Ақаев, Асад, Путин және Янукович. «Биліктен қуылған президенттер клубы»

698
Adyrna.kz Telegram

Сирияда биліктен қуылған режимнің басшысы Башар Асад пен оның отбасы Ресей президенті Владимир Путиннің тікелей нұсқауыменРесейден саяси баспана алды. Оның елден кеткеніне де екі аптадай болды. Бұдан кім, не ұтты? Ресейдің діттегені не? Сарапшылар пайымдауы.

Сириядағы мемлекеттік төңкерістен кейін Мәскеуді паналаған Башар Асад әулеті бұған дейін Кремль «қамқор» болған диктаторлар қатарын молайта түсті. Ресей осы арқылы «биліктен қуылған президенттердің клубына» айналып келеді. Башар Асадқа дейін орыс жерінде Украинаның бұрынғы басшысы Виктор Янукович және Қырғызстанның тұңғыш президенті болған Асқар Ақаев тұрып жатқан. Мәскеу кезінде Ирак президенті болған Саддам Хусейнге де белгілі саясатккер, Саддаммен жеке байланыс қалыптастырған Евгений Примаковты бірнеше рет жұмсап, «қамқор» болуға тырысқан. Сирияны жарты ғасырдан аса билеген Асад әулетінің дәурені аяқталған кезде өз мамандығы офтальмолог, көз дәрігері Башар Асадтың да Мәскеуден ас ішіп отырған жайы бар. Ол соның алдында ғана Путин Астанада болып ҰҚШҰ саммитіне қатысқан кезде Мәскеуге барып, Қазақстаннан барған Путинмен бір кездесіп кеткен. Оның биліктен кетуінен кім ұтады? «Америка дауысы» осы орайда сарапшыларды сөйлеткен.  

КЕТЕР ПРЕЗИДЕНТ ПЕН КЕЛЕР ПРЕЗТИДЕНТ НЕ ДЕЙДІ?

Бұған дейін БАҚ хабарлағандай, оппозицияның біріккен жасақтарының шабуылы өршіп кеткеннен кейін, Асад қараша айының соңында Мәскеуде болып, Ресейден әскери көмек сұрауға тырысқан. Ол Путинмен кездескен болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда, Кремль бұл туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.  

Бұл уақытта АҚШ-тағы қызметтен кетіп жатқан Байден әкімшілігі мен жаңа сайланған президент Дональд Трамп Сириядағы соңғы оқиғаларға байланысты Таяу Шығыстағы жаңа мүмкіндіктер мен қауіптерді талдап жатты.

АҚШ президенті Джо Байден Башар Асад басқарған Сирия үкіметінің күтпеген жерден құлауын «онжылдықтар бойы жүргізілген репрессиялардан кейінгі әділеттің негізі актісі» деп атады. Сонымен бірге, ол бұл оқиғаны Таяу Шығыс үшін «қауіп-қатер мен бұлғақ кезеңі» деп сипаттады.  

Байден бұл мәлімдемесін Ақ үйде, көтерілісшілер тобы Сирия астанасын басып алғаннан бірнеше сағат өткен соң жасады. Бұл оқиғалар он жылдан астам уақытқа созылған қанды азаматтық соғыстан және Асад пен оның отбасының ондаған жылдар бойғы билігінен кейін өріс алып отыр.  

Президент Байден АҚШ пен оның одақтастарының әрекеттерін атап өтіп, бұл қадамдардың Сирияның одақтастары — Ресей, Иран және «Хезболланың» позицияларын әлсіреткенін айтты. Ол олардың алғаш рет Асад режимін қорғауда дәрменсіз болғанын баса айтты.  

- Біздің ұстанымымыз Таяу Шығыстағы күштердің тепе-теңдігін өзгертті, - деді Байден Ақ үйде ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілерімен өткен кездесуден кейін.

Сайланған президент Дональд Трамп Башар Асадтың, отбасы бірнеше ондаған жылдар бойы билік еткен елін тастап кетуін, оның жақын одақтасы Ресей президенті Владимир Путиннің «оны қорғауға мүдделі еместігімен» түсіндірген.

ДИКТАТОРЛАРДЫҢ «КОРПОРАТИВТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ»

Әлеуметтанушы және публицист Игорь Эйдман Владимир Путиннің Башар Асадқа баспана беру шешімі прагматикалық мотивтермен қатардиктаторлар арасындағы «корпоративтік ынтымақтастық» сезімімен байланысты деп есептейді. Оның пікірінше, Путин осылайша қиын жағдайда «өз адамдарын тастамайтынын» әдейі көрсетіп отыр.

