдениетке бағынбай, тек хайп пен рейтинг үшін жүрген адамдар көп біздің арамызда. Оған мен таңқалмаймын. Меніңше олар осыны тарату арқылы монетизациямен ақша табады.

- Бишімбаев әйелін «бірнеше рет тептім, ұрдым» деп ақталуда. Желіде де сотта көрсетілген видео көлегейленбей, еркін де ашық түрде тарауда. Мұның балама жолы бар ма еді?

- Видеода зорлық-зомбылық актілері көрсетілген. Сол себепті оны жарияламай, тек 1-2 фотомен материал беруге болар еді. Марқұмның жәбір көргенін ашық көрсетпей, ірі планды қолдану керек еді.

Журналистиканың маңында жүргендерге айтар едім. Адамгершілік дегеннен аттамас үшін этика ережелерін оқып алыңдаршы ең болмаса. Сосын бізде цензураға тыйым салынған. Конституцияда көрсетілген нәрсе, рас. Жалған, бұрмаланған ақпаратты таратуға болмайды.Тек шындықты айту керек, бар нәрсені сөзбен де жеткізуге болады. Қиналып тұрған адамның қайта-қайта қинағаннан көрі фотомен ақпаратты беруге болады

Мына видеоны көргеннен соң айыпталушының қатаң жазамен соттау керек сияқты. Ол адам түзеледі деген пікір қате. Сол себепті менің ойымша, сот процесінің ашық өтуі, сценарий болса да жақсы. Бұл билікке де, халыққа да қажет. Өйткені қараша халық әділетсіздіктен, тәртіпсіздіктен, заңсыздықтан шаршаған. Қазір экономикалық, қаржылық  жағдайымыз қиын. Су тасқыны, мәселелер бір-бірінің үстіне үйіліп-төгіліп жатқанда бұл процесс ашықтықтың айғағы болып отыр.

- Ғаламторда тек кәмелет жасына жеткен, 18 жастан асқан адамдар ғана отырмайды ғой. Зорлық-зомбылық бейнелерін кішкентай балалар да қарап жатыр. Бұған не дейсіз? Олардың психикасын бұзбаймыз ба?

- Бұл балаларға да, ересектерге де әсер ететіні белгілі. Ата-ана баланың не бақылап отырғанын білуі, қадағалауы тиіс.

- Ал алқабилер туралы не ойлайсыз?

- Бірінші көзқарас, бұл сот - билік пен қоғамға пайдалы. Екіншіден айыпталушының көздеп отырғаны алқабидің шешімі. Бірақ күдік тудырары – алқабилердің білімі мен тәжірибесі. Себебі олар әртүрлі адамдар, көбіне санасы, білімі, өмірде көргені, жалпы жағдаятқа кең көзбен жан-жақты қарап, толық анализдеу қабілеті бар ма, жоқ па дөп басып айта алмаймын. Дегенмен сол таңдалған алқабилерге және судьяға үміт пен сенім артудан басқа амалымыз жоқ.
Судья өзінің миссиясын ұғынып, заңнама мен істегі нақты фактілерге, куәға жүгіне отырып, қолмен ұсталған, көзбен көрген дүниеге сеніп, әділ шешім шығарса дейміз.
Әрине, эмоцияға жол берілмейді деп сенеміз.
Айыпталушы нақ жазасын мойынымен көтеруге тиіс.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер