Еуразиялық банк такси қызметін іске қоса ма?

4877
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Еуразиялық банк» Басқарма басшылары БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында банктің 2022 жылғы көрсеткіштері, жетістіктері мен алдағы жоспары сөз болды. Аталған басқосуға adyrna.kz тілшісі де қатысып, халық көкейіндегі сұрақтарды қойды.

2022 жыл әлемдік экономика үшін тұрақсыз әрі тәуекелге толы болғаны сөзсіз. Геосаяси шиеленіс пен санкциялық шектеулер банк жүйесіне де айтарлықтай әсер етті. Еуразиялық банк осындай қиын кезеңді, сын-қатерлерді айналып өтіп, жаңа мүмкіндіктердің есігін ашқан. Бір ғана мысал, банк нарықтағы үлесін 3,8 пайыздан 5,3 пайызға ұлғайтыпты. Капитал рентабельдігін 41 пайызға арттырған.

Одан өзге екінші, үшінші мысалдарды тізбектей беруге де болады. Цифрландыру бойынша, тауарлық несие беруде шешім шығару 4 секунд уақыт ішінде жүзеге асады. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында банк активтері 2,3 триллион теңгеден асқан. Moody's Investors Service халықаралық рейтинг агенттігі Еуразиялық банктің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингісінің  B2  болжамын «тұрақтыдан» «позитивті» деңгейге өзгертіпті.

Еуразиялық банк автонесие беруде еш банкке дес бермей келеді. Нарықтағы үлесі – 48 пайыз. Тілшіміз басқарма басшысынан «Автонесие беруден алда келесіздер, нарықта такси қызметіне сұраныс өте жоғары. Еуразиялық банк өз авто-такси қызметін іске қосуға қауқарлы ма?» деп сұрады.

«Бізде нақты осы бағытқа арналған жоспар жоқ. Бұл саланы терең зерттеу қажет. Егер, тиімді болса неге жасамасқа», – деді Еуразиялық банктің Басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.

Хош, сонымен аталған банк халық үшін қаншалықты тиімді? Өзгелерден қалай ерекшеленеді? Тілшіміз осы сауалға да жауап алды.

«Еуразиялық банк өзгелерден қалай ерекшеленеді дегенде несие беру шарттарының жан-жақтылығын айтуға болады. Бізде несиені мақұлдау көрсеткіші жоғары», – дейді Басқарма төрағасы.

Одан өзге Еуразиялық банк POS-несиелеу бойынша нарықтың 17 пайызын иеленіп, үшінші орында тұр. Осы жылы Өзбекстан нарығына кіріп, еншілес банк ашу жоспарлануда. Тұтынушыларға қолайлы банк болу үшін аянып қалмаймыз дейді басқарма мүшелері.

ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 2020 жылғы 3 ақпандағы № 1.2.68/242/40 лицензиясы бар.

Пікірлер