- Ресей президенті Мәскеудің барлық жоспарын бұзып, сәтсіздікке ұшырап, биліктен кеткендеріне қарамастан, оларға қолдау көрсетеді. Мысалы, Виктор Януковичті еске алайық. Януковичті Ресей БАҚ-тары қатты сынға алды. Ал Путиннің өзі оның Украинадан қашып кетуіне қатты наразы болды. Кремль Януковичтің Беларусьтегі Лукашенко сияқты оппозицияны аяусыз басуы керек деп санағанға ұқсайды. Соған қарамастан, оны Мәскеу паналатып отыр - деді ол «Америка дауысы» радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында.

Башар Асадқа қатысты жағдайда да осыны айтуға болады деп санайды Игорь Эйдман.

- Сирия диктаторының отбасы Мәскеумен, кеңестік кезеңді қоса алғанда шамамен 50 жыл бойы әріптестік қарым-қатынаста болды. Сондықтан Путин Асадты тағдыр тәлкегіне тастамады. Сонымен қатар, Кремль оны қандай да бір мақсатта пайдалану мүмкіндігінен үмітін әлі де үзбеген шығар. Қазір Мәскеу үшін негізгі интрига Сириядағы Тартус пен Хмеймимдегі Ресей әскери базаларының төңірегінде өрбіп жатыр. Хмеймим Латакия провинциясында орналасқан. Ол жерде Асад отбасына бұрын күшті ықпал еткен. Әрине, базалар мәселесін жаңа билік шешетін болады. Бірақ, дегенмен...  Дегенмен, бұл жерде ең алдымен Мәскеудің азғантай одақтастарының бірін сақтап қалуға деген ынтасы басым. Бұл КСРО дәстүрінде және Мәскеудің басқа қолдаушылары кенеттен бөгде жаққа кетіп қалмауы үшін қажет. Олар Кремльдің қиын сәтте көмекке келетініне сенімді болуы керек. Бұл Никарагуадан Даниэль Ортега, Венесуэланың диктаторы Николас Мадуро және басқалар сияқты тұлғаларға қатысты. Әрине, жақында Мәскеудегі Биліктен қуылғанпрезиденттер клубы” жаңа мүшелермен толығады. Идеал жағдайда, әрине, солардың қатарына Путиннің өзі де кірсе жақсы болар еді, бірақ бәрінің өз уақыты бар, - деп түйіндеді Игорь Эйдман.

«КРЕМЛЬ САЯСАТЫ СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАДЫ»

Болжам бойынша, қашқын диктатор алдын ала шегіну жолдарын дайындап қойған сияқты. Зерттеушілер Андрей Солдатов пен Ирина Бороган 2022 жылдың көктемінде Путин Башар Асадтың режимі құлаған жағдайда оған баспана беретініне ешкімнің күмәні болмағанын жазды. Олар өздерінің Мәскеуде 2019 жылы журналистердің Сирия президенті отбасының мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін 19 пәтерді анықтағанын атап өтті.

- Ресей өзін АҚШ, Франция немесе Ұлыбритания сияқты «суперпауэр» - қуатты күш орталығы ретінде көріп, биліктен қуылған президенттерге баспана беретін «супердержава» рөлін ойнап отыр - деді Прагадағы Карл университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің оқытушысы Дмитрий Дубровский «Америка дауысына» берген пікірінде.

- Путиннің бір ерекшелігі ол жеке келісімдерден басқа кез келген келісімді елемеуі мүмкін. Менің ойымша, оның Асад алдында да, басқа да қашқын басшылар алдында жеке міндеттемелері бар. Мысалы, кезінде Бішкектен қашқан Асқар Ақаев, Киевтен қуылған Виктор Янукович және басқалар Мәскеуден орын тапты. Сондықтан бұл жағдайда Путин өз логикасына сай әрекет етіп отыр деп ойлаймын - деп түсіндірді ол «Америка дауысына».

Дмитрий Дубровский бұл көптеген елдерде қалыптасқан тәжірибе екенін атап өтті.

- Мысалы, Францияда бұрынғы француз колонияларынан келген даулы тұлғалар пана тапқан. Меніңше, Путин де осындай оймен әрекет етеді. Иә, ол жеке келісімдерді қатаң сақтайды. Бұдан бөлек, бұл супердержавалар басшылары үшін қалыпты тәжірибе. Онымен Ресей басшысы өзін жиі салыстырады. Сондықтан ол осылай әрекет етеді – дейді Дубровский.

Ресейдің Сириядағы ықпалынан айырылуы айтарлықтай маңызды жағдай. Бірақ бұдан Кремль үшін жаһандық теріс салдар болады деп түйіндеу ерте.

