Америкада тұратын қазақ журналисі Сәкен Қайырбергенұлы сұхбатында АҚШ президенті сайлауының ерекшеліктері, сайлау науқанына кешірек қосылған Камала Харристің жеңілісі, даукес саясаткер Доналд Трамптың жеңісі және сайлаушылардың көңіл-күйі жайлы әңгімелейді.
2024 жылы өткен АҚШ президенттік сайлауы саясат сахнасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл сайлауда республикалық кандидат, бұрынғы президент Дональд Трамп жеңіске жетті. Ол демократиялық кандидат, қазіргі вице-президент Камала Харристі бірнеше шешуші штаттарда, соның ішінде Пенсильвания, Джорджия және Мичиганда, аз ғана айырмашылықпен жеңіп шықты.
Сайлау науқаны кезінде Трамп экономикалық қиындықтарға тап болған өңірлердегі сайлаушыларға жүгінді және әлеуметтік желілердегі танымал тұлғалардың қолдауын алды. Оның науқаны экономикалық өсуге, миграциялық шектеулерге және әлеуметтік-мәдени құндылықтарды қорғауға бағытталған уәделерге негізделді. Сонымен қатар, Трамптың кампаниясы нативистік риториканы қолдап, экономикалық мәселелерді басты назарға алып, аз ұлт өкілдеріне де назар аударды. Сайлау нәтижелері бойынша Республикалық партия Сенатта көпшілік орынға ие болды, бұл алдағы жылдары Трамп әкімшілігіне заңнамалық қолдауды қамтамасыз етуі мүмкін.
Америкада тұратын қазақ журналисі Сәкен Қайырбергенұлынан сайлаудың қыр-сыры және жеңіс пен жеңілістің себебі туралы сұхбат алдық.
ДАУЫСТЫҢ ҚҰНЫ НЕМЕН ӨЛШЕНЕДІ?
- Сайлауда Трамптың бәсекелесінен басым түсуіне қандай факторлар себеп болды деп ойлайсыз?
- Америкадағы сайлауда “доллар мүддесі” жеңді деуге болады. Өйткені, сайлаушылар өзінің қайғысыз, қамсыз өмірін бәрінен жоғары қоятынын (демократ кандидат әйелдердің репродуктивті құқығы, қару ұстану құқығын шектеу, медицина, тағы басқа ішкі маңызды мәселелерді көтергеніне қарамастан) аңғартты.
Қатардағы сайлаушыны инфляция қаупі, азық-түлік пен жанар-жағармай құны бірінші кезекте алаңдатады.
Доналд Трамп өзінің сайлауалды науқанында Байден-Харрис кабинетін соңғы жылдардағы инфляция үшін тікелей айыптап (оған, шын мәнінде, пандемияның теріс әсері де болды), “Біз енді бәрін реттейміз! Баға бұрынғы қалпына келеді!” сынды ашықтан-ашық, негіздемесі түсініксіз уәдені үйіп төкті. Сол себепті, бірінші кезек өз әлеуетін ойлайтын жұртшылық, ертеңгі тоқ күні үшін, құнды доллар үшін таңдау жасады деуге болады.
Әлеуметтік, экономикалық факторлардан бөлек, қоғамды ерекше алаңдатқан мәселенің бірі - иммигранттар тақырыбы. Расында, Құрама Штаттардың оңтүстік шекарасындағы ахуал күрделі. Шекараны қатаң күзету жүйесінде олқылық бар секілді. Орталық Америка былай тұрсын, Африкадан, Таяу Шығыс елдерінен, Азиядан, тіпті Орталық Азиядан да ағылып келіп жатқан, заңсыз мигранттар легі әлгі, қамсыз өмірін күйттегісі келетін азаматтың қатерін күшейтетін факторлардың бірі. Демократтардың иммигранттарға қатысты уәжі (олар – жұмыс күші, олар да салық төлеушілер сынды) көпшіліктің көңілден шықпағаны сөзсіз. Және, АҚШ-тың сыртқы саясаты , яғни сол бағыттағы сәтсіздіктері, электораттың күдігін күшейте түскендей.
Менің жеке пікірім – Байден әкімшілігін Америка сайлаушыларының алдында дискредитациялауға Ресей барынша күш салды. Украинаға қарсы соғыс – соған мысал. Әрине, ол бөлек тақырып. Дегенмен, АҚШ 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Украинаның қорғанысы үшін, әрі материалдық көмек ретінде кей дерекке сүйенсек, 65 миллиард долларға жуық қаржы бөлген. Америкалық салық төлеушіні осындай қыруар қаржының сыртқа кетуі алаңдатады. Дегенмен, Құрама Штаттардың Украина бойынша ұстанымын дұрыс санайтын азаматтар да аз емес. Камалла Харрис өз кампаниясында пікірін ашық айтты. Ол «Украинаны қолдауды тоқтатпаймыз» деген. Бірақ, Трамптың өз жоспары бар секілді. Сайлау нәтижесіне қарасақ, электорат сол жоспарды дұрыс санап отыр.
САЙЛАУШЫЛАР СЕНІМІ
- АҚШ сайлауындағы дауыс беру жүйесі қалай жұмыс істеді?
- Құрама Штаттардың дауыс беру жүйесіне жергілікті сайлаушылар тарапынан сенімсіздікті байқамадым. Соңғы екі президент сайлауынан аңғарғаным, тек Доналд Трамп пен командасы ғана дауыс беру органдарының жұмысына шағымданатын секілді. Кешегі сайлауда да, республикашыл кандидат Филаделфияның округтерінде заңсыздық бар деп мәлімдеді. Бірақ ізінше жергілікті сайлау ұйымдары оны жоққа шығарды.
Өзімді таңырқатқаны – ертерек, пошта арқылы дауыс беру мүмкіндігінің берілетіні. 5 қарашаға дейін-ақ сайлаушылар бюллетень алдыртып, толтырылған құжатты кәдімгі пошта арқылы жөнелтті. Мәселе, үйде жатып дауыс беру артықшылығында емес. Ұлттық пошта қызметіне, сайлау органдарына деген сенімде.
ҚҰБЫЛМАЛЫ ШТАТТАР
- Сайлау нәтижесіне басты әсер ететін қандай штаттар болды?
- “Swing states” деген сайлау термині бар. Құбылмалы штаттар десек, түсінікті болатын шығар. Ол штаттарды бейтарап деп те атайды, яғни демократтардың да, республикашылдардың да ықпалына көнбейді. Бірақ нақ сайлау күнгі қарапайым сайлаушылардың белсенділігіне сүйенген таңдаушылар алқасының даусы ғана кандидаттар тағдырын шешеді. Бұл штаттарда нәтижені алдын ала болжау мүмкін емес. Сайлаушылардың пікірі бір күнде, бір телерепортаждан не қысқа хабардан соң, күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Құбылмалы штаттар атайтыны содан.
Жергілікті медиа биылғы сайлауда Аризона, Джорджия, Мичиган, Пенсилвания және Висконсин штаттарын сол болжанбайтын (болжауға көнбейтін) штаттар деп атады. Осы аталған аймақтарда Трамп пен Харрис арасында расымен күрес болды, дауыс саны жағынан Трамп сәл асып түсті. Ал құбылмалы штаттардың басым бөлігінде таңдаушылар алқасы бар дауысты толықтай жеңген тарапқа береді екен.
Айта кетейін, кандидат жеңімпаз атану үшін жалпыұлттық деңгейде таңдаушылар алқасы үлестіретін жалпы 538 электоралды дауыстың кем дегенде 270-ін алуға тиіс.
«УКРАИНАҒА ОБАЛ ЖАСАМАСА...»
- 2024 сайлауының қорытындысы елдің ішкі және сыртқы саясатына қалай әсер етуі мүмкін?
- Әр штат әртүрлі. Америкалықтар – өз штатына, қауымына (community) берік жандар. Кей қызыл штаттардың (республикашыл) қандай сайлау болмасын, қызарған күйде қалатыны, көк түсті таңдаған (Калифорния сынды демократияшыл) штаттардың өз таңдауын еш өзгертпейтіні содан. Сондықтан, аймақтардағы бір сарынды өмір өзгере қоймас. Әр штаттың өз заңы, заң шығару органдары, өз соты бар. Меніңше, қауымдастықтар өз құндылықтарына сай өмірді жалғастыра береді.
Ал федерералдық күші бар заңдарды қабылдауда жаңа сайланған президент қандай батыл қадамға барады не қандай тәуекелге бел буады, айту қиын. Айтпақшы, қайта сайланған сенатта да , алдын-ала қорытынды бойынша, қызылдардың орны басым, яғни республикалық партия президенттің ұсыныстарын кедергісіз қабылдайды деген сөз. Доналд Трамп бір сөзінде “Сайланған соң бар ісім маған қарсы кампания жүргізгендермен болсын!” деген. Ол қызбалықпен, абайсыз айтылған сөз бе, кім білсін…
Бірақ, жаңа президенттің риторикасын түпкілікті қолдамайтын ірі медиа ұйымдар бар. Журналист ретінде, мені медиа қауымдастықтың ендігі жұмысы қызықтырады. Сыртқы саясаты бойынша пікір білдіруге, сырт бақылаушы ретінде, құзырым жоқ. Бірақ, осы сайлаудан кейін бір ғана ой тыным бермейді. Трамп Украинаға обал жасамаса болар еді…
КІМ КІМДІ ЕМДЕЙДІ?
- Штаттардың 45 президенті болған Трамптың 47 президент болып сайлануына орай халықтың көңіл-күйінен не байқадыңыз, сол жайлы айтып берсеңіз.
- Кешегі өкініш пен күйікке толы (бірқатар сайлаушылар үшін) сайлау түнінен соң таңертең екі америкалықтың әңгімесіне куә болдым. “Қайырлы таң!” деген әріптесінің сәлеміне, ұнжырғасы түсіп, жұмысқа көңілсіз, әрең басып келе жатқан егде жастағы әйел “ Осы таң қайырлы деп ойлайсың ба?” – деп жауап берді. Ізінше екеуінің құшақтасып, бірге қайғырып тұрғанын көрдім. Мен үшін осыдан артық түсініктеме қажет емес.
Бір ұстаз “Осы жасыма дейін республикалық партияға дауыс бердім. Әлі де сол ұйымның құндылықтарын дұрыс санаймын. Бірақ, бұл жолы даусымды демократ кандидатқа беремін” деген…
Саяси сенімі ақталмаған америкалықтарға дәл қазір эмоциялық қолдау қажет. Демеуге зәру. Бүкіл сайлаушының 47,5 пайызы (Камала Харриске дауыс бергендер үлесі) осы сайлауда үлкен қателік болды деп санайды. Алайда, демократиялық сайлау тәртібі солай. Жеңіс - басым дауыс алған тарапта. Кешегі жеңіс салтанатында жаңа сайланған президенттің “Енді елді емдейміз!” дегені, меніңше, орынсыз айтылған сөз болды…
- Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы