Теңге неге тәлтіректеді? Ресейдегі санкцияның Қазақстандағы әсері

4240
Adyrna.kz Telegram

Бірнеше күн бұрын АҚШ қаржы министрлігі Мәскеу биржасын санкцияның жаңа тізіміне енгізген болатын. 13 маусымнан бастап доллар мен еуро саудасының тоқтатқанын мәлімдеді. Ал Ресей Орталық банкі АҚШ долларына байланған Гонконг долларымен сауда-саттықты тоқтатып тастады.

Мәскеу биржасына салынған санкцияның салдарынан ресейліктер доллар пен еуро іздеп Қазақстанға ағылады деген де пікірлер айтылып қалады. Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді? Теңге бағамының құлдырауына не әсер етуі мүмкін? Бұл туралы белгілі экономист сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтан сұрап білдік. 

— Сапарбай мырза, алдымен валюта бағамының өзгеруі туралы сөз қозғасақ. Валюта бағамына қандай факторлар ықпал етеді?

— Макроэкономикалыққ көрсеткіштер бойынша төлем балансы деген құжат бар. Бұл импорт пен экспорттың байланысына қатысты. Егер елде экспорт көбейсе, ол елдің валютасы күшейеді. Импорт көбейсе, валюта құнсызданады. Сондықтан Қазақстанда экспорт – 80 млрд, ал импорт 50 млрд долларға жуық. Бізде экспорт көп. Бірақ басқа төлемдеріміз де көп болғаннан кейін  төлем балансы оң емес, кей уақытта теріс те болады. Осы мәселе кез келген мемлекеттің ұлттық валюта бағамына әсер етеді. Ал Қазақстанда теңге бағамы бұдан басқа мұнайдың бағасы, басқа металлдардың бағасы және көрші Ресей мен Қытайдың валюта бағамына да тәуелді. Әрине, басқа да әсерлер көп, тіпті, жай ғана сыбыстың өзі валюта бағамына әсер етеді. 

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙМЕН САУДАДА РУБЛЬДІ ҚОЛДАНАДЫ

Теңге бағамы рубльге неге тәуелді?

— Өте күрделі сұрақ. Теңге бағамының Ресей рубіліне тәуелді болу себебі, Ресей мен Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өте тығыз баланыстағы әріптес. Ресей – Қазақстанмен өте үлкен сауда байланысындағы мемлекет. Екі ел арасындағы өзара сауда 26 млрд долларға жетеді. Жалпы экспорт пен импортымыз 80-120 млрд болса, соның 20-30 пайызы Ресеймен жасалған саудадан түсіп отыр. Сондықтан Ресей рублінің долларға шаққандағы және юаньға шаққандағы бағамы бізге өте тез әсер етеді. 

Қазақстанның металл, көмір сынды дайын өнімдері Ресейге экпортталады. Ал Ресей оның ақысын рубльмен төлейді. Қазақстан да Ресейден ағаш, газ, басқа да машина өнімдерін, қондырғыларын сатып алған кезде рубльмен есеп айырысады. 

Сондықтан біз интеграциялық процестерде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресеймен бірге. Ресей рублінің жағдайы жақсы болса, теңгенің де жағдайы жақсы болады.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ДОЛЛАР ІЗДЕП КЕЛУГЕ СЕБЕП ЖОҚ»

Мәскеу биржасына салынған санкциядан кейін ресейліктер Қазақстанға доллар мен еуро үшін ағылуы мүмкін деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас? Мұның Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін?

 — Доллар мен еуро Ресейде жеткілікті. Себебі, санкция тек үлкен банктерге салынған. Ал, орта және кіші банктер биржадан тыс, банкаралық саудада доллар мен еуроны еркін сатады. 

Ресейде таяуда Қытай валютасы юаньның жаңа бағамы жарияланады. 1 юань 11,5 рубльге тең.

Алдында ғана 1 юань 12 рубль еді. Биржаға санкциядан кейін юань біраз арзандаған. Сондықтан, Қазақстанға доллар іздеп келуге себеп жоқ. Ресей биржада юань арқылы жұмыс жасайды. Бұл бізге жақсы емес. 

Өйткені, біз биржада доллар бағамын анықтаймыз, олар юаньмен анықтап, кейін кросс курс арқылы доллар бағамын анықтайды. Айырмашылығы бізге тиімді болмауы мүмкін.

Қазақстанның Ұлттық банкі теңге бағамын реттеуде қандай рөл атқарады?

— Теңге бағамына Ұлттық банктің үлкен әсері бар. Қаржылық реттеуші ретінде бұл банк барлығын реттейді. Ең бірінші, валюталық реттеу заңнамасы бар. Сонда негізгі 4 реттеу жолы бар. Оның біріншісі - қайта қаржыландыру мөлшерлемесі (базовая ставка), бүгінгі күнде - 14,5 пайыз. Яғни, жоғары пайызды қойған кезде инфляция төмендейді де, халық теңгедегі қаржысын банкке жоғары пайызға қоюға әрекет жасайды. Оған долларды сатып алмайды. Қайта қаржыландыру доллармен болғанда 2 пайыздан аспайды. Сондықтан халық теңгені депозитте ұстағысы келеді. Осыны Ұлттық банк реттеп отырады. 

Екіншісі, ашық нарықтағы операциялар.  Ұлттық банк “нота” деген облигация шығарып, банктерге сатады. Банктер артық ақшаны өзінің қорына жиып алады. Сөйтіп біздің экономикада теңге мен доллардың аз, не көп болуын да Ұлттық банк реттейді. 

Үшінші, резервтік мөлшерлеме. Ол банктердің әрқайсысының қанша резервтік мөлшерлеме қоюына байланысты. Банктар әдетте Ұлттық банктің есепшотында өздерінің қаржыларының 6 пайызын, кейде 10 пайызын ұстауға мәжбүрлейді. Сонда ғана оларға лицензия беріледі. Екінші әдіс пен үшінші әдіс банктердің теңгелік массасын азайту үшін жасалады. 

Төртінші, валюталық шектеулер. Мәселен, ұлттық банк пандемия кезінде, Қаңтар оқиғасынан кейін шетелге 10 мың доллардан артық ақша алып шығуға тыйым салды. Кейбір елдерде 2000 доллардан артық алып шығуға тыйым қойылады. Бізде осындай сәл либералдық заңнамалар бар. 

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ ӘСЕРІ

Мұнайдың әлемдік бағасы теңге бағамына қалай әсер етеді?

— Мәселен, 80 млн тонна мұнай өндірсек, соның 60-62 млн тоннасын экспорттасақ, соның бағасы қаншалықты көп болса, біздегі валюта түсімі көп болады. Ал валюта түсімі көп болғаннан кейін оны шетелдік компанияларға мәжбүрлеп, Қазақстан қор биржасында долларды сата алады. Көбірек валюта сатылса, ол теңгенің нығаюына әсер етеді. Валюта көбірек болса, теңге азырақ болады. Мұнай бағасы – теңге бағамына әсер ететін факторлардың бірі. 

ОПЕК және ОПЕК+ деген үлкен әлемдік синдикат бар. Бұл Сауд Арабиясы, Венесуэла, Иран сынды мұнай өндіруші мемлекеттердің қауымдастығы. Олар осы мұнай бағасының төменге түсіп кетпеуі үшін, не тым көтеріліп кетпеуі үшін жиналып отырады. Ал  ОПЕК+ ұйымында Қазақстан, Әзербайжан, Норвегия сынды мұнай өндіруші мемлекеттер де қосылған. Сөйтіп, ол әр жылы шешім шығарады. Қанша мұнай өндіру керек, қаншасын азайту керек болса, қай елдерді қанша квотамен азайту қажет? Осындай сұрақтарға жауап табады. 

Мәселен, Қазақстан соңғы 4-5 жылда өзінің өндіретін мұнайын осы ОПЕК-пен келісімге келіп, керегінде көбейтіп, кей кезде азайтып та тұрады. 

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ КӨП ЕКЕНІН БІЛДІРЕДІ»

Теңге бағамын тұрақтандыру үшін қандай шараларды қолдануға болады?

— Ол үшін экономиканы дамытуымыз керек. Тек қана шикізатты емес, қайта өңдеу өнеркәсібін дамытып, соның экспортын көбейтуіміз қажет. Қазақстанның мүмкіндіктері мол. Энергетика саласында мұнай, газ, электр энергиясын экспорттаймыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінде бидай, ұн, ет, өсімдік майы және тағы басқа өнімдерді экспорттаймыз. Металлургия, химия саласында да экспорттайтын өнімдеріміз өте көп. Сонымен қатар, дайын өнімдерді де экспорттау мәселесін қолға алуымыз керек. Тамақ өнеркәсібі, туризм, транспорт, логистикадан да өте  үлкен валюталық түсімдер түседі. Мәселен, Қытайдың Еуропаға өтетін тауарлары, Орталық Азияның – Ресейге,  Ресейдің - Орталық Азияға, Иранға өтетін тауарлары біз арқылы өтсе, олар бізге валюта төлейді. Осы салаларды дамытсақ, валюталық түсімдеріміз көбейіп, теңге бағамы арта түспек .

Теңге бағамы тұрақсыз болған жағдайда инвесторлар қандай стратегияны таңдауы керек?

— Теңге бағамы тұрақсыз болған кезде инвесторлар не істерін білмейді. Сондықтан тұрақты болуға әрекет жасау керек. Ал инвесторлар шетелден келген кезде немесе өзіміздің кәсіпкерлерге 2003 жылғы инвестициялық заң бойынша, өте көп жеңілдік бар. 

Мәселен, бір зауыт немесе шахта құратын болса, ол жер салығынан азат етіледі. Шетелден келетін қондырғыларына қосымша құн салығы, кеден төлемдерін төлемейді. Кейбір кезде дивидендтеріне салық салынбайды. Пайда салығын да төмендетеміз, сөйтіп инвесторларды ынталандырамыз. Бірақ кейбір кезде біздің теңгеміздің ауытқуы болуы мүмкін екенін айтамыз. 

Ең негізгісі - теңгенің ауытқуынан да көбірек маңыздысы -  біздің сот жүйеміздің әлі бірқалыпты болмауы. Астана экономикалық қаржы аймағын құрғанбыз. Сол жерде Англияның сот жүйесі қолданылады. Бұл да шетелдік инвесторларды Қазақастанға тартудың амалы. Яғни,өз еліміздің сот жүйесіне сенбестен, өз елордамызда Англияның сот жүйесіне жүгінеміз. Бұл біздің елде жемқорлықтың көп екенін білдіреді. Сондықтан теңгенің бағамы инвесторлардың шешіміне де әсер етеді.  

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МҰНАЙ 80 ДОЛЛАР ДЕП ЕСЕПТЕЛГЕН 

—  Алдағы жылға теңге бағамына қатысты қандай сараптамалық болжамдар бар?

— Жоғарыда айтып өткенімдей, теңге бағамы экспорт пен импортқа, мұнай бағасына және рубль мен юаньға тәуелді. Бүгінгі күндегі Ресейдегі санкциялардың кесірі – өте күрделі мәселе. Соңғы аптадағы Мәскеу қор биржасының санкцияға түсуінен доллар мен еуроның саудасы тоқталғаннан кейін теңге құнсыздана бастады. Біздің болжам бойынша, бюджетімізде мұнайдың әр бөшкесінің бағасы 80 доллардан есептелген және одан жоғары болатын болса, бізге пайда түседі. Яғни, мұнайдың бағасы тұрақты болады. Себебі, әлемдегі геосаяси курстар мұнайдың және алтынның бағасының жоғарылауына алып келеді. Сондықтан алда теңге бағамы тұрақты болады деп ойлаймыз. Бегенмен біраз инфляция деңгейінде құнсызданып тұрғаны да дұрыс.  1 доллар 460-480 теңгеге дейін барса болады. Бірақ одан асып кетпеуі керек. Мұны да Ұлттық банк реттеп отырады.

Сонымен қатар, Ұлттық қордан бюджетке ақша өткізу үшін теңгемен трансферт жасайды. Ал оны өте үлкен көлемде, жылына 10 млрд долларға жақын Қазақстан қор биржасында сатады. Сол кезде теңгенің тұрақты болуын болжауға мүмкіндік береді. 

Ең соңғы шара - бұл ұлттық банктің алтын валюта резерві. Біз оны қазір 34 млрд доллар дейміз. Бұл біздің бір жылдық импортымызға жақын. Егер кездейсоқ жағдай болса, біз осы Ұлттық банктің алтын валюта қорын қолданамыз. Сөйтіп, теңге бағамын тұрақты ұстап тұруымызға болады. 

САНКЦИЯЛАРДАН ПАЙДА КӨРУГЕ ДЕ БОЛАДЫ”

Халықаралық санкциялар мен саяси оқиғалар теңге бағамына қалай әсер етуі мүмкін?

— Иран мен Ресейге салынатын санкциялардың біздің экономикамызға теріс әсерлері бар. Мәселен, Иранға қойылған санкция кесірінен біздің тауарларды Парсы шығанағына, Үнді мұхитына шығара алмай отырмыз. Ал Ресейге қойылған санкциялардан кейін біздің тауарларымыз Ресей территориясы арқылы экспортталмайды.  Ресеймен арадағы байланыс біздің кәсіпорындармен қалыпты жұмыс істеуіне әсер етеді. Ресейдің экономикасындағы қиындықтар біздің экономикамыздағы қиындықтарға алып келеді. 

Алайда кей сәтте санкциялардың да бізге тиімді тұстары бар. Мәселен, транспорттық логистикалық жағы. Бұрын Қытайдың тауарлары тікелей Ресейдің Транссібір темір жол желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын болса, қазір Ресей мен Беларуссияның теміржолдары жабық, Иран оңтүстіктен жабық. Сондықтан Қытай мен Еуропа орталық жол, яғни Жібек жолы, транкаспийлік транспорттық маршрут арқылы Қытайдан – Қазақстанға, Қазақстанда Ақтауға, одан Құрыққа, кейін Бакуге, әрмен қарай бірнеше елден өтіп, Еуропаға жол тартады. Ал Еуропаның тауарлары Түркия, Кавказ арқылы, Каспий теңізі, Қазақстан арқылы Қытайға шығып жатыр. Өзіміздің тауарлар да тиісінше осы жолмен жүреді. Сондықтан біз осы логистика жағынан пайда көріп, транспорттық валюталық түсімдерді көбейтіп, Ресейдің санкциялары арқылы жоғалтқан валюталық түсімдерімізді орнына келтіруімізге болады. Әрине, санкция болмасын. Дегенмен, өте мұқият болуымыз қажет.

— Cұхбаттасқаныңызға рахмет! 

 

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер