«Көршің соқыр болса, көзіңді қыс». Рублмен жүріп жатқан басым сауда теңгені тітіркендіреді

3772
Adyrna.kz Telegram

2024 жылы 13 маусымнан бастап, АҚШ қаржы министрлігі Мәскеу биржасын санкцияның жаңа тізіміне енгізіп, доллар мен еуро саудасының тоқтатқанын мәлімдеді. Ал Ресей Орталық банкі АҚШ долларына байланған Гонконг долларымен сауда-саттықты тоқтатып тастады. Мәскеу биржасына салынған санкциядан теңге зардап шеге ме? Бұл туралы «Адырнаға» Sana Analytics орталығының экономист сарапшысы Қуанышбек Дүйсенов айтып берді.

Белгілі бір деңгейде мұнай бағасы теңгенің бағасының өзгерісіне тікелей әсер ететіндігін тек пандемия, яғни 2019-2022 жылдардың аралығы көрсетті. Қалған уақыттарды жоғары корреляция жоқ. Дегенмен, ескеру керек жайт, валюталық интервенцияларға қаражатты қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық қор қаражаттары осы мұнайдан түсетін табыс есебінен жинақталады. Одан тыс мұнай экспортынан түсетін кіріс елдің бюджетіне және валюталық резервтеріне айтарлықтай үлес қосады. Мұнай бағасы жоғары болғанда, теңге бағамы нығайып, ал мұнай бағасы төмендегенде, теңге құнсыздануы мүмкіндігі өте жоғары. Ал, жоғары корреляциясы төмен аралықтарды қарастырғанда ол кезеңде қаншалықты Ұлттық қордан валюталық интервенция болғанын бақылап көру керек. Егер әлемдік мұнай бағасы түскен кезеңде Қазақстанда валюталық интервенция жоғары болса, онда мұнай бағамымен ұлттық валютаны арасындағы тікелей байланысты көруге болады”-, деді экономист. 

Теңге бағамының құнсыздануына мұнай бағасының түсуінен бөлек, бірнеше факторлар бар. 

Еліміздің ұлттық валютасының құнсыздануының әдетте бірнеше себебі бар. Біріншісі, ол айтып өткеніміздей мұнай бағасының төмендеуі, екіншісі, сыртқы сауда байланысының тапшылығы, үшіншісі, инфляцияның жоғары деңгейі. Алайда, соңғы болған ағымдағы теңге құнының түсуінің себебі ретінде Ұлттық банктің монетарлы саясатының жұмсаруы, азаматтардың, яғни нарық мүшелері мен отандық инвесторлардың шет елдік валютаны көбірек сатып алуынан болуы мүмкін. Одан тыс, басқа мамандардың пікіріне жүгінсек, бұл Ұлттық қордың шет елдік валютаны конвертациялау көлемінің азаюы деп есептейді. Дегенмен, Ұлттық банктің төрағасы бұл құнсыздануды қалыпты құбылыс деген. Себебі, елдің экономикалық өсімі мен осы арадағы Ұлттық қордан болған конвертация теңгені күшейтті. Енді, ол конвертация мөлшері шегерілген соң, белгілі бір деңгейде қазіргі 460 теңге айналасындағы бағам орташа нарықтық деп аталуы орынды. Қысқасы, Ұлттық банк теңге құлдыраса, қаражаты доллармен жинақталып, сақталатын Ұлттық қордан ақшаны алады. Ол доллар болады, сосын ол долларға теңгені сатып алады. Яғни, конвертациялайды. Нәтижесінде, теңгеге сұраныс артады. Сөйтіп, теңге айналымда азайған соң, оның құны өседі. Бұл жалпы ұлттық валютаға сенім мен тұрақтылық үшін ушыққан жағдайда қабылданатын шешім. Бірақ, бұл шешімге біздің кейбір сарапшылардың сынмен қарау себебі, біріншіден, ақша Қазақстан болашағына деп құрылған Ұлттық қор есебінен алынады. Екіншіден, ол тек 2008 немесе 2020 жылғы пандемия секілді ушыққан кездерде қабылданса жөн. Ал, басқа уақыттарда елдің экономикасының дамуына назар аудару керек. Әлбетте, әлеуметтік тұрақтылық үшін жасалынып жатқан соң, бұл шешімді де түсінуге болады”-, дейді Қуанышбек Дүйсенов. 

ШЕТ ЕЛ ӨНІМІНЕ ТӘУЕЛДІМІЗ”

“Теңге бағамының ауытқуы Қазақстанның экспорттық-импорттық операцияларына да әсер етеді. Біріншіден, экспортты қарастырсақ, теңге бағамы төмендесе, экспорттық тауарлардың бағасы шетел валютасында арзандайды, бұл экспортты ынталандыруы мүмкін. Яғни, отандық өнімдеріміздің бағасы, оның ішінде өзіндік құны арзандаса бұл экспортқа бағытталған өнімдерді шет елге сатуға көбірек мүмкіндік туындату мүмкін. Бізде бұл қызметте теңге бағамына әсері бар деп негізінен шикізаттар мен мұнай-газ саласын айтсақ болады», - дейді ол.

Екіншіден, импортты қарастырсақ, теңге бағамы төмендесе, импорттық тауарлардың бағасы қымбаттайды, бұл импорт көлемін азайтуы мүмкін. Біздегі теңге бағамының өсуі, импорт көлемін арттырды. ЕАЭС елдерінен, яғни Ресей және Беларусь елдерінен келетін импорттық өнімдер нарығымызда күннен күнге орын жаулап жатыр. Қытайдан келетін тауарларды да осы қатарға қосуға болады. Шет ел өніміне тәуелдіміз, сондықтан, бұл еріксіз ұлттық валютаның бағамының ауытқуына арқау болып жатыр», - деді экономист маман.

Қуанышбек Дүйсенов Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға әсері жайында мынаны айтты.

Бұл санкциялар салынған соң ресейліктердің Қазақстанға доллар үшін ағылып келе жатыр деген сыбысы пайда болуда. Шын мәнінде мұндай үдеріс байқалмайды. Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы да бұл ағынды  болдырмау үшін бақылауда ұстап отырмыз деп отыр. Сыбыстың шындыққа айналуын ағымдағы уақытта мүмкін деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл биржада санкция салдарынан елеулі өзгерістер болса мүмкіндік бар. Жақында Ресей Қытай юанін де биржадағы негізгі валютаның бірі ретінде мойындауы, әрі бұл елдің соңғы уақытта Қытаймен тығыз экономикалық байланысын ескере отыра, қауесеттер болжағандай үлкен бір ағын болмауы да мүмкін. Себебі, балама валюта бар. Әлбетте, бұл жағдай уақыт пен экономикалық агенттердің мінез-құлқы қалай өзгеретіндігі туралы нақты пікір айтуға негіз бола алмайды. Дегенмен, Қазақстан мен Ресей арасында тығыз экономикалық байланыстың, әсіресе сауда-саттықтың болуы теңгенің рубльге тәуелділігіне әкеледі. Қазақстандағы Ресейден келетін, сатып алынатын тауарлардың құны бірінші ретте Ресей рубліне тәуелді. Ал, ол отандық нарықта теңгемен сатылған соң, теңгенің де бағамына әсер етеді”, деп түсіндірді Қуанышбек Дүйсенов.

 

Дана Нұрмұханбет 

“Адырна” ұлттық порталы




Пікірлер