- Америка Ауғанстаннан әскерін шығарған кезде, ешкім “АҚШ-тың күйреуі басталды” деп мәлімдеген жоқ. Иә, Сирияда Кремль саясатысәтсіздікке ұшырады. Бірақ бұл билікті қарудың күшімен ұстап тұрудың мүмкін еместігін көрсетті. Наполеон айтқандай, қарудың күшімен бәрін жасауға болады. Бірақ оның үстінде отыру мүмкін емес. Негізі, Асад бұл пікірге ұзақ уақыт қайшы келетінін дәлелдегендей болды. Дегенмен, бұл шексіз жалғаса алмайтын еді, - деп санайды саясаттанушы

Ресейдің Сириядағы әскери әрекеттерінің мәні мен сол жерде болған шығындардың ақталуы мәселесіне келер болсақ, қазіргі Кремльдегі басқа да мәселелер аясында бұл сұрақ риторикалық сипатқа ие деп есептейді Дмитрий Дубровский.

BBC-дің бағалауы бойынша, 2015 жылдан бастап Сирияда кем дегенде 543 ресейлік әскери қызметші, арнайы қызмет өкілдері және «Вагнер» компаниясының жалдамалылары қаза тапқан. Басылым бұл есептерді тек ашық дереккөздер негізінде жүргізген. Сондықтан бұл шығындар туралы мәліметтер толық деп айтуға болмайды.

«ЖЕҢГЕН – ТҮРКИЯ, ЖЕҢІЛГЕН – ИРАН МЕН РЕСЕЙ»

Вашингтондағы Таяу Шығыс институтының жетекші сарапшысы Фатемех Аман «Америка дауысының» орыс қызметіне берген сұхбатында Асадты құлатқаннан кейінгі жағдайға қатысты аймақтағы анық жеңімпаздар мен жеңілгендер туралы айтты.

- Бұл жағдайдан жеңімпаз ретінде Түркия көрінеді. Израиль де мұндай сценарийді алдын ала болжағанын мәлімдеген еді. Олар «Хезболланы»әлсірету арқылы осындай оқиғалардың өрбуін көздеді. Ал негізгі жеңілген тарап – Иран Ислам Республикасы. Бұл оқиғалар Иранды мүлде күтпеген жерден ұстады. Олар мұндай жағдайдың соншалықты тез және қысқа мерзімде болатынын ойлаған жоқ, - дейді ол.

Фатемех Аманның айтуынша, тағы бір жеңілген тарап – Ресей.

- Қазір Ресейдің сенімділігі күмән тудырып отыр. Болған жағдай Мәскеудің әскери күшіне қатты сенгендер үшін ащы сабақ болды. Сириядағы жағдайдан кейін Иран өзінің ұстанымдарын қайта қарауға мәжбүр болады. Олар ұзақ уақыт бойы Ресейдің күші кез келген елді АҚШ немесе Израильден қорғай алады деп ойлады. Енді, меніңше, бұл Иран үшін үлкен қайта ойланатын мәселе болады, - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, Сирияда билікке келуі мүмкін күштердің болжауға келмейтін сипаты қазір бүкіл аймақты алаңдатады.

- Бертінге дейін оларды «Әл-Қаиданың» бір түрі ретінде қарастырған еді. Қазір олар бұрынғыға қарағанда өркениеттірек мінез-құлық көрсетіп жатқанымен, бүкіл аймақ әлі де шок күйінде. Таяу Шығыс елдері Сирияның ішкі жағдайы қалай өрбитінін үлкен алаңдаушылықпен күтетін болады - дейді ол.

Фатемех Аманның қорытындылауынша, бұл жағдай Сирияға көршілес елдердегі, әсіресе Ирандағы саяси процестерге әсер етеді.

- Башар Асад елден қашып кетті, себебі ол Ливиядағы Каддафи тағдырын қайталаудан қорықты. Енді билікті басып алған күштер қандай үкімет құратынын мұқият бақылауымыз керек. Олардың инклюзивті демократиялық билік қалыптастыратынын елестету қиын. Барлығы тез бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Сонда, мысалы, Иранда ирандық режимнің әрекеттерін қолдамайтын, бірақ оның кез келген бағамен құлауынан қорқатындардың алаңдаушылығы расталуы мүмкін. Олар Сирияның мысалында Ливиядағыдай режимді нақты ауыстыру азаматтық соғысқа алып келуі мүмкін екенін көретін болады. Егер, керісінше, Сирияда өркениетті үкімет құрылса, бұл ирандықтарды да өзгерістерге шабыттандыруы мүмкін. Халықаралық қауымдастықтың қазіргі уақытта Сирияның де-факто билігімен байланыс каналдарын сақтауы өте маңызды. БҰҰ мен Сирияның көршілес елдері болашақта сириялықтарға қатысты ең нашар жағдайдың алдын алу үшін белсенді болуы керек, -деп атап өтті Фатемех Аман.

Пікірлер